Қоғам

Темекі өнімдерінің контрабандасы туралы конференция өтті

Астана халықаралық қаржы орталығында XII Халықаралық «Антиконтрафакт» форумының аясында темекі және никотин өнімдерінің контрабандасы мен контрафактісіне арналған баспасөз конференциясы өтті. Аталған мәселе аймақтағы ең күрделі проблемалардың бірі болып отыр. ЕАЭО елдерінде контрабандалық темекі сатылымынан түсетін салықтық түсімдердің жалпы көлемі жыл сайын артып, соңғы жылдары шамамен 1,9 миллиард АҚШ долларын құрайтын шығынға жеткен. Бұл тұрғыда ең көп зардап шеккен ел – Ресей. Өткен жылы ел экономикасына келтірілген шығын 130 миллиард рубльді ($1,4 млрд) құрады. Ал ЕАЭО-ның екінші ірі қатысушысы – Қазақстан 2023 жылы 32 миллиард теңге ($69 млн) көлемінде салықтық түсімнен айырылды. Конференцияға қатысушылар заңсыз айналымның ауқымын, оның экономика мен халық денсаулығына тигізетін әсерін, сондай-ақ мәселенің нақты шешу жолдарын талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Мәселенің ауқымы мен экономикаға әсері

Тәуелсіз NielsenIQ зерттеу агенттігінің мәліметтері бойынша, Қазақстандағы темекі өнімдерінің заңсыз нарығы соңғы 3 жылда 3 есеге артқан – 2024 жылы бұл көрсеткіш 10,1%-ға жетті. Мұндай өсу тенденциясын тәуелсіз сарапшылар соңғы бірнеше жыл бойы байқап келеді және оның тұрақты сипатқа ие екенін айтады.

Жеткізу арналары әртүрлі. Қолданыстағы схемалардың бірі мынадай: алдымен заңсыз жүк Біріккен Араб Әмірліктерінен Иранға паромдар арқылы жеткізіледі. Кейін тауар жүк көліктеріне тиеліп, Иран, Ауғанстан және Тәжікстан арқылы транзитпен өтеді. Соғды облысында жүк тәжік-қырғыз шекарасынан өтіп, Ош пен Бішкек арқылы Қазақстанға жеткізіледі. Қырғызстан астанасынан заңсыз темекілер Қазақстанға «Айша Бибі», «Қордай», «Сыпатай батыр», «Гродеково», «Кеген» сияқты негізгі бес бақылау-өткізу бекеті арқылы енеді және одан әрі Ресейге транзитпен жеткізіліп, бір бөлігі көршілес ел аумағында қалады.

«Контрабандалық өнімнен туындайтын салықтық шығындардың көлемі орасан зор, сондықтан нарықты контрафактілік және контрабандалық өнімдерден қорғау үшін билік, бизнес және қоғамның күш-жігерін біріктіру қажет. Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан контрабанда мен контрафактіге қарсы күрес бойынша Оперативтік штаб құрылды. Оның басты міндеті – нарықтағы барлық қатысушылардың күш-жігерін біріктіру. Штабта тауар өндірушілер қауымдастықтары мен мемлекеттен келіп түскен көлеңкелі айналым фактілері бойынша жедел ақпарат жинақталып, мәселені шешу жолдары ұсынылады», – деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарушы директоры, АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Еркен Наурзбеков.

«Қазақстан нарығындағы ең кең таралған контрабандалық темекі брендтері – Oris (54,2%) және Oscar (7,8%). Контрафактіге қарсы күресте ел азаматтарының заңсыз өнім сату фактілері туралы хабарлауы маңызды рөл атқарады. Алайда бұл мәселені шешуде мемлекеттің белсенді қатысуы болмаса, жағдай бақылаудан шығуы мүмкін. Контрабандалық жолмен жеткізілген темекілердің заңсыз айналымына бағытталған тексерулер мен үйлестірілген шаралар қылмыстық схемаларға соққы беріп қана қоймай, салықтық түсімдерді де айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті QazSpirits қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Жуков.

Контрабанданың мәселесі трансұлттық сипатқа ие. «Ұлттық құзыреттілік ғылыми орталығы» (ҰҚҒО) деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Ресейде темекі өнімдерінің заңсыз айналымынан бюджетке келген ең төменгі шығын 50,4 млрд рубльді құраған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,7%-ға артық.

«ЕАЭО ауқымында бұл мәселе алаңдатарлық сипатқа ие болып отыр. 2023 жылы темекі өнімдерінің заңсыз айналымынан жалпы шығын 3 миллиард АҚШ долларынан асты. Сондықтан біз өнеркәсіп өнімдерінің, соның ішінде темекі өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы күрес үшін арнайы үйлестіруші орган – Еуразиялық экономикалық комиссияның Кедендік реттеу жөніндегі Консультативтік комитеті жанындағы Сараптамалық-консультациялық кеңес құру қажет деп санаймыз.

