Басты ақпаратҚұқық

Телефон терроризмі

Кейінгі кезде елордада жасөспірімдердің шалжақтығынан қала бюджетіне біраз шығын келіп отыр. Бір қиыны, бұл жағдай әлсін-әлсін жылына бірнеше рет еліміздің әр жерінде қайталанып қалып жүр. Мұны балалық шолжаңдыққа тіпті жатқызуға болмайды. Өйткені мұндай өрескел әрекеттің астарында қауіпсіздікке қатер төндіру жатқанын әсте естен шығаруға ­болмайды.

Жалған дабылшы – балалар

2021 жылдың мамыр айында полицияның орталық пультіне Астанадағы №22 мектептің ішінде жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама келіп түседі. Әрі белгісіз дауыс «мектептің бірнеше жеріне бомба қойылды, көп кешікпей ол жарылады» деп көк аспанды одан сайын төбеден төндіріп қояды.

Ал келіп шапқыла. Төтенше жағдайлар департаменті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті аяғынан тік тұрады. Полиция бүкіл жолды жауып, мектептегі үш жүзге тарта оқушыны қауіпсіз жерге көшіріп әлек болады. Саперлер әр шаршы метрді ыждағаттап сүзгіден өткізеді. Ештеңе жоқ. Дабыл жалған болып шықты. Қаншама адамның жүйкесі жұқарып, уақыты рәсуа болды.

Арада 1 сағат, 48 минут өткенде құқық қорғау органы қызметкерлері телефонның қайдан шалынғанын тап басып тауып алады. Сөйтсе, 13 жасар осы мектептің оқушысы түк болмағандай «достарыммен әзілдеп едім» деп төмен қарап, басын сипайтын көрінеді.

Бір қызығы, бұл жеткіншектің осындай әрекетке барғанына сынып жетекшісі қатты таңғалыпты. Сабақ үлгерімі де жақсы, ата-анасы да оқыған зиялы адамдар бола тұрып, баласының осындай қылмысқа баруын ұстаздары түсінбей қалған.

Оқушылар тарапынан болған мұндай келеңсіз жағдай өткен жылы Маң­ғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында бірнеше рет қайталанса, биыл Теміртау қаласында орын алды.

Түс мезгілінде полицияға белгісіз бала телефон шалып, «№20 мектепті жарамын. Қазір ішіндегі адамдардың барлығының да күлі көкке ұшады» деп қоқан-лоқы көрсеткен.

Төтенше жағдайлар қызметі жедел жетіп, мұғалім мен оқушысы бар – барлығы 500 адамды 20 минуттың ішінде басқа жерге көшіріп, қойылған жарылғыш затты іздеген. Үш сағат уақыт зая кетті, табылмаған. Көп кешікпей полиция жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған телефон соққан баланың аты-жөнін анықтады. Ол осы мектептің 12 жасар оқушысы сабақтан ертерек кеткісі келіп, көзді ала беріп, мұғалімдер бөлмесіндегі телефоннан «102»-ге қоңырау шалған…

Себебі әртүрлі

Ал енді полиция оларға қандай шара қолданғаны жөнінде жартып жауап бермеді. «Ата-анасына қатаң ескертілді, айыппұл салынды» деген сияқты шығарып салма сөздер осындай жағдайдың толастамай тұрғанына бірден-бір себеп емес пе екен?

Неге ол баланы есепке қойып, баласына дұрыс тәрбие бермеген ата-анасын да қатаң жауапқа тартып, қоғамдық талқыға салмасқа? Өйткені психологтардың айтуынша, мұндай балалардың өмірде мінезінде өзімшілдік, қатыгездік сияқты біртоғалық бірден байқалатын көрінеді. «Әзілдедім» деп басқа біреудің зардап шеккенін сыртынан бақылап, соған мәз болу ол жеткіншектің психикасындағы ауытқушылықтың алғашқы белгілері екенін болжау қиын емес.

