Басты ақпаратҚоғам

Теңдесі жоқ ерлік!

Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен ерлеріміз аз емес. Бірақ фашизмнің ордасы Рейхстагқа жеңіс жалауын қадаған Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігінің теңдесі жоқ! 1948 күнге созылған қырғын соғыстың аяқталар тұсында, яғни неміс басқыншыларын Берлинге дейін өкшелей қуып, өз ордасында талқандау кезінде жаралы арыстандай арпалысқан жау әскерлері қатты қарсылық көрсетіп бақты. Әрбір көше, әрбір үйге бекініп алған олар соңғы күштерін жинап, өліспей беріспеуге бекінген сыңайлы. Бірақ бейбіт жатқан еліміздің тыныштығын бұзып тұтқиылдан соғыс бастаған Герман фашизміне деген өшпенділігі мен соғыс құрбандарының кегін қайтаруға бекінген Кеңес әскерлері улы жылан ордасы Рейхстагты тізе бүктіру үшін жан аямай шайқасты.

1945 жылдың 30 сәуірі, оқ қарша борап тұр. «Гиммлер үйінен» Рейхстагқа дейінгі аралық бар-жоғы 350 метрдей ғана. Қол созымдай жер, бірақ тым алыс сияқты еді. Қиянкесті ұрыс аралығында батальон командирі лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатовқа Рейхстагқа жеңіс туын қадауға тапсырма береді. Өте қатерлі де жауапты міндет.

ЖЕҢІС ТУЫН ТІККЕН

Тәуекел! Бұйрық талқыланбайды, орындалады! Олар қаншама қиындықтармен қарыс жерді 7 сағат жербауырлап еңбектеп, мың өліп, мың тіріліп ғимаратқа жетіп жеңіс жалауын тігеді. Уралап ұрандаған дауыстан құлақ  тұнады. Жеңіс жалауының желбіреуі жауынгерлердің рухын көтеріп, жаппай шабуылға шығады.

Сол күні Рейхстагтың әр қабатында қызыл тулар тігілгенімен, алғашқы болып Рейхстагтың ұшар басына ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігі бәрінен асқақ, бәрінен биік еді. Бірақ тоңмойын кеңестік жүйе бұратана халық өкілдеріне мұндай ерлікті қимады. Олардан кейін ту қадаған орыс пен грузин халқының өкілдерін бірінші  орынға қойып, «Совет Одағы Батыры» атағын берді. Бұл, әрине, үлкен қиянат еді. Кейін Қазақстан басшылары бірнеше мәрте бұрмаланған шындықты қалпына келтіріп, Рақымжан Қошқарбаевқа Батыр атағын сұрағанда шовинис­тер «Тарихты қайта қарап қайтеміз» деп қысқа жауап беріпті.

Әлемге аты әйгілі батыр ағамыздың туған жері – Ақмола облысы Тайтөбе ауылы. Ата-анасынан ерте айырылған бала Рақымжан Тайтөбедегі интернатта оқып, тәрбиеленді. Мектептен кейін Балхаш қаласындағы фабрика-завод училищесінде оқып, мамандық алып, туған ауылына келіп еңбекке араласады. 1941 жылы соғыс басталғанда бірден майданға сұранып, өтініш жазады. Бірақ жасы 16-да ғана болғандықтан, ол Фрунзе қаласындағы әскери училищеде қысқа мерзімді оқу-жаттығудан өтеді. Оны 1-Беларусь майданына жібереді. Талай қиянкесті ұрыс­тарға қатысып, Берлинге дейін жетеді. Отқа түсіп жанып, суға түсіп қайнап, толарсақтан қан кешкен майдан даласындағы қырғынды бастан кешірген ержүрек жауынгер Рақымжан Рейхстагқа жеңіс жалауын тігумен соғыс жолын абыроймен аяқтайды.

Небәрі 21 жасында кеудесін оққа төсеп, көзсіз ерлік жасаған даңқты ағамыздың лайықты бағасы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана берілді. Ел Президентінің Жарлығымен 1999 «Халық қаһарманы» атағы беріліп, әділдік салтанат құрды. Бұл күндері Астана қаласында еңселі ескерткіш орнатылып, көше аты берілді. № 44 мектеп батыр атымен аталады. Сондай-ақ еліміздің басқа да қалаларында Р.Қошқарбаев атындағы көше, мектептер бар. Жас жеткіншектерді отансүйгіштікке, патриотизмге баулуда әскери оқу орындары мен мектептерде үнемі тағылымды іс-шаралар өткізіліп тұрады. Қаншама кітап, мемуарлар, естелік фото-альбомдар, методикалық әдістемелік оқулықтар жазылды.

Жазушы, зерттеуші Болат Кәрішалұлы Асанов талмай ізденіп жүріп Рейхстагқа ең бірінші болып Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов екенін дәлелдеп шықты. 2005 жыл Ресей Президенті В.В.Путинге хат жолдап, оған Путин тарихи шындықты мойындап, қолдайтынын айтып жауап жіберген. Бұл – үлкен жетістік.

Болат Асановтың «Жеңіс туы. Кешіккен шындық» деген атпен кітап шығарғанын біреу білсе, біреу білмейді. Бұл туралы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған «Достық» үйінде өткен конференцияда автордың өзі Алматыдан арнайы келіп қатысып, баяндап берді. Аз ғана тиражбен шыққан бұл кітап маңызды тарихи құжат болып саналады, сондықтан оны қайтадан бастырып білім беру орындары мен әскери-патриоттық тәрбие беретін мекемелерге тарату керек, – деп Еуразия ұлттық университетінің профессоры, осы университет ардагерлер ұйымының төрайымы Күлзира Идирисовна Искакова ұсыныс білдірді.

