Басты ақпарат

Техникалық мамандыққа қажеттілік қанша?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесуде «Қазір біз техникалық бағыттағы мамандықтарға көбірек назар аударуымыз қажет. «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлаймыз. Жастарымызды оқуға, мүмкін бірінші кезекте Ресейдің танымал техникалық жоғары оқу орындарына жібереміз» деген болатын. Сондай-ақ Қазақстанда техникалық мамандықтарды меңгеруге көмектесетін әлемдік ЖОО-лардың филиалын ашуды тапсырды.

[smartslider3 slider=1976]

Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесі қоғамда қызу талқыға түсті. Кейбіреулер «Болашақ» бағдарламасы арқылы мамандарды Ресейге жіберудің қажеті жоқ екенін айтса, қалған бөлігі бұл мәлімдеменің астарынан «ұлт қауіпсіздігін» іздеуде. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің пікірінше, бұл пікірлер шындыққа жанаспайды.

– Қазіргі күні осы бағдарлама аясында біздің жастар әлемнің 27 еліндегі 207 университетте білім алып жатыр. Осы мемлекеттердегі университеттерге тағы да алдыңғы қатардағы техникалық мамандықты оқытатын Ресейдің 5 университеті қосылса, онда, әрине, мұнда ешқандай қауіп жоқ, керісінше, балаларға мүмкіндік көбейеді. Мысалы, сол британиялық университеттер немесе Американың, Францияның университеттері болсын, басқа да үздік университеттерді ешкім бөліп тастап жатқан жоқ. Президенттің айтып отырғаны бізге бүгінгі таңда техникалық мамандар, соның ішінде сапалы білім алып келетін кадрлар керек. Сондықтан осы тапсырма аясында үздік университеттердің қатарына көршілес мемлекеттің үздік техникалық университеттері қосылады. 207 университетке тағы да 5-10 университет қосылатын болса, ол, әрине, балаларға жаңа мүмкіндік ашады. Екіншіден, бұл баланы жетектеп апарып, сен оқығың келсе де, келмесе де осы университетте оқисың дегенді білдірмейді. Дәлел ретінде айтайын, алдыңғы жылы грант жеңіп алған 550 баланың тек 5-еуі Мәскеу мемлекеттік университетін таңдап алды. Біздегі ең басты мәселе – түлектерімізге ең үздік университеттерде оқуға мүмкіндік беру. Өйткені бізге техникалық мамандықтар керек. Бұл – ғылыми тұрғыда зерттелген, нарықтың сұранысына бағытталған таспырма.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Аризона университеттері арасындағы ынтымақ­тастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында қос дипломды білім алу, жоғары білікті оқытушыларды тарту, зерттеу әлеуетін арттыру және озық тәжірибе орталығын құру қарастырылды. Яғни бітіруші түлектер шетелдік университет үлгісіндегі диплом алып шығады. Бұл да ғылыммен айналысамын деген жастар үшін елде оқудың тиімді тәсілі болады деп ойлаймыз.

Ақерке Абылайхан, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректорының кеңесшісі:

Ғылыми  ұстанымы ұқсас
[smartslider3 slider=2004]

 

Мемлекет басшысының бұл ұсынысы орынды. Себебі техникалық мамандықтарды меңгеруде тілді жетік білу қажет. Сол тұрғыдан алғанда да, Ресейдің жоғары оқу орындары пайдалы болмақ.

