Тұлға

Тележурналист әрі дипломат

Еліміздегі радио және тележурналистика саласындағы ардагерлер қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Үбәйдуллаұлы Уәйісовтің есімі елеулі орнымен бағаланады. Оның балалық, жастық шағы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Маяқұм елді мекенінде өтті. Қарапайым еңбек адамы Үбәйдулла – мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің сыныптасы. Атасы Уәйіс шығыс тілдерін (түркі, араб, парсы) жетік білген дінтанушы, оқымысты, Арыстан баб әулие кесенесінде көп жыл шырақшы болыпты.

[smartslider3 slider=3312]

 

Әбу Насыр әл-Фарабидің туған топырағында туып-өскен ­Ержан әуелде «Овцевод», кейіннен ­Маяқұм тарихи атауын иеленген туған ауылындағы орта мектепте оқып жүргенде-ақ аудандық, облыстық газеттерде мақалалары жарияланады. Орта мектептегі қоғамдық ұйымдардың ұйымдас­тырушылық-басшылық кеңесін басқарып, үздік оқып, 1967 жылы алтын медальмен бітіреді. Жазу өнеріне машықтанып қалған Ержан сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық) университетінің журналистика факультетіне оқуға қабылданды.

Ержан Үбәйдуллаұлы – шығармашылық еңбек жолын туған ауылынан бастап, одан кейінгі өмір белестерінде отандық журналистиканың республикадағы, шетелдегі жауапты қызметтерінде абыроймен еңбек еткен қайраткер тұлға. Журналистикадағы алғашқы қадамын Қазақ телевизиясындағы «Құрдастар» хабары редакторының көмекшісі қызметінен бастаған-ды. Одан кейін 1969-1992 жылдары «Қазақстан» ақпараттық бағдарламасында тілші, редактор, диктор, экономика шолушысы, Үкімет пен Парламенттегі арнау­лы тілші, саяси шолушы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болды. Отандық радио және тележурналистиканың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлесін қосты.

Ол – журналист-дипломат. Журналистік және дипломатия­лықты тұтастыра меңгеруі – уақыт талабына сәйкес жүзеге асқан ой еңбегінің жемісі. Мәскеудегі КСРО Мемлекеттік телерадиокомитет жанындағы білім жетілдіру жоғары курсынан және Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің арнайы дипломатиялық білімін жетілдіру жоғары курсынан білім алғаны жауапты орындарда еңбек еткен жылдары халықаралық деңгейдегі біліктілік мәртебесіне негіз болды.

Оның тележурналистика саласындағы елеулі еңбегі – ­тарихи тұлға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев­тың ғұмырнамасына арналған телевизиялық тарихи-дерек­ті очерктер түсіру тобының мүшесі, жеке тілшісі болғандығы.

1991 жылы 1 желтоқсанда Н.Назарбаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті болып сайланғанда, алғашқы сұхбатты Қазақ телевизиясының тілшісі Ержан Уәйісов жүргізген. Бұл – көпғасырлық тарихымыздағы тәуелсіз мемлекет болудың мәңгілік мұрат биігіне көтерілер алдындағы тарихи сәт.

Ержан Үбәйдуллаұлы – Қазақ­стан Республикасының тәуелсіздігі салтанат құра бастаған жаңа тарихтағы шетелде аккредитацияға тіркелген тұңғыш қазақ журналисі. Қазақстан телевизиясы мен радиосының Түркия Республикасындағы тұңғыш тұрақты арнаулы тілшісі. 1992-1993 жылдары Ыстанбұл қаласындағы республикалық «Егемен Қазақстан», «Халық кеңесі», «Заман Қазақстан» газеттерінің және ҚазТАГ агенттігінің, Германиядағы «Азаттық» радиосының Түркиядағы тұрақты арнаулы тілшісі қызметін атқарды.

Ол Ыстанбұл қаласындағы Қазақстан Республикасының тұңғыш бас консулы болды. Туыстас мемлекеттердің саяси-экономикалық, мәдени қарым-қатынасының қалыптасуына, ынтымақтастық байланыстың ықпалды халықаралық негіздерін дамытуға қосқан үлесімен танылды. Дипломатиялық байланысты нығайтудағы елеулі еңбегі үшін оған осы саланың арнайы мәртебелі шендері берілді.

2002 жылы Отанға оралған Ерекең Ақтөбе облысы әкімінің инвестиция жөніндегі кеңесшісі болып, түрік фирмаларының мұнайлы өңірлердегі жаңа өндіріс орындарының ашылуына ықпал етті. Қызылорда облысына қызметі ауыстырылғанда да «TURKUAZ» фирмасы өкілдерін шақыруы арқылы Сыр бойы және Анадолы өңірлері арасындағы әлеуметтік-тұрмыстық қатынастардың қалыптасуына да өзіндік үлесін қосты.

Мемлекеттің жаңа тарихындағы өркендеу үдерісіне қосқан еңбегі үшін «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері», «ҚР Мәдениет қайраткері» атақтарымен марапатталды. «Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

Ерекең Қаратау атырабы мен Сыр бойындағы діни-исламдық ағартушылық дәстүрді қалыптас­тырған тарихи тұлғалар (Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Хорасан ата, Нұртас Оңдасынов, Мұхаммед Қонаев, Өзбекәлі Жәнібеков, т. б.) еңбектерін жаңа дәуір ұстанымымен сабақтастыратын мәдени-танымдық іс-шараларға рухани кеңесшілік, тәлімгерлік, басшылық жасап жүр. Хорасан ата республикалық қоғамдық қорының президенті. Жары, жоғары білімді филолог маман Анар Мұхамеджанова екеуі ұрпағымен бірге ата-бабаларымыздың киелі дәстүрін сақтаудың, дамытудың жарқын үлгісін танытуда.

Кезінде қазақ тілшісінің Түркиядағы жұмыс күні ел президенті Тұрғыт Озалдың сұхбатымен басталды. Одан соң президент болған Сүлеймен Демирельден, Абдулла Гүлден, Ыстанбұл мэрі қазіргі президент Режеп Тайып Ердоғанмен де сұхбат жүргізген тұңғыш қазақ тілшісі.

Енді, міне, араға 30 жыл салып белгілі тележурналист, дипломат, Қазақстанның Түркия елдері арасындағы алтын көпір бола білген Ерекең Түркияға тағы жол тартты. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Түркия еліндегі өкілдігінің жетекшісі қызметіне тағайындалды. Сәтті сапар болғай!

 

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Парламенті

Сенатының депутаты,

саяси ғылымдар докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button