Қала тіршілігіЭкономика

Техникалық қызмет көрсету: МІНІ МЕН МІНДЕТІ

Жыл басынан бері «Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамына 1500 шағым түскен. Олардың қатарында техникалық қызмет көрсету орындарына көңілі толмай­тындар көбеюде. Жалпы, Астанада қанша техникалық қызмет көрсету орталықтары (ТҚКО) бар? Заңсыз қызмет көрсететін кейбір орталықтар, көлеңкелі бизнес аясында қандай пайдаға батып жүр? Еш жерде тіркелмеген май ауыстыру орындары мен дөңгелек жөндеу орындарынан шығатын қалдықтардың зардабы қандай?

«ПҰЛЫН БЕРСЕ, КҮЛІН ШЫҒАРАМЫЗ»

Осыдан біраз уақыт бұрын Еркін Жуасбектің «Антивирус» спектаклін көрген едім. Қоғамның ащы шындығын тап басып, астарлы әзілмен ой тастаған қойылымның мазмұны сырттан келгендердің қара жұмыспен айналысып, күректеп пайда әкетіп жатқанын шынайы суреттеген. Айтайын дегенім, тіршілігі қызу жұмыс басындағы бір техникалық қызмет көрсету орталығы – қойылым оқиғасының орны. Техникалық қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін Равшанның бар айтатыны: «Пұлын берсе – күлін шығарамыз». Иә, бізде осындай пұлын алып, күлін шығарып жүргендер қаншама?

«Әділет» қоғамы төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпарованың айтуынша, «СТО»-ларға байла­нысты арыздар жылдан-жылға ар­туда. Мәселен, жақында астаналық «Фирма Калинин» (Молдағұлова көшесі, 20/1), «Астек-Авто» (Тілендиев көшесі 9), «Меркур», сонымен қатар Манас көшесінде орын тепкен техникалық қызмет көрсету орындары үстінен азамат­тар арыз түсірген. Нәтижесінде тұтынушылардың миллиондаған қаржысы кері қайтарылыпты. Сапа­сыз қызмет көрсеткен олар мамандар араласқаннан кейін ғана ақшасын қайтаруға мәжбүр болған. Негізінде, аты аталған орындардың барлығы заңды түрде тіркелген, мемлекетке салық төлеп отырған кәсіпорындар. Сөйте тұра жұмыстың орындалу барысында тұтынушыға кепілдеме чегін беруді мүлдем қарастырмаған. Ал «Сәлем» базарындағы ТҚКО-лардың көбі заңсыз жұмыс істейтін көрінеді. Тұтынушының құқын қорғау барысында жүргізілген тексеру кезінде кейбірінің бірде-бір құжаты болмай шыққан.

Экологиялық талаптар ескерілмейді

Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті Сауда және қызмет көрсету бөлімінің бастығы Дәулет Қасқатаевтың мәліметіне сен­сек, елордада 135 техникалық қызмет көрсету орталығы бар. Бейресми деректерге сүйенсек, қалада мұндай кәсіпорындардың саны 250-ден аса­ды. Әдетте ескі қала атанып кеткен ауданда жер үй қожайындарының көбі техникалық қызмет көрсету ор­нын ашып, табыс табуда. Кейбірі, кәсіпкерлерге арзан бағаға жалға беріп қойған. Бұл – біріншіден, көлеңкелі бизнес. Өйткені, құзырлы орындарға тіркелмей-ақ, пайда табу­шылар салық төлеуден де жалтарады. Екіншіден, табиғат жанашырларының айтуынша, Астананың жері мен суын заңсыз салынған техникалық жөндеу орталықтары бүлдіріп, былғауда. Олардың айтуынша, мұндай орын­дардан жылына 250 тонна темір-терсек, 1,5 миллион литр жарамсыз мотор майлары мен 300 мыңнан астам дөңгелек шығады екен. Әрине, оның бәрін тиісті мекемелерге өткізбеген соң, қалдықтар ауаны ластайды. Ал ең бастысы – ондағы кәсіби біліктілігі жоқ адамдар халыққа қызмет көрсетуге атүсті қарайды. Олардың сауатсыздығы көлікті тұтынушылардың өміріне қауіп төндіреді.

