Телефон алаяқтығына қарсы жұмыстар жүргізіліп жатыр

Үкімет отырысында елімізде телефон алаяқтығына қарсы қандай іс-шаралар атқарылып жатқаны айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
— Онлайн алаяқтыққа қарсы іс-қимылға барлық мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдары тартылды. Министрлік тарапынан бірқатар шара қабылданды. Мәліметтерге қолжетімділікті бақылайтын сервис іске қосылды. Осы сервиске мемлекеттік ақпараттық жүйенің 70 пайыздан астамы қосылды. Ол жеке деректерге қол жеткізу келісімдерін жинап, хабарлама береді. Киберқауіпсіздік саласындағы компаниялармен бірігіп citizensec.kz және nomadguard.kz интернет ресурстары іске қосылды. Бұлар азаматтарды хабарландыруды арттыруға бағытталған, – деді ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Спикер сондай-ақ байланыс операторларының жұмысы үйлестіріліп жатқанын атап өтті.
— Алаяқтық қоңырауларды анықтап, бұғаттауға арналған антифрод орталықтар құрылды. Олар Ұлттық банктің антифрод орталықтарымен біріктірілген, – деді ол.
Осыған дейін полиция алаяқтық қоңыраулардың алдын алу бағытында 24 мыңнан астам sim-карта тәркілегені туралы жаздық.