Мәдениет

Текті сөздің төресі – терме

БАЙҚАУЫ ІРІ ЖЕТІ ТАҚЫРЫПТЫ ҚАМТИДЫ

ERA_0724

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитеті Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Ұлытау төрінде берген сұхбатында айтылған негізгі тұжырымдарды жүзеге асыру мақсатында Тәуелсіздік күніне орай «Текті сөздің төресі – терме» атты республикалық термешілер байқауын өткізуді жоспарлап отыр.

Осыған байланысты кеше «Дипломат» бизнес орталығында философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, филология ғылымының докторы, профессор Серік Негимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, термеші Елмұра Жаңабергенова және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Серік Сәлемов және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қа­тысқан баспасөз мәслихаты ұйым­дастырылды.

Бастама – асыл сөздің маржаны мен терең ойдың тұнығын әуезді әуенмен жеткізе отырып, тыңдаушыны ұлттық рухқа, адам­гершілікке, тазалыққа, қайырым мен мейірім сияқты көптеген адами қасиеттерге тәрбиелеуімен құнды. Осыны негізге алған ұйым­дастырушылар термешілерге «Ұлытауда туған ұлы ойлар», «Киелі мекен – Ұлытау», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл», «Ұлттың қуаты – тілінде», «Тілден артық қасиет жоқ», «Сөз – халықтың қымбаттан қымбат қазынасы» сияқты жеті тақырып  ұсыныпты.

Шығарманың тереңдігіне, мәні мен мазмұнына, дауыс мақамы мен орындалу шеберлігіне, тіл тазалығы мен сахна мәдениетіне баса назар аударылған байқау шартында термешілерге  мәтінде Ата заңға қайшы немесе азаматтардың ар-ұжданына, намысына тиетін сөз болмау керектігі де қатаң ескертілген.

«Терме – теріп айту деген сөзден шыққан. Мұнда ірі, елдік сөздер ғана айтылу керек. Өмірдің терең мағыналық жақтары сөз болуы қажет. Бұрын осындай дүниетанымдық, философиялық ойларды халықтың зердесіне сіңіріп отырған ата-бабамыздан келе жатқан осы терме дәстүрі еді. Ел термешілерді ұйып тыңдайтын. Олар білімді, парасатты, зейінді, зерделі адамдар болған» дей келе, Ғ.Есім Елбасының Ұлытау төрінде берген сұхбатына тоқталды. «Бұл – айырықша құт мекен. Біздің ғасырлардан бастау алатын тамырымыз осы жерде жатыр. Негізі, сөздің ішкі мазмұнына мән берсек, мұсылман жұрты тауды ұлы деп айтпайды. Бұл жерде хан ордасы бар. Сол хан ордасында Жошы ханнан бастап Кенесары ханға дейін бәрі ұлықталған. Сондықтан, бұл өңір ұлылар ұлықталатын қасиетті жер дегенді білдіреді. Мемлекет басшысы тіл, дін, діл төңірегінде елдік, ұлттық мәселелерді осы Ұлытау төрінде қасиетті бұлақтың суын ішіп отырып айтты. Міне, осы жай термешілерге жігер, рухани күш беруі керек. Кейінгі кезде тағы бір байқағаным, біздің қазақ оқығаннан гөрі айтқан сөзді жақсы қабылдайды екен. Біздің қандастарымызда құймақұлақтық басым. Сондықтан, терме айту өнерінің ғұмыры ұзақ болады деп ойлаймын» деді.

Ал, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов «Нұрсұлтан Назарбаев Ұлытау төріндегі толға­нысында тілдің майын тамызып тұрып, керемет көркем тілмен бүгінгі жастарға, жалпы ұлтымызға қажетті мәселелердің барлығын да кеңінен сөз етті. Әсіресе, тілді кемел қолдану, тілдің дамуына жасалып отырған қамқорлық пен оны одан әрі жетілдіру жолындағы салиқалы ұсыныстары көпшіліктің көкейіне қонған жәйттер болды. Бүгінгі тақы­рыбымыз термешілер сайысы болғаннан кейін осы төңіректе ой өрбітейік. Ахмет Байтұрсыновтың «батырлар турасындағы әңгіме – елдің жаны, рухы туралы әңгіме» деген бір ұлағатты сөзі бар. Терме де сондай. Халық бағзы заманнан ауыз әдебиетінің кәусарынан суындап келе жатқаны баршаңызға мәлім. Бүкіл қазақ елі, қазақ халқы, қазақ жұрты еңбектеген сәбиінен, еңкейген кәрісіне дейін терме тыңдайтын болған. Бұл – сахна әдебиеті. Бұл – фольклорлық аудитория.  Халықтың  алдында айтылған соң, ол ұлт тілінің құнарымен, философиясымен сусындатады. Осыған қарап термешілерге артылар жүктің салмағының қандай екендігін бажайлай беріңіз» деген ойларын ортаға салса, Елмұра Жаңабергенова термешілердің бүгінгі күнгі мәселелері төңірегінде ой өрбітті.

Ал, бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдері байқауды ұйым­дас­тырушыларға кейбір мәселелер бо­йынша сауалдар қойып, өз  ойларын ортаға салды.

Байқау шарты бойынша облыс­тардан және Астана мен Алматы қалаларынан екі жаңа терме орындаушыны Тілдерді дамыту басқармалары ұсынады. Іріктеуді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұ­мыстар комитеті бекіткен қазылар алқасы жүргізеді. Іріктеу Астана қаласында 5-6 қарашада өтеді. Үздік танылған он термеші терме авторымен бірге 7 қарашадағы қорытынды концертте өнер көрсетеді.

Бас жүлдеге – жеңіл автокөлік, бірінші орынға – 1000000 теңге; екінші орынға – 750000 теңге, үшінші орынға – 500000 теңге тігілген. Сондай-ақ, «Ең үздік орындаушы, «Ең үздік мақам» аталымдарына жүлделер мен ынталандыру сыйлықтары да қарастырылған.

 Таңатар ТӨЛЕУҒАЛИЕВ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button