Қала тіршілігі

ТЕМІР ЖОЛМЕН ТАҒДЫРЛАС

Алпыс жасты қазақ талтүс деп жатады. Яғни, күннің дәл төбеден ауған тұсы, өмірдің де жартысы сарқылып, қалған жартысына аяқ басқан кез. Отызынды орда бұзып, қырқында қамал алған ер алпысында ақыл айтар ағаға айналады. Екінің бірі емес, ер! Астаналық Зейнолла Шибкенов те ата жасқа аяқ басқан алпыстың биігіне шығыпты. Мерейтой иесін көптің ішінен айрықшалауымыздың себебі жоқ емес, ол елорданың өсіп-өркендеуіне, экономикасының қарқын алуына, гүлденуіне еңбек сіңіріп жүрген азамат. Осы жасқа келсе де атынан түспей, ақылын да айтады, тірлігін де тындырады.

Зейнолланың, алдымен жастарға үлгі боларлық өмір жолына тоқталсақ. 1953 жылдың 27 тамызында Жезқазған өңіріндегі Жаңаарқа ауданында дүниеге келіпті. «Отбасында он баламыз» дейді. Ұлдардан үлкені Зейнолла әпкесімен бірге өзінен кейінгілерге қамқор болды. Шойын жолдың бойында қызмет еткен Рахым әке он ұл-қызын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қақты, өсірді, жетілдірді, ең ақыры оқытты. «Әке көрген – оқ жонар», онның төртеуі есейіп, ер жеткенде әке жолын таңдапты ғой. Солардың бірі – Зейнолла ағамыз.
…Ауылдың қарадомалақ баласы мектеп қабырғасын абыроймен тәмамдап, Омбыға жол салды. Сондағы институтқа құжаттарын тапсырып, инженер-механик мамандығын бітірді. Жас маманды Целинный темір жолы жұмысқа шақырып, еңбек жолын 1980 жылы жол монтері қызметінен бастады. 1982 жылдан бастап Кеңес аудандық комитетінің өнеркәсіптік бөлімінің инструкторы, өнеркәсіптік-көлік бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы Целиноград облыстық коми­те­тінің ұйымдастыру-партиялық жұмысы бөлімінің инструкторы болды. Сонымен қатар, Зейнолла Рахымұлы Халық депутаттары облыстық кеңесінің тұрақ­ты комиссиялары және кеңес жұмысы мәселелері жөніндегі бөлімнің референті, Қазақстан Республикасы жекешелендіру мемлекеттік комитетінің Ақмола облысы бойынша төрағасының орынбасары, «Проминвест» инвест қорының басқарушысы, «Проминвест» акционерлік қоғамының президенті лауазымдарын атқарды. Астана елорда болғалы, яғни 1998 жылдан бастап «Ақмола вагон жөндеу зауыты» АҚ қызмет етеді, бірнеше жылдан бері іргелі ұжымның бас директоры.
Ілкімді жұмысты ел де бағалайды ғой. Зейнолла бесінші шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатының депутаты мандатын еншілеген. Бұл да халықтың сенімі, жұрттың ұлына деген ілтипаты. Сондай сенім мен ілтипаттың үдесінен шығу ел ағасының басты мұраты. «Көп іс тындырдым деуден аулақпын. Десе де, игі істердің басы-қасын­дамыз.
Астананың шеткері ауылдарының проблемасы да, мәселесі де аз емес. Мәселен, емхана, балабақша, мектеп, спорт клубтары… Осындай нысандарды тұрғызуға, ашуға бар-күш-жігерімізді салудамыз. Біздікі халықтың мұңын, мұқтажын билікке жеткізу, тірліктің бірлікпен ұйымдастырылуына ұйтқы болу емес пе. Ендеше, сол жолда аянып жүрген жоқпын» дейді ол.
Зейнолланы көкке көтере мақтарлық бір ісі бар. Бөгенбай батыр даңғылының бойына батырдың ескерткішін қоюға оның маңдай тері көп сіңді. Ұрпаққа ұлағатты, сауапты бастаманың басы-қасында болып, үш жылда жұрттың көзайымына айналдырды. Әлбетте, бұған елордалықтардың айтар алғысы шексіз, бірақ, мұны да біреу білсе, біреу біле бермейді.
Қазақта «тектілік» деген ұғым. Қаны текті, атасы текті, бабасы текті, текті жерден шыққан ұл немесе қыз дейтініміз сол. Міне, Зейнолланы әбден солай атауға болады. Қаны текті. Кәдімгі ұлт қайраткері, жазушы, ақын Сәкен Сейфуллинмен немерелес. «Сейфулла мен біздің атамыз туған ағалы-інілі екен, Сейфулла, Оспан, Жақия деген ағайындылар болған. Бірақ, атамыз бұл жөнінде көп әңгімелемепті. Өйткені, Сәкен өмірінің азапты, қасіретті болғаны бәрімізге белгілі. Зияны тиіп кетер деп қорықса керек» дейді Зейнолла.
Әке жолын қуған ұл марапаттан да кем­де емес, «Құрмет» орденін иеленген.­ Көптеген мерейтойлық медальдарды­ кеу­де­сі­не жарқыратып таққан. Ел Президентінің Алғыс хатын алған. Бұл аз десеңіз, «Құрметті теміржолшы». Бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп, іргелі шаңырақтың отағасы болып отыр. Елге септігі тиер істерді жалғастыра беруіне ниеттеспіз.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button