Басты ақпаратМәдениет

ТЕКТІЛІКҢ ТАМЫРЫ – ТЕРЕҢДЕ

Қазақ үшiн шежiре – ата-бабадан қалған дәстүрлi мирас. «Жетi атасын бiлмеген жетесiз» деп ұрпақ тәрбиелейтiн бабалар сөзi бүгiнде өзектiлiгiн жоймақ емес. Қан араласпасын, түбiн бiлiп жүрсiн деп балаға жетi атадан берi қосылатын үрiм-бұтақты санамалап отыру – ата мен әженiң, әке мен ананың басты парызы. Сол туыстармен бiр атаның баласындай етене жақын араласу – көңiлi дархан қазақ үшiн қалыпты жағдай.
Ал, ендi жетi атасынан берi бай болған, оқымысты, аңшы болған, яки осы сияқты кәсiп қуған ұрпақ жалғастығын «тегiне тартып туған» деп жатамыз. Тұқым қуалайтын түрлi ауру түрлерiн естiп, бiлiп, бетпе бет көрiп те жүрмiз. Оған таң қалмаймыз. Алайда, ата-бабадан мұра ретiнде психологиялық үрей мен өмiрге деген көзқарас берiлетiнi туралы ешкiм ести қоймаған болар. Естiгендер болса да, олар некен-саяқ. Мұндай тұжырымдаманы ресейлiк ерлi-зайыпты ғалымдар  – Докучаевтар тектiң ерекшелiгi деп бағалап, ғылыми жаңалық етiп бекiткен.
 «Отбасының тек мәдениетi жөнiндегi халықаралық мектептiң» iргетасын қалап, түп-тұқияныңды бiлудiң қажеттiлiгiн насихаттап жүрген Валерий мен Лариса Докучаевтар тектiң өмiр сүру формасын зерттеу арқылы генеологиялық өзгешелiктердi байқауға болатынын айтады. О баста өз тегiңдi бiлу – адамзат баласына тиесiлi ұғым болса керек. Алайда, ХХ ғасыр басындағы зобалаңнан орыстар отбасылық тек туралы айтпақ түгiл, ол жайында ауыз ашудан қорқып өмiр сүргенi белгiлi. Сондықтан, бiр ғасырға жуық мерзiм бойы тек туралы ұғымға көз жұмбаймен қарап, сал­ғырттық таныт­қан. Қанша жау­гершiлiк за­манды бастан кешсе де қазақ­тың жетi атасын ұмытпай, жа­дында түйiп қалғаны бiр ғани­бет пе дерсiң?!
Өз тегiңдi бiлу қажеттiлiгiн До­ку­чаевтар 1995 жылы қолға алыпты. ММУ-де оқып жүргенде оларға амери­кан­дық психогенетик Чампион Курт Тойч дәрiс оқиды. Оның берген бiлiмiн әрi қарай жетiлдiру үшiн қос ғалым тек туралы генограмма жасауды қолға алады. Якутияның тұрғындарымен кездесiп, олардың тоғыз атадан берi қан араластырмайтын дәстүрiмен танысады. Содан кейiн тағдыр жолы ғалымдарды қазақтың кең байтақ жерiне бастайды. Мұнда да жетi ата туралы көп мағлұмат жинастырады. Жер-жерден өздерi негiзiн салған тек туралы халықаралық мектептiң бөлiмдерiн аша бастайды. Аталмыш мектептер Мәскеуде, Төменгi Тагилда, Челябiде, Нарьян-Марда, Якутияда, Украинада, Қазақстанда ашылған. Қазiргi таңда Қазақстанда олардың мектебiнен тек туралы iлiмдi игерген 9 тектанушы түлеп ұшты. Олардың әрқайсысы тек туралы iлiмге келместен бұрын өз ата-тегiнiң шежiресiн зерттеген. Әкесi кiм болған, атасы, оның атасы, қандай қиындық көрген, қандай кәсiппен шұғылданған, қанша әйелi, қанша ұлы, қанша қызы болғаны туралы деректердi жан-жақты қаузап, мейлiнше мол ақпар жинастырып, нағашы жұртын да солай селбестiре отырып, бүгiнгi таңда өзiнiң нендей қиындықты бастан кешiргенiн байыптап, қандай көңiл күймен өмiр сүргендiгiн анықтап айтып бердi. Ата-тегi қандай күйде өмiр сүрсе, олар неден қорықса, соны ұрпақ санасына сiңдiрiп отырған, сол үрей мен қорқыныш бүгiнгi ұрпағының бойына берiлiп, жақсы өмiр сүруiне кедергi келтiретiндiгi айтылады. Отыздан асқан қыздардың оң босағада отыруы… Қазiргi қоғамда бұл жиi кездесетiн жағдай. Ал оның себебi, тектi зерттеушi ғалымдардың пiкiрiнше, бабалардан келе жатқан себеп… Себеп? Себебiн ғалымдар былай түсiндiредi. Лариса Докучаеваның пайымдауынша, бұл қыз баланың бойында анадан сiңген әдет болуы мүмкiн. Кейiнгi үш атадан берi келе жатқан үрей. Егер, аталары соғысқа кетiп оралмай, анасы ерте жесiр қалған болса, ол ылғи да өзiне ғана сенiп, ер-азаматтың тiрек болар қасиетiне күмәнмен қарап, көңiл түкпiрiн еркек кiндiктi атаулыға сенiмсiздiк жайлап алуы ықтимал. Өзiнiң бағын өзi сенiмсiздiкпен байлауы мүмкiн. Сол күдiк пен үрейден арылған кезде өмiрге деген көзқарасы өзгерген адамның жолы ашылып, көп өзгерiс басталады. Ал, ол үшiн тегiңнiң бүге-шiгесiне дейiн қалт жiбермей бiлiп, зерделеу
қажет.

