Басты ақпаратҚоғам

Темірқазығы – Мұстафа Шоқай

Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір – танымал ұлтжанды әрі мемлекетшіл қоғам қайраткері, алаштанушы, шоқайтанушы көрнекті ғалым, философ, саяси ғылымдар докторы, профессор, мемлекеттік басқару, бұқаралық ақпарат, білім салаларында жауапты қызметтер атқарған іргелі азамат, ұлағатты ұстаз. 1995-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің екі мәрте депутаты. Мұның бәрі азамат өмірінің бел-белестері, тіпті өмір сынақтары десе де болады. Себебі кеңестік заманда билеуші коммунистік партияның саясатымен өмір сүрген, комсомол, партия органдарында жауапты қызметтер атқарып жүрген кезеңдерде іште ұлтым деп соққан жүректің адастырмас темірқазығынан айнымау оңай болмағаны аян. Ал сол көрінбей жол сілтеуші темірқазық – Мұстафа Шоқай еді.

Әбдіжәлел Бәкір 1940 жылы 23 қаңтарда Қызыл­орда облысының Сырдария ауданында Айдарлы ауылында дүниеге келді. Әкесі Қошқар Оразұлы мен анасы Патыма Рахменбердіқызы ұлдары Әбдіжәлелді балалы бола алмаған нағашы аға-жеңгесі Бәкір Сопбекұлы мен Нәзира Сопбеккелінінің бауырына салды, ұрпақты етті. Қазақтың кең көңілі, өнегелі ұлттық салты-ай! Алайда аяулы бейнелері жадында жоқ екі жасар Әбдіжәлелдің қос әкесі де 1942 жылы шілде айында сұм соғысқа аттанып кете барды, екеуі де майданда опат болды. Отағасыларының шаңырағын шайқалтпай асыл азаматтарын күткен екі ана басқа түскен қиыншылықтарды елмен бірге еңсеріп, олардың ұрпақтарын қатарларынан кем етпей өсірді. Әзиз аналар Нәзира Сопбеккеліні 1978 жылы, Патыма Рахменбердіқызы 2009 жылы өніп-өскен ұрпақтарын көріп дүние­ден өтті. Әбдіжәлел нағашы атасы Сопбек­тің Ахметінің қамқорлығында өсті. Ол Баспақ батыр-бидің немересі-тін. Ал Мұстафа Шоқайдың анасы Бақтыбике осы Баспақ батырдың туған қарындасы болатын. Әйгілі Баспақ Қозыбекұлы батыр әрі би (шын аты Мәмбетәлі) – ХІХ ғасырда өмір сүрген, елін Қоқан хандығының озбырлығынан қорғаған ел арасында айтулы тұлға.

Елуінші жылдардың басында Ахмет атасы балам жақсы білім алсын деген ниетпен Сырдария ауданындағы Айдарлы ауылынан Қызылорда қаласына көшіп келді. Көршілері Мұстафаның туған інісі Мұртазаның баласы Мәдиярдың отбасы еді. Оның шешесі Зүлфия бұрын Шоқайдың інісі Оспанның жесірі екен. «Сол Зүлфия апай «Біздің қайнаға (Мұстафаны айтады) жеті патшаның тілін біледі» деп аракідік айтып қоятын. «Бұл сөздің растығына 2012-2014 жылдары Мұстафа Шоқай шығармаларының он екі томдық толық жинағы шыққанда көзім жетті. Еңбектері тоғыз тілде жарық көрген екен» дейді Әбекең бұл күнде.

Мұстафа Шоқай есіміне осылай ертеден қанық болып өскенімен, жоғары саяси қыз­метте жүрген Әбдіжәлелге ұлы тұлғаның өмірін, қызметі мен шығармашылығын зерделеу тұрмақ, онымен әлдебір туыс­тық қатынасы бар екенін сездіру де мүмкін емес еді. Бірақ таңның атпасына күн қоймайтыны сияқты заманның өзгеруі де – заңдылық. Қасаң кеңес қоғамын қайта құру науқаны арқасында жариялылыққа ашылған мүмкіндікті жедел де ұтымды пайдаланып, түрік әлемінің айтулы көсемі Мұстафа Шоқайдың қызметін әділ бағалау жолын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әнуар Әлімжанов бастап жіберді. Көп ұзамай Мұстафа арманы да орындалды, рухы туған еліне оралды, Түркістаны – Орталық Азияның кеңестік рес­публикалары Тәуел­сіздікке жетті. Сол-ақ екен Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметіне арналған зерттеу мақалалар, көркем шығармалар, деректі және көркем фильмдер бірінен соң бірі шығып жатты, ғылыми диссертациялар қорғалды, оның еңбектері том-том болып жарияланды.