– Техникалық мамандықтарды даярлауда Ресейдің жоғары оқу орындарына басымдық беру туралы ұсынысты қолдаймын. Себебі өзім де бірнеше жыл бойы «Болашақ» бағдарламасын іске асырумен айналыстым. Бұл жерде тек Ресейге барып оқысын деген тапсырма болған жоқ. Соны анық түсінуіміз керек. Жалпы бұл жерде негізгі екі фактіге назар аударғым келеді. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде соңғы уақытта болатын өзгерістердің барлығы шетелде маман даярлайтын университет тізімін қысқарту немесе шет тілін білу талаптарына қатысты болып келді. Енгізілген өзгерістер осымен шектеліп қалды. Жалпы ғылымды меңгеру үшін тілді жетік меңгеру қажет. Сондықтан Ресейдің жоғары оқу орындарына «Болашақ» бағдарламасымен жіберудегі пайдалы тұсы осы деп айтар едім. Тағы бір айта кетерлігі – Қазақстанның ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттары Ресейдің жоғары оқу орындарымен бүгінгі таңда академиялық ұтқырлық арқылы маман алмасу, жалпы ғылыми-зерттеу жұмысын бірге орындау бойынша жұмыс жүргізуде. Әлеуметтік желіде болып жатқан көптеген қарсы пікірлер ақпараттың жетіспеуінен болуда деп ойлаймын. Ақпарат саласындағы мамандар Ресейдің ғылым саласындағы жетістіктерін жиі жариялап, насихаттау керек. Себебі бұл жерде ақпараттың жетіспеушілігінен көпшілігі «неге Ресей?» деп дұрыс түсінбеуі мүмкін. Ресейдің ғылыми философиясы бізге түсінікті.

Жәнібек Катренов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

Негізгі  дағдыларды ойлау керек
[smartslider3 slider=2005]

Жақында Білім және ғылым министрлігі «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандарды даярлайтын оқу орындарының тізіміне Ресейдің жетекші техникалық университеттері енгізілгенін хабарлады. Енді техникалық бағыттағы мамандарды дайындайтын оқу орындары тізімінде Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, «МИФИ» ұлттық зерттеу ядролық университеті, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және Мәскеу физика-техникалық институты бар. «Болашақ» бағдарламасының түлегі Жәнібек Катреновтің пікірінше, Қазақстанның еңбек нарығында Ресей Федерациясы түлектері көп жағдайда жергілікті ЖОО түлектеріне қарағанда жоғары тұрады.

– Ресей Федерациясында тарихы, базасы мықты университеттер бар. Мысалы, ­И.М.Губкин атындағы мұнай-газ университеті, РУДН, Уфа мұнай техникалық университеті, Новосібір университеті және т. б. атап өтуге болады. Бұл университеттер іргелі ғылымдарды оқытады. Тіпті көптеген қазақстандық компаниялар Ресей Федерация­сының ғылыми-зерттеу мекемелерімен біріккен. Алайда халықаралық деңгейдегі жоғары технологиялар шетелдік Батыс компанияларынан әкелінетінін атап өткен жөн. Қазақстанның еңбек нарығында Ресей Федерациясы түлектері көп жағдайда жергілікті ЖОО түлектеріне қарағанда жоғары тұрады. Алайда еуропалық және америкалық компанияларға қабылдау кезінде Батыс ЖОО түлектерінен төмен тұрады. Бұл жерде тіл ғана емес, негізгі дағдыларды да ойлаған дұрыс.

Гүлшат Түсіпова, Абердин университетінің (Ұлыбритания) докторанты:

Тілді меңгеру кедергі емес

Абердин университетінің (Ұлыбритания) докторанты Гүлшат Түсіпова «Болашақ» бағдарламасымен Ресейде оқытудың аса маңыздылығы жоқ деп санайды. Оның айтуынша, оқуға талаптанатын жастың барлығы ағылшын тілін меңгеретіндіктен, тіл меңгеру аса кедергі емес.

– Көпшілігі «Ресейлік оқу орындарына жіберу тиімді, себебі тіл жағынан қиындық туындамайды» деген пікір айтып жатыр. Қазір оқуға талаптанатын жастардың барлығы ағылшын тіліне бет бұруда. Сондықтан ағылшын тілі бұл жерде үлкен бір кедергі емес. Бұл жерде арнайы бюджеттен ақша бөліп, ресейлік ЖОО-да оқытуды мақсат тұту дұрыс емес. Тағы бір айтылып жүрген «ресейлік оқу орындарына бакалавриатқа оқуға жіберуді жандандыру қажет» деген пікір бар. Мұның қаржылық жағын айтпағанда, саяси-идеологиялық тұсы бар. Шетелге ең жақсы оқу орындарына жіберілетін 17-18 жасар жастардың бо­йында белгілі бір идеологиялық ұстаным болуы қажет. Білім алу – әлеуметтік процесс. Ол қандай да бір адамның бойында белгілі бір көзқарасты қалыптастыра алады. Сондықтан бакалавриат бойынша балаларды оқуға жіберер алдында «біздің идеологияның компоненті қандай, олар мектептерімізде балаларға сіңіріліп жатыр ма?» деген сұрақтардың жауабын беретін зерттеулер жүргізуіміз керек. Асығыс шешім болмау керек.