Ал екінші бір педагог-психолог Жанна Омарова бұл жерде басқа себептер де болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мәселен, балалар өтпелі кезеңде – 12, 13, 14 жаста өзінше бір ерлік жасап көзге түскісі келіп тұрады. Көрген киносы, оқыған кітабы бар солардың бәріндегі оқиғаларда батылдық, көзге түсу, біреудің алдында ерекше көріну оларға әсер етпей қоймайды. Сөйтіп өз-өзіне деген сенімі оянып, осындай әрекеттерге баруы мүмкін. Алайда оның асқан қылмыс әрі оған заң жүзінде жауап беру керек екеніне баланың ақылы жете бермейді.

Енді бір себеп – бала біреумен бәстесуі мүмкін. Бір құрбысы немесе сыныптасы «егер соны істесең, саған он балмұздақ немесе су жаңа планшет сыйлаймын» деуі мүмкін. Ол өзінше «намысқа» тырысып, бүкіл мектепті әбігерге салып қояды. Кейбіреулер «ол бала емес пе, сол бала телефон шалды деп барлығын аяқтан тік тұрғызудың қажеті не?» деген уәж айтып жатады.

– Кешіріңіз, қауіпсіздік органдары кім болса да мұндай шалынған қоңырауды елеусіз қалдыра алмайды. Оның артында жүздеген, тіпті мыңдаған адамның өмірі тұр. Ол расын айтып тұр ма, әзілдеп тұр ма, маңызды емес. Жалған болса бәрібір тауып, құқық қорғау органдары оны жазалайды. Сондықтан үлкеніміз бар, кішіміз бар – біз бәріміз де осы тұрғыда мектепте, басқа да оқу орнында, қоғамдық жерде мұндай әрекеттің өте ауыр қылмыс екенін үгіт-насихатпен түсіндіруіміз керек, – дейді педагог-психолог.

Қылмыстық жаза бар

Қазіргі техниканың дәуірлеген заманында «әзілқой» оқушыны анықтау құқық қорғау органдарына көп қиындық келтірмейді. Тіпті дауыс та сол адамдыкі екенін жазбай танитын құрылғының неше түрі бар екенін де адамдар түсінуі керек. Мұндай ақпараттар айтылып та, жазылып та жатыр. Оның өте ауыр қылмыс екені де талай рет бұқаралық ақпарат құралдарында жазылды. Бұл – барып тұрған лаңкестік. ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша жазаланады. Бес мың айлық есептік көрсеткішке (14,5 миллион теңге) дейін айыппұл төлейді. Немесе бес жылға дейін бас бостандығынан ­айыруы мүмкін. Бірақ жалған телефон шалу фактілері тоқтамай тұр. 2021-2022 жылы ғана еліміз бойынша 138 қылмыстық іс қозғалып, оның 20-сы сотқа жөнелтілген. Ұсталған алты жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осындай жалған телефон шалу мемлекетке 250-300 мың теңге шығынға түседі екен. Шығын өз алдына, қаншама жедел жәрдем, өрт сөндіру, қауіпсіздік қызметі, құқық қорғау қызметкерлері уақытын рәсуа етеді.

ҚР Ішкі істер министрлігі экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары Спартак Қабденовтің айтуынша, балалардан бөлек, мұндай жалған қоңырау шалатындар көбіне маскүнемдер, психикалық ауытқуы бар адамдар немесе жүйкесі қатты жұқарған жұмыссыздар болатын көрінеді.

Мәселен, 2017 жылы – 24, 2018 жылы – 17, 2019 жылы – 19, 2020 жылы – 16, 2021 жылы – 18, 2022 жылы 23 адам телефон терроризмі бойынша істі болса, солардың көбі сол әрекетін мас күйінде жасаған. Әрі олардың 90 пайызы – жұмыссыздар. Тағы бір айта кетерлігі, кейінгі кезде басқа біреуден кек алу немесе кесел келтіру мақсатында «бомба қойылғаны» туралы әлеуметтік желі, мессенджер, интернет арқылы сол кісінің атынан хабарлау жағдайы жиілеп барады. Өткен жылы мұндай электронды хабарлама арқылы берілген 48 оқиға тіркелген.

Телефон терроризмі – аса ауыр қылмыс. Мұның салдары да орасан. Сондықтан жасөспірім болсын, ересек адам болсын, осындай әрекетке барар кезде өте қатаң жаза бар екенін ескерсе дейміз. Артынан бармақ тістегенмен, бәрі кеш болады.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button