Жаңалықтар

Тексеру комиссиясының құрылғанына бес жыл толды

Мерекелі күнге орай кеше бірқатар мекеме қызметкері салтанатты түрде қала әкімі Әсет Исекешевтің алғысхатымен марапатталды. Шаһар басшысының құттықтауын әкімнің орынбасары Андрей Лукин жеткізіп, Тексеру комиссиясының қыруар еңбегінің нәтижесіне оң баға берді.

2

«Сіздердің жұмыстарыңыз денсаулық сақтау мен білім беру жүйесі, құрылыс пен коммуналдық шаруашылық болсын, экономиканың кез келген саласын жетік білуді талап етеді. Қаржылық бақылауды жүзеге асыру барысында қандай да бір заң бұзушылықты анықтау бір бөлек, сіздер сол заңсыздықты дәлелдеп шығатын білікті мамансыздар. Жұмыс өнімділігінің қорытындысын, шығындардың артық-кемін, ақшаның қайда кеткенін жіті бақылайтындықтан, мемлекетке аса қажетті қызметтеріңіз қала тіршілігін жандандырып, бюджет қаржысының дұрыс жұмсалуын қамтамасыз етеді» дей келе, Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин Астана қаласы бойынша Тексеру комиссия қызметкерлерінің жоғары кәсібилігіне алғысын білдірді.
Аталмыш мекеме елорда бюджетінің игерілуін 2011 жылдан бері бақылап келеді.
– Тексеру комиссиясы институтын дербес мемлекеттік орган ретінде құру туралы Мемлекет басшысының шешімі дер кезінде қабылданған әрі қажетті шара екендігін Интосай, Евросай сияқты және өзге де жоғары қаржылық бақылау органдарының беделді халықаралық ұйымдары сөзсіз қолдаған еді. Өз кезегінде республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті және басқа да мемлекеттік органдар жаңадан құрылған дербес қаржылық бақылау институтының қалыптасуы жолында елеулі жұмыс атқарды, – дейді Астана қаласы Тексеру комиссиясының төрағасы Ғалымжан Молдаш. Оның айтуынша, барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілері, оларға бағынышты әр ведомстволық ұйымдар мен кәсіпорындар жыл са­йын бақылаудан өтеді. Мәселен, өткен мерзім ішінде елордадағы 500-ден аса объектіде 127 бақылау іс-шарасы жүргізілді. Нәтижесінде бақылаумен қамтылған бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің көлемі 862 млрд теңгені құраған екен.
Жиын барысында, сондай-ақ Астана қаласы мәслихатының хатшысы Жанат Нұрпейісов жергілікті бюджетті атқару мен оған қаржылық бақылауды жүзеге асыру жолындағы бес жыл ішінде Тексеру комиссиясының өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарғанын айтып, елорданың қарқынды дамуына үлесін қосатын мекеме ұжымына табыс тіледі.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button