Қоғам

Телеарналар ұлтты тәрбиелей ала ма?

Қазіргі жаhандану заманында көзі ашық, көкірегі ояу халықтың қаңқу әңгіме мен жалаң ұранға ере бермейтіні анық. Алайда ұлт тәрбиесіне араласатын, тіпті оны құрайтын факторлардың қалай жұмыс істеп жатқандығымен ешкімнің шаруасы жоқ.

Ол факторлардың тізімін газет-журнал, телеарналар, радио­бағдарламалар, тіпті бір кішігірім хабарламалар, жарнамалардан бастап Үкімет жұмысына дейін жалғастыруға болады. Яғни журналистердің, өздерін төртінші билік өкілдері санайтындардың, ұлт тәрбиесінде атқаратын рөлі байқалмаса да, әсерін тигізе­тіні сөзсіз. Өкінішке қарай, қан­шалықты маңызды іспен айналысып жүргендерін сезінбей, сынға ұшырап жүрген әріптестеріміз аз емес. Басқа факторларды былай қойып, көгілдір экранның арғы жағы сұр дивандағы бергі жақтағыларды қалай тәрбиелеп отыр? 1980 жылдардың басында «Жүректен қозғайық», «Парыз бен қарыз», «Қауышу» сияқты жоғары бағаланған бағдарламалар шығармаса да, ұқсап бағып жүр­гендер бар ма? Шыны керек, қазіргі таңда сауатты мамандар тапшы. Тек журналистикада емес, басқа салаларда да диплом жай ғана қағазға айналғаны бәріне мәлім.
Бір қазақшасы жоқ мультфильм, кинофильм, шетелдік арналардан бөлек, қазақ аудиториясына белгілі 6 арнаны саралап көрейік.
Латын әліпбиіне толықтай болмаса да, көшуді бастап кеткен – «Ұлттық арна». Салмақты, нағыз ұлт тәрбиелейтін мәдениеттің үлгісі. Алайда осынша қауқарлы арнаның сауатты тележурналист таппай, әншілерге тізгінді бергені қынжылтады. Бұл жоқтың қасы емес, бұл – рейтинг. Әрі халық сол адамдарды көргісі келеді. Яғни халықтың сауатының төмендігі – бұл бөлек мәселе. Ұлт тәрбиесі бизнеске айналған шақта, әрине, еш редактордың сауатты мәтіндер мен салмақты оймен айналысатын уақыты да, құлқы да жоқ.
Не дегенмен, фаворит болып тұрған «Хабар» мен «Қазақстанға» жаңалықтар жағынан тағар мін жоқ шығар. Тек «Хабар» арнасының мына бір хабарламасы әбден ойландырады. Естуімізше, 2 млн тең­ге қаражатың болса, студияны бір айға жалға алып, қалаған бағдарламаңды түсіресің, «Хабар» көрсетеді екен. Біз білетін коммерциялық арналардың қатарына тағы біреуі қосылғаны ма? Сондай студияны жалға алатындардың қатарында – Қарақат пен Қыдырәлінің «Бенефис шоуы».
Әншілер демекші, оларға тіпті бөлек «Гәкку» деген әдемі атпен арна ашылды. Әнші Мейрам­бек Беспаевтың «Жұлдызбен сұх­бат» бағдарламасында берген сұх­батында: «Бастапқыда «Гәкку» деп әдемі ат қойып, «төл өнерімізді дамытамыз, құдіретін паш етеміз» деп әнші біткеннің бәрін жинады, кейін арзан бір дүниеге айналып кетті. Рейтинг, жарнама жиналғаннан кейін болмайтын клиптер, сапасыз әндер, ашық-шашық киінген бишілерді көрсетіп кетті» деген болатын. Яғни халықтың қызықтау мен өсектеуге жетіп отырған санасы арқылы кейбір адамдар ақша жасап, күн көріп отыр деген сөз.
Ұлт тәрбиесінде тежегіш болып, рейтингі асқақтап тұрған «Евразия бірінші» арнасындағы «Қалаулым» бағдарламасын айтпай кетсек, өзімізге сын болар. Білуімізше, бағ­дарлама ұжымының негізгі бөлігі, редакторлар – түрік мамандары. Түркияда сынға ұшырап, жабылып, енді былтырғы жаздан бері бір жыл көрсетілген бағдарламаның бірінші бөлімі жақында ғана аяқталды. Мақсаттары – қыз-жігіттерді та­быс­тыру болса да, 3 сағаттық реа­лити-шоудың көзі соқыр, құлағы кереңдердің өздері де қаншама құндылықтың аяққа таптап жат­қанын біледі. Бағдарламадағы қазақ тілінің қорлануы, қыздардың аузынан балағат естіп, төбелесті көріп, Қарақат пен Қыдырәлінің «Бенефис шоуы» мен «Гәккудегі» әндерді тыңдап отыра бергің келеді еріксіз.
Көпке топырақ шашпаймыз, «Дара жол», «Келбет», «Қаре­кет», «Парасат майданы», «Мәселе» сынды сауатты әрі ұлт мәселелерін көтеретін бағдар­ламалар бар.
Қазақтың ұлтын тәрбиелеуге білімі де, ниеті де, күші де, сауаты да жетеді, тек қоғам мен БАҚ-та тілек пен қажеттілік тапшылау сияқты. Халықтың болашағымен ойнау шоу емес.

Райхан БАЛТАБАЙ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button