Мәдениет

ТЕМЕНОВТIҢ ТАЛТҮСІ

ФОТО ТУРТАЕВ АЙДОС (5)

«Шабыт» шығармашылық сарайында Қазақстанның халық әртісі, кино және театр режиссері, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Талғат Теменовтің «Дарабоз» атты шығармашылық кеші өтті.

Кештің шымылдығы режиссер Жаңабек Жетіруовтың өнер иесі жайлы түсірілген «Дарабоз» деректі фильмімен түрілді. Бұл туындыны тамашалаған көрермендер кино және театрдың белгілі майталмандарының Талғат Теменовке берген жоғарғы бағаларына қанықты. Экранның арғы жағынан сөйлеген ресейлік актер Армен Джигарханян «Саф таза өнерді тудыру үшін авторда өнерге деген шексіз махаббат болуы керек. Сонда ғана тудырған шығармаң халықтың жүрегіне жетеді. Талғатта осындай махаббат бар. Сондай-ақ, ол адамдарды соңынан ерте алатын қасиетке ие. Мықтылығы да сонда» десе, тағы бір ресейлік маман Карен Шахназаров «Теменовтің кинолары арқылы біз қазақтардың жан дүниесін түсіне бастадық» деді.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы алпыс жастың асқарына шығып отырған Талғат Теменовке Елбасының құттықтау хатын оқып берді. Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дариға Назарбаеваның құттықтауын жеткізді. «Нұр Отан» партия­сы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектен келген хат та оқылды. Қуаныш Сұлтанов өз сөзінде «Талғат жас, өрім комсомол кезінде: «Театр және кино режиссері болып, қазақ өнерінде ешкім жасамаған өнерді мен жасаймын» деп, өнерге дүрілдеп келген еді. Сол айтқанын орындады» деп, кеш иесінің мерейін көтеріп тастады. Ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Маралтай Райымбекұлы әйгілі режиссерге арналған өлеңін оқыды.

Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген Талғат Теменов шығармашылық жолын Талдықорған облыстық театрының актері болып бастады. Одан кейін Мәскеудегі сценарис­тер мен режиссерлердің жоғарғы курсын бітіріп, режиссерлік өнерге ден қойды. Ол түсірген туындылар халықтың сүйікті фильмдеріне айналды. Түрлі кинофестивальдердің жүлдегері атанды. Мәселен, «Торо» атты тырнақалды туындысы Киев қаласында өткен «Жастық-86» кинофестивалінде «Ең үздік  режиссер» және «Ең үздік ер адам бейнесі» аталымдарында арнаулы  жүлделерді жеңіп алған.

«Адамдар арасындағы бөлтірік» атты фильмі Майндағы Франкфурт  қаласында бас жүлде, Италияның Джиффони қаласында күміс жүлде,  Португалияның Лиссабон қаласында арнайы жүлдеге ие болды. 1986  жылғы  Желтоқсан оқиғасына арналған «Қызғыш  құс» фильмі Италияның Турин  қаласындағы фестивальде арнаулы жүлде алды. «Махаббат бекеті» Берлин қаласында, Сингапур, Франция, Филиппин мемлекеттерінде өткен  кинофестивальдерге қатысты. Кешке келген халық осы фильмдерден және кейіннен түсірілген «Менің күнәлі періштем», Талғат Теменов қоюшы режиссері болған «Көшпенділер» көркем фильмдерінен, сондай-ақ, оның Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрының сахнасында қойылған «Ай-Қаракөз», «Карменсита» спектакльдерінен үзінділерді тамашалады.

Кештің соңында сахнаға шығып сөйлеген Талғат Теменов жаңа қырынан көрініп, ақындық өнерін паш етті. «Судағы із» телехикаясы жақында телеэкранға жол тартатынын айтып, көрермендерге ду қол шапалақ соқтырды.

 

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button