Ол жалпы техникалық білім беру дегеніміз 100 немесе 1000 инженер дайындау дегенді білдірмейтінін айтады.

– Технократтыққа бет бұру деген өз экономикамызға қажет мамандарды дайындау және технологиялық процестерді түсінетін ұрпақты, буынды қалыптастыру дегенді білдіреді. Буын қалыптас­қанда ғана сол технократтық философияның немесе тәрбиенің нәтижесі болады. Мектептер барлық соңғы үлгідегі техникамен және құрал-жабдықтармен жабдықталған және қала баласына да, ауыл баласына да бірдей қолжетімді болуы тиіс. Лабораториялар тек теориялық емес, тәжірибелік білім беруі тиіс. Мұғалімдер жеткілікті болуына күш салу керек. Сонда жастардың бойында техникалық, технология­лық ойлау икемі қалыптасады. Біздің елде жақсы сапалы білімнің элитарлық сипаты бар екені анық. Оған мысал ретінде селективті түрде таңдап оқытатын мектептердің бар болуын айтсақ болады. Ал Еуропа елдерінде білім беру үдерісі селективтілікке емес, бәріне бірдей және әділетті қолжетімділігіне негізделген. Селективті әдіспен жұмыс істейтін, білімді аз қаржыландыратын модель посткеңестік елдерде кең қанат жайып отыр. Енді осы екі модельдің қайсысы жақсы нәтиже беріп отыр деген сұраққа келсек, оны өзіңіз Еуропа мен посткеңестік елдердегі жетістіктерді салыстыру арқылы байқай аласыз. Осы екі модельдің қайсысын таңдаймыз деген сұраққа келгенде, ол біздің биліктің саяси-идеологиялық бағыты мен оның шығаратын шешіміне тікелей байланысты. Ал шешім шығару бұдан былай тек жоғарыдан төмен болмауы керек. Осы мәселені арнайы зерттеу топтары экономикалық, саяси-идеологиялық тұрғыдан зерттеп, сол зерттеулерді халықпен және кәсіби мамандармен талқылау арқылы бір шешімге келу қажет деп ойлаймын. Өйткені білім мәселесі – болашағымызға тікелей әсер ететін мәселе. Оны тек бір адам шешпеуі тиіс және білім менеджменті жоғарыдан төмен бұйрық болып түсетін бір адамның ғана шешіміне негізделмеуі керек, – дейді Абердин университетінің докторанты.

Саясат Нұрбек, BTS Education бас директоры:

Кәсіптік бағыттау жүйесіз

[smartslider3 slider=2006]

Елімізде Президент Жарлығымен 2019 жылдан бері «Жаңа мамандықтар атласы» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба негізінде жастарға кәсіптік бағыттау жұмысын қалай ұйымдас­тыру бойынша бағдарламалар жасалып, ұсынылады. Яғни «Жаңа мамандықтар атласы» жобасымен жаңа бағдарламаларды оқытып, өндірістік еңбек нарығына да­йындайды. Осы жоба негізінде BTS Education бас директоры Саясат Нұрбек арнайы 3 ұсыныс айтты.

– Шынымен де, қазіргі таңда өнеркәсіп орындары, өндірістік ұйымдар не зауыттарда білікті техникалық жұмысшылар, білікті жұмыс күші сұранысқа ие болып отыр. 2020 жылы бастаған «Жаңа мамандықтар атласы» деген үлкен жобада осы күнге дейін туризм, тау-кен, мұнай-газ, энергетика, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, машина жасау, құрылыс секілді 9 басым саланы тәмамдадық. Биыл жеңіл өнеркәсіп, химия, су шаруашылығы, тоқыма, әлеуметтік сала, сауда секілді қалған салаларды бастап жатырмыз. «Жаңа мамандықтар атласы» негізінде біз колледждер, яғни техникалық-кәсіптік ұйымдармен бірігіп, солардың негізінде жаңа бағдарламалар жазып жатырмыз. Жалпы білім саласына қатысты 3 ұсынысым бар:

