Басты ақпаратҚоғам

Тендер: триллиондар қалай игерілуде?

2022 жылдың қорытындысы бойынша тендердің көлемі 5,8 триллион теңгені құраса, 2023 жылы 6,6 триллионға жетті. Мемлекеттік сатып алу веб-порталында 100 мыңнан астам өнім беруші және 25 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелді. Жыл өткен сайын тендердің көлемі ұлғайып, оған қатысушылар саны артып келеді. Жемқорлық тәуекелі осы салада жоғары екені тағы анық. Осыған алаңдаушылық білдірген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алу жүйесін түбегейлі реформалауды ескертті. Тиісінше, Үкімет тиісті заңға өзгеріс пен толықтыру енгізді, мұны қос палаталы Парламент қолдады. Сатып алу конкурсы мүлде жаңа жүйеге бет алып, енді бағаның төмен болуы ғана емес, тауар мен қызметтің сапасы басымдыққа ие болуы тиіс-ақ. Біз Қаржы министрлігі мен сарапшы мамандардан осы бағыттағы жұмыстарды сұрадық.

Тендерге әркімнің-ақ таласы бар

Бұрын ғарышкер болғысы келетін балалар қазір кәсіпкерді таңдайды. Ал кәсіпкерлер тендерден олжалы болғанды қалайды. 2023 жылы zakupki.kz сайтында 20 мыңнан аса тапсырыс берілсе, 83 мыңнан аса жеткізуші тіркелді. Бір ғана ақпан айында 622 мыңнан аса лот жарияланып, мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Енді тендер деген не, оған кімдер, қалай қатысуға болатыны туралы анықтап ала­йық.

 «Тендер жаса»  компаниясы сату бөлімінің басшысы Жанерке Шалқар:

– Тендер – мемлекет өзіне қажетті тауар мен қызмет түрлерін сатып алатын процесс. Мұндағы мемлекет – Президент аппаратынан бастап Үкімет, министрлік, барлық деңгейдегі әкімдік, сондай-ақ бюджеттік мекеме – мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен емханалар, тағы басқасы. Тендер тәсілдері – конкурс, аукцион, баға ұсынысын сұрату, бір көзден алу, тауар биржасы, электрондық дүкен, – деп қысқа түсіндірді.

Яғни тапсырыс беруші қандай өнімді немесе қызметті сатып алғысы келетінін хабарлап, оған техникалық сипаттама қосып, интернет-ресурста жариялайды. Тауар ұсынатын кәсіпкер өз нұсқасын ұсынады. Ең төмен баға көрсеткен тұлға жеңімпаз атанады. Тендердегі жеңіс кәсіпкерлерге өз тауары мен қызметін ірі мөлшерде сатуға мүмкіндік береді. Тендерді жеке компаниялар да, мемлекеттік органдар да өткізе алады.

Тендер өткізілетін негізгі платформа – мемлекеттік сатып алу порталы (goszakup.gov.kz). Бұдан бөлек, «Са­мұрық-Қазына» АҚ және жер қойнауын пайдаланушылар порталын қосу керек.

Қаржы министрлігі Қазы­нашылық комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Тағаев «Заң жобасына сәйкес, мемлекеттік сатып алу конкурс, аукцион, баға ұсынысын сұрату, электрондық дүкен арқылы, бір көзден алу тәсілінің бірімен жүзеге асады» деді.

Қызығы, бір көзден алу тәсіліне жүгінетіндер көп болып тұр. Мәселен, былтыр Ақмола облысы Аршалы ауданында жол жөндеуге 1 мил­лиард теңгені бір көзден бермек болған шенеунік жұмыстан қуылды. Мемлекеттік сатып алуда заң бұзу фактісі көп. 2023 жылы Астана қаласының прокурорлары тексеріс барысында 23 фактіні анықтап, 3,9 миллиард теңгенің заңсыз мемлекеттік сатып алу қорытындысын жойды. Мұндай фактілерді жүздеп, мыңдап келтіруге болады.

Шетел тәжірибесі қандай?

АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Австралия және Қытай сынды озық елдердегі мемлекеттік сатып алу жүйесін талдайық.

1972 жылы АҚШ-та Федералды реттеу туралы, 1984 жылы Федералды сатып алу ережелері заңды түрде мемлекеттік сатып алу механизмін іске асыруға мүмкіндік берді. Бүгінде штаттарда мемлекеттік сатып алу ел бюджетінің 15 пайызын құрайды.

ЕО-да сатып алуды ұйым­дастырудың 2 моделі бар. Яғни бөлінген (орталықтандырылмаған) және орталықтандырылған. Германиядағы мемлекеттік сатып алудың ерекшелігі – экономикалық тиімділік арзан тауарлар мен қызметтерді білдірмейді. Мәселен, қоршаған ортаға әсер ететін тапсырыс туралы сөз болғанда, өндіріске ең қолайлы жеткізуші таңдалады. Ондағы электрондық сатып алудың маңызды аспектісі – ақпараттың қауіпсіздігі мен құпиялығын сақтау. Яғни үшінші тұлғаға ақпарат қолжетімсіз болуы тиіс.

