Мәслихат

Тексеру комиссиясының жұмысын не тежейді?

Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығы аясында елорда мәслихаты депутаттарының қатысуымен Астана қаласы Тексеру комиссиясының қызмет сапасына әсер ететін мәселелерге арналған дөңгелек үстел отырысы өтті.

Жиында сөз сөйлеген Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов қалалық Тексеру комиссиясының жұмысына қатысты шешілуі тиіс мәселелерді атап өтті.

«Біріншіден, кадрлық қамтамасыз ету мәселесі бар. Өйткені қазіргі уақытта аудиторлар жетіспейді. Екіншіден, еңбек және уақыт ресурсының шектеу­лілігіне, сондай-ақ елорданың өсуіне, нысандар санының және бюджет көлемінің жыл сайын артуына байланысты аудиторларға жүктеме артып отыр. Нәтижесінде жыл сайын Астанадағы барлық нысанның орта есеппен тек 16 пайызы ғана қамтылады» деді Ерлан Каналимов.

Оның айтуынша, Жо­ғарғы аудиторлық палатаның жүргізген қызметті бағалау қорытындылары бойынша Астананың Тексеру комиссиясы қатарынан екінші жыл көшбасшы орындарды иеленіп келеді.

«Қалалық мәслихаттың депутаттық корпусы осы комиссиямен бірлесе отырып, мемлекеттік органдар басшыларының қаржы сауатын арттыру, қаржылық бұзушылықтарды азайту және бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру бойынша одан әрі жұмыс істеуге дайын» деп түйіндеді сөзін қалалық мәслихат төрағасы.

Отырыста Астана қаласы Тексеру комиссиясының төрағасы Иманжүсіп Ақпомбаев, қалалық мәслихат депутаты Жанаргүл Күлмағамбетова мәселе бойынша пікірін жеткізіп, бюджет қаржысын тиімді басқарудың маңызына тоқталды. Қалалық Тексеру комиссиясы жұмысының сапасын арттыру үшін ұсыныс айтылды. Соның ішінде ішкі бақылауды күшейту, аудитті автоматтандыру, комиссия қызметкерлерінің білігін арттыру, ведомствоаралық әріптестікті нығайту, ашықтықты қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтың алдын алу сияқты ұсы­ныстар болды

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button