Әр тектiң өзiнiң күштi, мықты жақтары болады. Бүгiнгi ұрпақ соны бiлiп, өз бойына дарытуы арқылы заман ағымына сай жетiлдiруiне әбден болады. Неше атаға созылатын iшкi тәуелдiлiк адамның өмiрiн гүлдендiруi де, тоздырып жiберуi де кәдiк. Сондықтан, әр адам өз тегiнде болған құбылмалы жағдайларға жете мән берiп, оларға сараптама жасаса, бүгiнгi түйткiлдердiң қайдан бастау алатынын ұғынуына мүмкiндiк мол. «Әр адам өз тегiн бiле отырып, өзiнiң келешегiне көз жiберуiне болады. Қазiр бiздiң шығарған «Тек бағдарламаларының шығу белгiлерi мен түзету әдiстерi» атты кiтабымызды көптеген салаларда қолданып жүр. Мысалы, отбасылық дәрiгерлер, әйелдi босануға дайындайтын гинекологтар, отбасылық психологтар, қылмыскерлермен жұмыс жасауда көмегi көп, балаларға сабақ беретiн мұғалiмдер, бизнес консультанттар үшiн де қажеттi құрал болып отыр», – дейдi Валерий Докучаев. Бұл да тектiң қанмен берiлетiн тұқым қуалаушылық белгiсiнiң бiрi болса керек. Сыртқы репрессияның iшкi репрессияға ұласуы арқылы адам психологиясы өзгеретiнi деген ғалымдар түйiндемесi көпшiлiктiң назарын аудартып отыр. Iшкi гармонияға қол жеткiзу үшiн жетi атаңның атын жаттап қана қоймай, олардың бастан-кешкендерiн де, сол тұстағы тарихи оқиғалар тiзбегiне де, өмiр сүру ортасы мен дағдысына да терең дендеп түсiнуге тырыссаңыз, көп пайдасы тиерi сөзсiз деген ой түйедi орыс ғалымдар. «Өткенге қарап, бүгiнiңдi бағалайсың», – дейдi ғалым В.Докучаев, қандай да бiр қарғыс ұрпақтан ұрпаққа көшiп жүре беруi ықтимал. Ал, соны түсiнген буынның қолына тағдырын өзгертуге бағытталған зор мүмкiндiк тимек. Сондықтан, өмiрiңiздi бақытты ету үшiн өз жаныңыздың бөлшегiндей болған ата-тек туралы мәлiметтерге бейжай қарамаған абзал.

Шынар ӘБIЛДА 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button