ҚАРА ТІЗІМДЕГІ«ТҚКО»-ЛАР

Редакцияға хабарласқан Мерей Мейірбеков есімді азамат «Сәлем» базарындағы техникалық қызмет көрсету орындарының біріне көңілі толмайтынын баяндайды. «Көлігім бұзылып, жөндеуге апардым. Желдеткіштің бірінде тұйықталу болып, қыздыратын жабдықтың тетігіне электр тогы бармаған. 90 градус қызудан асқанда екінші желдеткіш айналмай, істен шыққан. Соңында радиатор жарылып кетті. Маған қызмет көрсеткен жігіттер 11000 теңге – радиатор, датчик – 1000, анти­фриз – 3000 және жұмысына 7000 теңге сұрады. Жұмыс біткеннен кейін де желдеткіш дұрыс істемей тұрды. Оның неге істемей тұрғанын біліп беру үшін автоэлектрик 4000 теңге сұрады. Және 5000 теңгеге желдеткіш алдыртып, оны орнатуға 2000 теңгемді қағып алды. Сонымен, барлығы 33000 теңгемді санап бердім. Бірақ көлігім үш күн өткеннен кейін қайта бұзылып қалды» дейді ол. Бұлай шағым айту­шылар көп. Тіпті, интернет бетінде тұтынушылар Астанадағы бірқатар орталықтарды сынға алған. «Аста­нада! Қара тізімдегі СТО-лар» деген тақырыппен орталықтардың атын атап, түрін түстеген. Мәселен, форумдағы Женя (promis81@mail.ru) есімді азамат былай деп жазады: «Оңтүстік-шығыс ауданда Мереке мейрамхана­сы жанындағы техникалық қызмет көрсету орталығына баруға кеңес бермеймін. Онда қорап жөндейтін өзбек жігіттер істейді. Жол апатынан кейін көлігімді апарғанда, әртүрлі сылтау айтып, 3 апта дегенде алдыңғы бамперімді бітірді. Екіншісін қалай болса солай істегендіктен, қайта сынып қалды. Сондай-ақ, түсі мүлдем сәйкес таңдалмаған».

Алекс есімді жігіт: «Қаладағы 888 деген орталық машинаның бір жағын жөндесе, екінші жағын құртып береді» деп ренжиді. Ал Нұреке де­ген тұтынушы «9-шағын аудандағы «Арман авто» техникалық қызмет көрсету орталығының шеберлері, тіпті, екі винттің өзін дұрыс айналдыра орай алмайды. Есесіне ақшаны көп алады. Енді аяқ баспаспын», – деп ескертсе, кейбіреулер көлік жөндеушілерді сы­бап алады.

Айта кетерлігі, бұл форумдағылардың 98 пайызы қызмет көрсету орындарына реніш білдіріп, өзгелердің ендігәрі аталған орындарға баруын қаламайды. Сондықтан, он­дай орындардың мекен-жайын тізіп шыққан.

Астанада бүгінде тіркелген көліктердің саны күрт өсуде. Бұл – техникалық қызмет көрсету орталықтарына деген сұраныс күннен-күнге артатынын білдіреді. Мемлекет кәсіпкерлерге барынша жағдай жасап тұрғанда, өз кезегінде олар да халыққа әділ әрі сапалы қызмет көрсетсе дейміз. Өйткені бас қаладағы кез келген қызмет басқа өңірлерге үлгі болуы қажет.

 

Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ,
экономист-сарапшы:

КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ КЕРЕК

Астана қаласында санитарлық талаптарға сай келмейтін техникалық қызмет көрсету орындарын реттеуге болады. Үзілді-кесілді жауып тастағаннан гөрі, Үкімет олардың жұмысын жетілдіруді қолға алған жөн. Әлеуметтік ортада бейімделген кәсіпорындардың мүддесін қорғауымыз керек. Өйткені, олардың кейбірі заңсыз жұмыс істеп жатқанын өздері де білмейді.

Экологиялық талаптарды сақтау үшін, мүмкін оларды белгілі бір аймаққа көшірген қолайлы шығар немесе тұтынушы талабын қанағаттандыратындай ету қажет.

Елбасы Жолдауындағы стратегиялық бастамалардың бірі – эко­номиканы дамыту. Саясат пен экономика қатар жүретіндіктен, қалайда кәсіпкерлікке қан жүгірткеніміз абзал. Күн санап көлік саны ұлғайғандықтан, орталыққа жүгінеміз. Қалай дегенде де, заңдық тұрғыда екі жақтың да жұмысын реттеп, деңгейін көтеруге болады.

Қабыкен ЗАКАРЬЯНОВ,
«Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамының төрағасы:

ҰЯТСЫЗ БИЗНЕСМЕНДЕРГЕ ТОҚТАУ САЛАМЫЗ

Жыл басынан бері біздің қоғамға халықтан мың жарымға жуық шағым түсті. Біз кәсіпкерліктің дамуына қарсы шықпаймыз, ақша үшін арсыздыққа барып, адамдық қасиетті аттап өткен ұятсыз бизнесмендерге тоқтау саламыз. Осы мүдде жолындағы барлық күштер біріге отырып күресулері қажет. Қиыншылықтар мен қайшылықтарға қарамастан, аянбай жұмыс істейтін болсақ, біз тәртіп орнатып, тұтынушылардың құқықтарын қорғап қаламыз.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button