1956 жылы Қызылорда қаласындағы 1 Май (қазір Қалтай Мұхамеджанов) атындағы орта мектепті, 1963 жылы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда мемлекеттік педагогика инс­титутының (қазір Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) филология факультетін үздік дипломмен бітірді. Жалындаған жас маман Әбдіжәлел еңбек жолын әуелі Сырдария ауданында ауылда, одан кейін Қызыл­орда қаласында орта мектепте мұғалімдіктен бастады.

Әбдіжәлел Бәкір 1965 жылы Қызылорда қалалық комсомол комитеті ұйымдас­тыру бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Осы қызметте жүргенінде келешек өсуге лайықты кадр ретінде Мәскеуге Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағының (БЛКЖО) Орталық комитеті жанындағы Жоғары комсомол мектебіне саяси білімін көтеруге жіберілді. Оқу бітірген соң Қызыл­орда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін Қызылорда облыс­тық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. Ә.Бәкірдің 1967-1974 жылдары қалалық, облыстық комсомол комитеттерінің жетекшісі қызметінде Қызылорда қаласында осы күнге дейін пайдаланылып келе жатқан үлкен стадионның құрылысын екпінді құрылыс деп жариялап, жастарды молынан жұмылдыруы сол замандағы тұстастарының есінде қалды. Стадион біткен соң оған кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында Сыр перзенті – жастардың жалын жетекшісі, Мәскеуде БЛКЖО Орталық комитетінде қызмет атқарған, сол бір өтпелі қиыншылық кезеңде өздерін ашаршылықтан құтқарғанын, оқуға кіргізгенін әрдайым ризашылықпен айтып өткен талай адамды қатарға қосқан Ғани Мұратбаевтың есімін беру, стадион алдына оның ескерткішін орнату істеріне де бастамашы әрі ұйымдастырушы болды. Бұдан басқа облыста күріштен әлемдік рекорд деңгейінде мол өнім алған әйгілі даңғайыр диқан Ыбырай Жақаевтың ізбасарларын қалыптастырып, еңбек даңқын жалғастыру үшін жас күрішші диқандар арасында жақаевшылар қозғалысын ұйымдас­тыру қолға алынды. Елімізде кең қанат жайған бұл үлкен іс Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын жұлдызы болып Ыбырайдың ғана емес, күллі күрішші диқандардың мерейін көтерді. Комсомолдан соң қызмет Қызылорда облыстық партия комитетінде жалғасты. 1974-1991 жылдары он жеті жылдан астам партиялық қыз­метте обкомның бөлім меңгерушісіне дейін көтерілді. Өзі қаруында қызмет істеген Қызылорда обкомының идеология жөніндегі хатшысы Қаржаубай Жарқынбековтің партияның сөзін сөйлей тұрып, ұлттық мүддені қисынын келтіріп жоғары қоя білетін қасие­тін өнеге тұтты. Байсалды да байыпты, кішіпейіл, ізденімпаз, досқа адал, уәдеге берік болып қалыптасты.

Обкомның бөлім меңгерушісі ретінде Әбдіжәлел Бәкір қауырт та жауапты қыз­мет ағынымен кетіп қалмай, партиялық жұмысты ғылыми ізденіспен ұштастыра алды. 1984 жылы Қазақстанның көрнекті этноәлеуметтанушы ғалымы, философия ғылымының докторы, профессор М.М.Сужиковтің жетекшілігімен ұлтаралық қатынастар мәселелері бойынша диссертация қорғады, философия ғылымының кандидаты дәрежесіне ие болды.

1991 жылы Әбекеңнің қызметі тың салаға ауысты, Қызыл­орда облыстық телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы болып тағайындалды. «Қазақстан – Қызылорда» облыстық телеарнасының мемлекеттік басқару органдарында халықпен жұмыс істеу мектебінен өткен әрі ұйымдастырушылық өмірлік тәжірибесі мол ғалым жаңа төрағасы тың істе тосылып қалмады, ұжымды біліктілікпен шығармашылық ізденістерге бастады, жастардың таланты ашылуына тә­лім­герлік қамқорлықпен ерекше мән берді, тұрмыстық жағдайларына да көңіл бөлді, беделін салып компанияға пәтерлер бөлінуіне қол жеткізді. Осылай ұжымдағы байырғы журналистердің тәжірибесін, жас буынның серпінді талпынысын жаңашылдыққа бұра білді.

