Елорда тынысы

Текпен дарыған текті өнер

Астананың солтүстік-шығысында 35 шақырым жердегі Тасбұлақты (Софиевка) бағдар еттік. Мақсат – құсбегі Серікбек Күнтуғанұлынан бүркіт ұстап, баптаудың қыр-сырын білу. Секең далада бүркіттерін жемдеп жатыр екен. Амандық-саулықтан кейін, тақырыпты тарқату үшін құс ұстау өнері туралы бірнеше сұрақ қойдық.

– Әкем Күнтуған бүркітші болған. Оның әкесі, әкесінің әкесі саятшылық жасап, бүркітті кие тұтқан. Текті өнер атаның қанымен келген қасиет, – деп бастады әңгімесін құсбегі.

Жексенбі күні – 19 наурызда қыс соңғы рет серпіліп, мінез танытып, қар себеледі. Далада ызғар бар. Алайда ауыл адамдары көктемнің кезегі келерін біліп, ауласын тазалап, қора-жайын түзеуде. Енді бірі көктемгі егіс қамымен техникасын сайлап жатыр.

Құсбегі Серікбек ашық кісі екен. Бүркіттерімен таныстыра бастады.

– Қолымда төрт тазы, үш бүркіт, бір қаршыға бар. «Ақбалақ» деген бүркіттің жасы – 28-де. Әкем Тарбағатайдың биік құзындағы ұядан алған-ды. 18 жыл өзі баптап, аңға салды. Әкемнен қалған аманат ретінде көзімнің қарашығындай ұстап жүрмін. Абай облысында жақын араласатын достарым сыйлыққа бір бүркіт берді. Оны «Қарашолақ» деп атаймын. Қарқаралы жақта ұядан бір балапан құлап қалды деген хабарды естіп, соны әкелдім. Есім сойыл – «Алғыр», Қаршығаны ауылымның қасынан ұстап алдым. Оны «Найзатұяқ» деп атаймын, – деп таныстырды бүркіттерімен ол.

Кезінде құсбегілік – өнердің асылы, құсбегі қадірлі адам болғанын жақсы білеміз. Әсіресе, ашаршылық заманында бір бүркіт ұстаған құсбегі ауылды асырағаны туралы аңыз көп. Қазір тоқшылық заман. Бүркіт аулайтын азын-­аулақ қоян, түлкіге қарап отырған ешкім жоқ. Алайда саятшылық жасаудың жөні бөлек.

– Қолда бүркіт ұстағаннан кейін саят­шылық жасау әр қазақтың қанында бар. Әкем Күнтуғаннан бүркіт ұстауды үйрендік. Қазір ұлдарым Ерасыл мен Диас деген ұлдарым үйреніп, жарыс­тарға қатысып жүр. Аңға шығып, бүркітті бір ұшырып, қоянға, түлкіге салудың өзі – бір ғанибет. Арқаланып қаласың, – дейді ол.

Серікбек бүркіттерін айрықша жақсы көреді екен. Жемдеген кезде атын атап, қолбалаларын еркелетуге мән береді. Яғни әр бүркіттің мінезіне қарай сөйлеп, тамағын береді.

– Ұядан алған бүркітті «қолбала» дейміз. Оларды аң ұстауға баулып, алғашында ет байланған түлкінің терісін жібереміз. Ал түз құсы қолға ұстағанда асау болады. Ол өте кекшіл келеді. Қолға түсіп қор болғанын көпке дейін ұмытпайды. Сондықтан құсқа ерекше мейіріммен қарау керек. Күйлі кезінде қолға түскен құс көпке дейін берген жемді жемейді. Мінезді құсты үнемі сылап-сипап, еркелетіп отырған дұрыс. Сонда сұнқардың ашу-қытығы жазылады. Түз құсын алғаш тұғырға отырғызарда ортаңғы саусағынан іле ұстап, қондырған дұрыс. Әдетте, бүркітті оң қолға қондырып, сол қолмен томағалайды. Ескеретін жағдай қыранды қолға үйренгенге дейін саусақтарын үнемі жазып, тарап отыру керек. Болмаса, шеңгелі қарысып қалады.

Құстың ұйқысын алу немесе ырғаққа отырғызамыз. Яғни, түз тағысын тез жуасыту үшін оның ұйқысын алады. Ол үшін ырғаққа отырғызады. «Ырғақ» деп екі діңгек ағашқа керіліп байланған арқанды айтады. Арқанның дәл ортасына білек ағаш орнатып, оған томағасын кигізіп асау құсты отырғызады да, арқанда ырғап тербетіп отырылады. Көзі байланып ырғақта тербетілген құстың ұйқысы қашады, қатты шаршайды. Сөйтіп, адамға көндіге бастайды, – деп түз құсын баптаудың сырымен бөлісті.

Серікбек Күнтуғанұлы Қазақстан чемпионатында 5 рет үздік өнерімен дараланса, ұлдары Ерасыл мен Диас ел намысын Азия, әлем чемпионатында қорғап жүр.

– Мен үшін құс, тазы, ат өмірімнің мәні секілді. Осылармен ғұмырым сәнді өтіп жатқандай. Үйде бірі болмаса жалғызсырап қалатындаймын. Өзімді серіге жатқызбаймын. Тек қанмен бойыма сіңген асыл өнердің дамуына атсалысып жүрмін. Саятшылық өнер ұрпақтан ұрпаққа өтіп дамыса деймін, – деп сөзін түйіндеді бүркітші.

P.S: Қазақтың арғы-бергі тарихын зерттеушілер саятшылық кәсіптің үш мың жылдай тарихы бар дейді. Ғалымдар «Тамғалы» таста саятшының қыран құспен аңға шыққан сәтін бейнелейтін өрнектерге екі мың жыл деседі. Ал түрік танымында Тәңірлік ұғым бойынша құс көктің иесі, аспанның киесі, жоғарғы әлемнің елшісі, қанаттылардың төресі саналған. Сондықтан текпен келе жатқан асыл өнерді мектеп оқушыларына қосымша сабақ арқылы беріп, саятшылық жайлы түсінік берсе дейді тас­бұлақтық саятшы.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button