Президент пәрмені

ТЕХНИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРЕМІЗ

«Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жеткін­шек­терге кәсіби-техникалық және жоғары білім берудің маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауымыз керектігін тілге тиек ете келе, осының өзі халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп беретінін ескертті.

Болашақ бағдарлама­шы­­ларға сапалы бі­лім беру үшін біздің поли­техникалық колледж­де барлық жағдайлар жа­салған. Интерактивті құ­рылғылармен жаб­дық­талған 55 дәріс бөлмесі бар. 40 шақ­ты дәріс бөлмесі компьютерлермен толықтырылған. Бар­лық мамандықтарда «Қол­данбалы информатика», «Автоматтандырылған жүйенің ақпаратпен қамтамасыз етуін құру және жүргізу», «Компьютерлік графика» пәндері жүргізіледі. Аталмыш мамандықтарға арналған арнайы пәндер бойынша сабақ бере жүріп, мен оқу-тәрбие үрдісінде оқушылардың өз мамандығына деген қызығушылықтарын арттыратын, білім сапасын жақсартуға көмектесетін озық педагогикалық технология ретінде қазақстандық ғалым Т.Галиевтің жүйелік тәсіл технологиясын қолданамын. Бұл технология оқушылардың өз бетімен білім алуына, өз білімін өзі бағалауға, білімдегі ақауларды өз бетімен жоюға, шығармашылық қабілеттерді дамытуға көмектеседі.

Біз оқушылардың білім деңгейін, сабаққа қатысуларын және оқу үрдісінің басқа да көрсеткіштерін электрондық журналды жүргізу арқылы қадағалаймыз. Бүгінде тәжірибе алмасу мақсатымен өзімнің әдістемелік тақырыбым аясында қалалық шеберлік сыныбын өткізуге дайындалып жүрмін. Сондай-ақ, «жұмыс берушілер» талаптарын ескеру арқылы арнайы пән мазмұнын қалыптастырамыз және олармен әртүрлі тақырыпта кездесулер ұйымдастырамыз. Мысалы, осы жылдың басында мектеп, колледж оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері арасында “Cryctalpixel” атты компьютерлік дизайн бойынша республикалық сайыс өткізілді. “DynamicTeсhnologies” ЖШС-нің өкілдері әрбір номинация бойынша үш жүлделі орынды анықтап, жеңіске жеткен оқушыларға дипломдар тапсырды. Оның ішінде менің оқушым, 4-ші курс студенті Арайлым Жұмабаева жұмысқа шақыру сертификатына ие болды.

Торғай МҰХТАРОВА,
Астана қаласы политехникалық колледжінің оқытушысы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button