Әбдіжәлел Бәкірдің 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қызылорда облысының Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарын қамтыған аумақтық округтен халық өкілі ретінде депутат болып сайлануы оның қалыптасқан ұлтжанды да мемлекетшіл, орнықты қоғам қайраткері болмысын аша түсті, қабілет-қарымын жақсы танытты. Халқымыздың тілі, ділі, діні сияқты өзекті мәселелерде іркілмеді. Мәжіліс­те қабылданатын заңдардың, талқыланатын мәселелердің ұлттық мүдде тұрғысында қаралуында депутаттар – көрнекті қоғам қайраткерлері, Халық жазушылары Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғар­сынова, профессор Амангелді Айталы сынды кесімді тұлғалармен пікірлес болды, өзекті мәселелердің ұтымды шешімдерін табуда бірлесе әрекеттенді.

Астанадағы қазақ мектептерінің мардымсыз жай-күйі, келешек өркендеуі туралы мәселе көтеріп, сол кездегі қала әкімі Т.Досмұханбетовтің есебі Мәжілісте тыңдалуы қазақ мектептері мен балабақшаларының көбеюін арттырды. Әбдіжәлел Бәкірдің ана тіліміздің мерейі үшін күрестегі осындай табандылығын жоғары бағалап, Мәжіліс төрағасы Жармахан Тұяқбай оны «Тілдің табанды тарланы» десе, қайсар қаламгер Шерхан Мұртаза депутат әріптесін «Қазақ тілінің пәруана жанашыры» деп атаған екен. Бұқаралық ақпарат құралдарында да ел көңіліндегі өзекті мәселелерді ортаға салуымен жиі көрінді. Сайлаушыларымен кездесулерде айтары аз болмады. Ә.Бәкірдің міне, осындай елжандылық қасиет-қарымын лайықты бағалаған Сыр елі оны өз округінде 1999 жылы екінші рет Парламент депутаты етіп сайлады. Халық қалаулысы ел сенімін ақтады.

Әбекең Парламент депутаты кезінде ғана емес, одан кейінгі кезеңде де ана тіліміздің жанкүйер жан­ашыры ретінде өз пікірлерін, ұсыныстарын айтып та, жазып та келеді. Соның бір мысалы, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасарына «Қазақ үні» ақпарат агенттігі арқылы жария жолдаған ашық хаты. Депутат кезінен Парламент әдебіне қанық Ә.Бәкір бұл хаттында Мәжілісте өткен Үкімет сағатында орыс тілінде сайраған Алматы қаласының, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдері орынбасарларының бұл тілбұзар қылықтарына депутаттардың орынды қынжылысын қақпайлап, үштілділік сая­сатты алға тартқан, «әрқайсымыздың екі тілде, тіпті үш тілде сөйлеуге құқымыз бар» деп құйқылжыған орынбасардың бұл әрекетінің орынсыздығын заңнама тұрғысынан негіздей отырып, айыптауы Әбекеңнің азаматтық ұлтжандылық ұстанымының тағы бір дәлелі.

Ғалым 2005 жылдан бастап біраз уақыт Астанада Қазақ гуманитарлық заң университетінде ұстаздық етті. Парламент қабырғасында тоғыз жыл ел мұқтажын мұңдайтын, халық сөзін сөйлейтін жақсылармен жақын жүріп рухани молыққан қайраткер студент жастарға енді ұлтжандылық, мемлекетшілдік қасиеттерді сіңіруге күш салды.

2006 жылы ғылыми зерттеуін аяқтап, «Қазақстан Рес­публикасы кәсіби Парламентінің қалыптасуы: саясаттанулық талдау» деген тақырыпта диссертация қорғады, саяси ғылым докторы дәрежесін алды. Бұдан басқа Ә.Бәкір өзінің Алаш қозғалысын зерттеу қорытындыларын 2008 жылы жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «Алаш қозғалысы саяси топ басшыларының әлеуметтік көзқарастары» деген оқу құралы етіп ұсынды. 2011 жылы оған әлеу­меттану мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы берілді.

Ғалым өнімді еңбек етіп келеді. Оның қаламынан шыққан 200-ден астам ғылыми-көсемсөз мақала, 15-тей кітап – қазақ қоғамының өзекті мәселелері туралы әлеуметтік мәні зор еңбектері отандық саясаттану ғылымына сүбелі үлес болып қосылды.

Әбдіжәлел Қошқарұлы жарты ғасыр отасқан жары, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, математика пәнінің жоғары санатты мұғалімі Туғанай ­Мұханқызымен ұл-қыз өсірген ата-ана, өрбіген немере-шөберенің мерейлі ата-әжесі.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақстанның мәдениет қайраткері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button