Мұндай кеңес барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіріп, үйлестіру деңгейін арттырып қана қоймай, ақпарат пен үздік тәжірибелер алмасудың тиімділігін де жақсартады», – деп бөлісті «Антиконтрафакт» қауымдастығы президентінің кеңесшісі Светлана Викторовна Квасова.

Қоғам мен экономикаға әсері

Темекі өнімдерінің контрабандасы жан-жақты зиян келтіреді. Ел бюджеті шығынға ұшырағанынан бөлек, заңсыз нарық ұйымдасқан қылмыстың, сыбайлас жемқорлықтың өсуін ынталандырып, халықтың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.

«Темекі бұйымдары мен никотин өнімдері нарығы сияқты күрделі әрі сезімтал салаларға екі өзара байланысты зерттеу бағытын біріктіретін тәсіл қолданылады: аймақтық тұрғыда темекі және никотин өнімдерінің бөлшек сауда нарығын тоқсан сайын талдау, яғни Ресей Федерациясының әр субъектісін жеке бағалау; және заңсыз айналым үлесін анықтау үшін далалық зерттеулер жүргізу», – деп түсіндірді «Ұлттық құзыреттілік ғылыми орталығы» АКЕҰ директоры Ирина Бушина. – Мұндай жүйелі тәсіл нарықта болып жатқан жағдайды толық әрі нақты көрсетеді және Мемлекеттік комиссияның шешімдерін әзірлеу мен темекі өнімдерінің заңсыз айналымын барлық деңгейде тоқтату бойынша басқарушылық шешімдер қабылдауда негіз болады».

Шешімдер мен инновациялар: Контрабандалық тізбекті қалай үзуге болады?

Баспасөз конференциясында заңсыз саудамен күреске бағытталған бірқатар шаралар ұсынылды, олардың ішінде:

  • Ғылыми тәсілдерге негізделген теңдестірілген акциз саясатын әзірлеу.
  • Шекаралық бақылауды күшейту. Сарапшылардың айтуынша, контрабандалық өнімдермен күрес кешенді жұмысты қажет етеді. Бұл Қырғызстан шекарасында жүктерді тексеру бойынша бақылауды қатаңдатуды, базарлардағы көтерме саудагерлермен профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, Тәжікстаннан Қырғызстанға және Қазақстанның шекара маңындағы аудандарына тасымалдауды қатаң тоқтатуды қамтиды.
  • Өнімді цифрлық таңбалау және тауарлардың заңдылығын тексеру үшін мобильді қосымшаларды енгізу.
    «Заңсыз тауарларды қазірдің өзінде тегін мобильді қосымшаның көмегімен анықтауға болады. Мұндай шешімдерді, соның ішінде заңсыз темекі өнімдерімен күрес үшін қолданудың айтарлықтай әлеуеті бар»,
    – деді «Цифрлық экономиканы дамыту орталығы» ЖШС басқарушы директоры Алмат Исмаилов.  

«Қазақстандағы темекі нарығының көлемі жылына шамамен 20 миллиард дананы құрайды. Осы көлемнің ішінде 2023 жылы заңсыз темекілердің үлесі 1,8 миллиард дана немесе 91 миллион қорап болды. Ақшалай мәнде бұл бюджетке 32 миллиард теңге салықтық шығынды білдіреді», – деп атап өтті QazSpirits қауымдастығының атқарушы директоры Дмитрий Жуков.

Қорытындылар мен алдағы қадамдар

Баспасөз конференциясы ЕАЭО елдерінің заңсыз айналыммен күресудегі күш-жігерін үйлестірудің маңыздылығын атап көрсетті. 2024 жылдың сәуірінен бастап Ресейде темекі өнімдерін заңсыз әкелуге бес жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза енгізілді. Бұл тәжірибе аймақтағы басқа елдерге үлгі бола алады.

«Қалыптасқан жағдайға жауап ретінде заңнаманы күшейту маңызды. ЕАЭО елдерінде мұндай шараларды енгізу және бақылау-қадағалау процедураларын қатаңдату заңсыз айналымға негіз болатын себептерді қысқа мерзімде жоюға мүмкіндік береді», – деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарушы директоры, АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Еркен Наурзбеков.

Осылайша темекі өнімдерінің контрабандасымен тиімді күрес көлеңкелі нарық көлемін азайтып қана қоймай, ЕАЭО елдерінің бюджетіне қосымша кірістер әкелуге және контрафактілік өнімдерден туындайтын мезгілсіз өлімдердің алдын алуға ықпал етеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button