Австралияның мемлекеттік сатып алу секторы «value for money» (ақшаның құны) принципі негізінде ұсынылады. Бұл принцип тиімділікті анықтаудың белгілі бір тұжырымдамасы саналады. DOFA веб-сайтында жарияланған тапсырысты сатып алу конкурсы кезеңінде жақсы нәтижеге қол жеткізгендер алады.

2002 жылы Қытайда мемлекеттік сатып алу туралы заң (GPL) күшіне енді. Осы заңға сәйкес, басқа елдердегі мемлекеттік сатып алу жүйесінен ерекшеленетін ережелер бар. Мемлекеттік органдары мен заңды тұлғалары, импорттық тауарлардан 20 пайызға қымбат тұратын жағдайды қоспағанда, отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға міндетті. Сондай-ақ тауардың тізбесін, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін, өзге шарттарын реттейтін басқа да заңға тәуелді актілер бар. 2012 жылы мемлекеттік сатып алулар туралы ақпаратты орналастыру үшін Қытайдың бірыңғай ресми сайты іске қосылды. Бұл сайтты Қытайдың Логистика және сатып алу федерациясы (CFLP) құрып, басқарады және қатысушыларға ақпарат береді.

«Әлемдік экономикалық қатынастардағы халықаралық тендерлер» атты тақырыпта зерттеу жүргізген ғалым Александр Ладягиннің дерегінше, әлемдік сауда айналымының 20 пайызы тендер арқылы іске асады. Кейбір ірі елдерде бұл сатып алулар ЖІӨ-нің 10-15 пайызына жетеді. Кем дегенде 50 мил­лиард доллар жыл сайын ірі халықаралық ұйымдар мен даму банктерінің тендерлік бюджетіне қол жеткізеді.

Заңдағы өзгерістер туралы не білеміз?

Бұған дейін мемлекеттік сатып алу конкурсынан жеңімпаз болған компания­ға жеңілгендер сотқа шағымданып, үсті-үстіне арыз жазатын. Шағым қаралғанша шартқа қол қою доғарылады. Бұл жобаны іске асыру мерзімінің созылуына әкеледі. Мерзімін сақтамай, міндетін дұрыс атқармаған мердігер ақысын алмай, ақырында «қара тізімге» енеді. Сөйтіп, 2 жыл мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайды. Бұл да кәсіпкерліктің ілгерілеуіне теріс әсер ететін факт. Қазір ел-жұрт тапсырыс берушілер мен тендерді ұтқандар табыстың бір бөлігін бөліске салатынын ашық айтып жүр. Осыдан кейін жолдың немесе мектеп құрылысының сапасы туралы не айтуға болады? Міне, сыбайлас жемқорлықтың иісі осы жерден шығады. Президент айт­қандай, жаңа заң жобасында осындай қателікті болдырмау маңызды.

Қаржы министрлігі Қазынашылық комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Тағаев:

– Заң жобасына сәйкес, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру туралы ақпаратты жинауды, талдауды, жүйелеу­ді және бағалауды жүзеге асыру мақсатында уәкілетті орган веб-портал арқылы және ондағы ақпарат негізінде мемлекеттік сатып алуға мониторинг жүргізеді.

Заң жобасының мақсаты – сатып алынатын тауардың, жұмыстың және қызметтің сапасын арттыруға, сатып алу рәсімін оңайлатуға, бюрократиядан арылтуға және одан әрі автоматтандыруға маңыз беріледі.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінің деректерін кеңінен пайдалану арқылы бағалық емес критерийлерді әзірлеу, қоғамдық бақылауды енгізу, рәсімдерді өткізу мерзімін қысқарту, шағымдану тәртібін қайта қарау көзделді, – деп түсіндірді.

Қазір не көп, тендер үйрететін орталық көп. Офлайн форматта оқыту франшизасын сататындар аз емес. Wildberries, Kaspi-ден табыс табудың қыр-сырын оқытуға шақыратындар да бар. Тендерді меңгеріп, халықтың табысы артса мейлі ғой, бірақ бұл салада да сыбайластардың дәурені жүріп тұрғаны жасырын емес. Спикер Ғалымжан Тағаев айтқандай, жаңа заңда мемлекеттік сатып алу конкурсының ашықтығы мен жариялығы жан-жақты қамтамасыз етілсе жақсы.

Р.S:Тендердегі триллиондар қалай игерілуде? Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Тендердегі триллиондардан еншісін алып, Дубай, Лондон, Париж, Ыстанбұл және басқа қымбат қалалардан қос-қостан тұрғын үй сатып алып жатқан болар. Мейлі, байыса, қазақ байысын! Тек мемлекеттік сатып алу конкурсы мемлекеттің мүддесіне жұмыс істесе болғаны.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button