Бірінші, қазір негізгі күшті кәсіптік және техникалық білім деңгейіне беруіміз керек, яғни колледждерді толтыруымыз керек. Мысалы, біз Павлодар өңірлік атласын жаздық. 9-сыныптан кейін колледжге баратын оқушылар үлесі 25-26 пайыз шамасында екен. Ал Павлодар – металлургия, мұнай өңдеу, энергетика саласы басым ауыр өндірістік өңір. Мұндай өңірлерде білікті жұмысшылардың, яғни колледж түлектерінің кемінде 70-75 пайызы оқуы керек. Сол үшін де қазір бүкіл күшімізді техникалық кадр даярлауға жұмсап, кәсіптік және техникалық білім деңгейін беруіміз керек.

Екінші, «Жаңа мамандықтар атласы» атты үлкен жобамыз 2019 жылы Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен басталды. Бұл Президенттің сайлауалды уәдесі болған. Атластың негізінде бағдарламаларды күшейтіп, жоғары білім, колледж деңгейінде жаңа бағдарламалар енгізуден қорықпауымыз керек. Жаңа бағдарламаларды тезірек оқытып, әсіресе ЖОО, колледж профессорларын оқытқан тиімді. Неге десеңіз, өндірістік еңбек нарығының талабы да, сұранысы да, тапшылығы да қатты өзгерді. Өкінішке қарай, мұны білім беру жүйеміз ескермегендіктен артта қалып жатыр.

[smartslider3 slider=2003]

Үшінші, мектепте, әсіресе жоғары сынып оқушыларын кәсіптік бағыттау жұмысын күшейтуіміз керек. Қанша жамандасақ та, Кеңес Одағында кәсіптік бағыт беру жүйелі түрде ұйымдастырылды. Үйірмелер, жазушылар, ақындар – бәрі балаларды, жоғары сынып оқушыларын техникалық салада жұмыс істеп, еңбек адамы болуға баулыды. Қазір, өкінішке қарай, кәсіптік бағыттау жүйе­сіз болып отыр. Балаларымыз көбінесе гуманитарлық бағытқа, өздері білмеген немесе ата-анасының кеңесімен басқа мамандықтарға кетіп қалады. Біздегі негізгі кемшілік орта мектеп деңгейінде балаларға, жоғары сынып оқушыларына толыққанды ақпарат жеткіліксіз болуынан деп отырмын. Оларға толыққанды ақпарат бере алмай жатырмыз, кәсіптік бағыттау жұмыстары жүйесіз, кешенді емес. Осыны қолға алу керек. Ұсынысымыз дайын, модельді жасап шықтық. Бірінші сыныптан бастап үш сатыға бөліп кәсіптік бағыттау жұмысын қалай ұйымдастыру керек, мектеп деңгейінде балаларды қайда бағыттауымыз керек, қандай ақпарат берген жөн. Қазір осының бәрін пысықтап жатырмыз.

 P.S: Кез келген шетелдік ЖОО-да еңбек нарығына арнайы мониторинг жасап отырады. Яғни жаңа бағыттарды айқындап, қандай өзгерістер болып жатқанын, ЖОО-дағы оқу бағдарламаларын департаменттер қадағалап отырады. Сол бағытта оқу бағдарламалары сұранысқа сай дайындалады. Осылайша макромодель құрылады. Бізде бұл саламен арнайы ешкім айналыспайтын сияқты. Себебі биыл еліміздегі білім беру гранттарының бөлінісіне қарасақ, ең көп 17028 грант инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінген. Оған қоса, ІТ саласына – 7487, жаратылыстану ғылымдарына – 4088, ауыл шаруашылығы ғылымдарына 1895 орын бөлінді. Аталған саланың бәрінде техникалық мамандық бар. Бірақ жыл сайын даярланатын осыншама технардың бәрі бірдей өз саласында жұмыс істеп жүр ме? Әлде басқа кәсіпке бас бұрды ма? Сонда оларды не үшін оқытамыз? Мәселенің мәні осында…

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button