Жаңалықтар

ТЕЛЕТУЫНДЫДА – ТАЛҒАТ ТҰЛҒАСЫ

ERA_1773

Кеше Астана қаласында қазақтың даңқты ұлы, екі мәрте Кеңес одағының Батыры атанған ұшқыш Талғат Бигелдинов туралы деректі фильмнің таныстырылымы өтті. Салтанатты шараға елордалық ардагерлер қатысып, пікірлері мен лебіздерін білдірді.

«Подняться в воздух» атты телетуындының түсіріліміне «Ардагерлер кеңесі» республикалық бірлестігі бастамашы болса, «Нұр Отан» партиясы мен «Алтын қыран» қайырымдылық қоры демеушілік танытып, қолдау көрсеткен. Фильмнің желісін Қазақстанның мәдениет қайрат­кері Лаврентий Сон жазды. Қоюшы режиссері – Ерген Тоқмұрзин. Батырдың жастық шағын жас актер Әзімхан Ахмет сомдайды.

Үш жүзден аса әскери тапсырмамен әуеге көтерілген авиация генерал-майоры Т.Бигелдинов туралы деректі фильмнің түсі­ріле бастағанына бір жылдай болған. Ұлы Отан соғысының сұра­пыл жылдарында ел қорғауға шақырылған он тоғыз жастағы жігіттің тағдыры, әсіресе, аспан айқастарындағы ерлікті сәттері ешкімді бейжай қалдырмайды. Дұшпандары «Ұшқыш танк» атап кеткен батыр «ИЛ-2» ұшағымен алғашқылардың қатарында Берлинді, Кавказ бен Украинаны азат етті.
Ұшқыш-шабуылдаушының 1966 жылы қаламынан туған «Илы атакуют» кітабындағы кейбір естеліктер фильмге арқау болған. Сонымен қатар, қазақ қыранының әуе шайқастары, жау қоршауын бұзу ұрыстары соңғы технологияның көмегімен әсерлі ұсынылған. Телетуындыдан киношежіренің сирек кадрларын да көруге болады.

Салтанатты рәсімде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров сөз сөйледі. Олар қарт жауынгерлердің өрлігі мен ерлігі қай ұрпаққа да үлгі болып қалу керек екенін шегелей айтты.

Көпшілік басқосуда тамашалап, жоғары бағасын берген фильмді көрермен 9 мамыр күні 13.10-да «Астана», 17.15-те «Хабар» теле­ар­наларынан көре алады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button