Жаңалықтар

ТЕЛЕФОН-ТЕРРОРИСТ

photo_51131

«Бомба қойылды!». «Әуежайда жарылғыш зат бар!». «Вокзал жарылады!». Тілдік қорымызда «телефон-террорист» деген ұғым пайда болды. Әдетте, мұндай хабарламалар азаматтардың өмірі мен денсаулығына шынайы қауіп тудыру үшін емес, мекемелердің, кәсіпорындардың және қоғамдық көліктердің жұмысын уақытша тоқтату, адамдарға қорқыныш сезімін ұялату мақсатында жасалады. Алайда, бас-аяғы бес секундтық осы тәрізді бір телефон-хабарламаның өзі мемлекеттік бюджетке шамамен 500 мың теңге шығын келтіреді екен.

Өйткені, ақпараттың ақ-қарасын анықтау үшін бүкіл құзырлы мекемелер, ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік органдарының арнау­лы қызметтері, төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің құтқару бөлімшелері, жедел медициналық жәрдем бригадалары жұмылады. Бақылауға алынған нысанның өндірістік қызметі немесе ондағы оқу процестері тоқтатылады. Оған қоғамдық көліктер мен әуе рейстерінің тоқтап қалуы салдарынан келетін шығынды қосыңыз.

Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, өткен жылы елімізде телефон-террористеріне қатысты 135 дерек тіркеліпті. Лаңкестікке қатысты ақпар таратқан 100 адам қолға түсіп, 58-і қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Телефон-террористер көбіне халық көп жүретін қоғамдық орындарды нысанасына алады екен. Әлеуметтік зерттеулерге құлақ түрсек, 37,2 пайызы вокзал, әуежай және көлік бекеттерінде, 24,8 пайызы демалыс және ойын-сауық орындарында, 18,6 пайызы әкімшілік ғимараттарда, 16 пайызы оқу орындарында, 15,1 пайызы тұрғын үйлерде жарылғыш зат бар деп дабыл қаққан. Тағы бір дәлелденген мәлімет, дабыл қағушылардың дені ер адамдар екен және олардың 30 пайызы мұндай қадамға мас күйінде барған.

Дүйім елді дүрліктіретіндердің арасында оң-солын танымаған жастар да аз емес. Мамандардың айтуынша, мұндай қадамға барған жандардың көбінің айтар сылтаулары көңілге қонбайды. Мәселен, бірі ұшақтан кешігетін болған соң «әуежайда бомба бар» деп хабарлаған, бірі сабаққа дайындықсыз келгендіктен «мектеп жарылады» деп дабыл қаққан, ал тағы бірі полицейлердің жеделдігін тексермек болған. Тіпті, не үшін бұлай жасағанын түсіндіріп бере алмағандар да болыпты. Тағы бір қызығы, олардың көбі өздерінің әрекетін қылмыс деп санамайды екен.

Бұған дейін терроризм актілері туралы қасақана жалған хабарлама беру «ауырлығы орташа қылмыс» түріне жататын және екі жүзден бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынатын. Келтірілген зиянның мөлшеріне қарай бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімде еңбекпен түзеу колонияларында немесе төрт жылға дейінгі мерзімде қатаң режимде бас бостандығынан айырылатын.  Бірақ соңғы екі жылдан бері жалған террористерге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Бюджетке келтірген шығынына қарай жалған ақпарат таратқан жан 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Бұл – 300-900 мың теңгенің айналасы. Ол аз десеңіз, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Бірақ қарапайым халық арасында түсіндіру жұмыстары әлі де жеткіліксіз тәрізді. Бейбіт күнде халықтың үрейін алатын бұзақылардың қатары азаймай отырғаны да сондықтан.

 

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button