Алдымыздағы жылда Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл болмақ. Соған орай соғыс батырлары мен құрбандарын мәңгілік есте қалдыру мақсатында ауқымды шара өткізіледі. Оған дайындық қазірден бастап ойластырылуда. «Даңқ» орденінің толық кавалері, жерлесіміз А.Сембиновке есерткіш қоюды қарастырып отырмыз, – деді қалалық Ардагерлер кеңесінің  төрағасы Сансызбай Сейтжанұлы Есілов.

Тау шөгіп, таусылмайды дариялар, ел барда ердің ісін тани алар, – демекші, халқымыз елі үшін, Отан үшін құрбан болған ерлерін ешқашан ұмытпақ емес. Олар мәңгі жасайды!

ЕСТЕН КЕТПЕС КЕЗДЕСУ

Аты аңызға айналған батыр ағамызбен сәті түсіп кездескенімді айтсам біреу сеніп, біреу сенбес. Бірақ бұл шындық. 1979 жылдар болар шамасы, Семейден іссапармен Алматыға келдім. Мақсатым – Бүкілодақ Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын алған Баян Сағынбаева туралы фильм-концерт жасау. Хабардың редакторы – авторы ретінде келісілген уақытта студияға баруға көлік тосып тұр едім, атақты айтулы әнші Жәнібек Кәрменов кездесе кетті. Жәнібек Семейдің Абай ауданының тумасы, Баян­мен мектепте бірге оқыған. Біздің келген жұмысымызды білген соң біраз ақыл-кеңестерін беріп, ертең кездесеміз деп кетіп қалды. Ертеңінде «Жүріңдер, қыздар, мен сендерді түскі асқа апарайын» деп жарқылдап кіріп келді. Біз де  тез жиналып, соңынан ердік. Ол бізді дәмханаға емес, Ленин көшесіндегі (қазір Дос­тық даңғылы деп аталады) бір үйге алып келді. Үйге кіріп, қонақ бөлмесіне өткенде қабыр­ғада ілулі тұрған үлкен суретке көзім бірден түсті. Атақты ұшқыш, Совет Одағының Батыры, екі аяғы жоқ А.Маресьев пен Рақымжан Қошқарбаевтың суреті. Таңданып қарай бергенімде жылы жүзді, орта бойдан жоғары, тығыз денелі, көзі нұрлы орта жастан асқан аға «Қыз­дар, қош келдіңдер, төрлетіңдер!» деп ілтипат білдіріп бәйек болды.

Мен Рақымжан ағаларың боламын, мына Жәнібек менің інім, одан да жақын, балам! – деп Жәнібекті қапсыра құшақтап жатты.

Бұрын суреттерден ғана көрген атақ-даңқы жер жаратын Рақымжан ағаның үйіне келгенімізге сенер-сенбесімізді білмей, бір жағынан абдырап, қысылып тұрмыз.

Бізден басқа ерлі-зайыпты екі адам болды. Екеуі де дәрігер екен. Ерінің атын ұмыттым, әйелінің аты – Баян. Өз саласының білікті мамандары деп ол адамдар жайлы мейірлене баян­дады.

Ағамыз өнер десе ішкен асын жерге қояды екен. Әсіресе халық әндеріне деген ықыласы бөлек. Әр әннің тарихын да сөздерін де біліп, әңгімелеп отырды. Қазақ өнерінің нағыз жарық жұлдызы Жүсіпбек Елебековтың шәкірті теңдесі жоқ әнші, көсем сөз шебері, жазушы, ел мақтанышы Жәнібек Кәрменовтың басынан құс ұшырмай мақтап, дәріптеп, барлық ниетін төгіп елжіреп отырғаны қандай керемет, шынайы десеңізші.

Жәнібек бірнеше ән салды. Тойда отырғандай әсердеміз. «Ал қызым, сен туралы көп естідім. Абай елінің қызы екенсің. Ұлылардың ізі қалған жерден талант шықпай тұра ма, Москвадан үлкен сыйлық алып келіпсің, құтты болсын! Жәнібектің досы, құрдасы болсаң, менің де аяулы қарындасымсың, қысылма қарағым» деп Баянның ән салуын өтінді. 16 жасында Кремль сахнасында «Қаракөзді» ойнап, өнер көгінде жарқ еткен Баян бұл кезде танымал әнші екенін дәлелдеп, сыңғырлатып бірнеше ән орындады. Еліктің лағындай сүйкімді Баян ән салғанда тіпті сұлулана кететін. Өнер мен сұлулыққа жаны құмар ағамыз небір әдемі мадақтар айтып, бәрімізді желпіндіріп жіберді.

Алғашқыдай емес, бойымыз үйрене  бастады. Әңгіме, небір естеліктер айтылды. Әрине, өнер, музыка жайында. Мен журналистік қызығушылық әдетпен:

– Аға, Сіз Рейхстагқа ту тіккенде неше жаста едіңіз? – деп еркімнен тыс сұрақ беріп қалдым.

– 21-ге таяп қалып едім, – деді аға бірден ойлы қалпына түсіп.

Тағы да тыныш отырмай:

– Оқ пен оттың арасына кіргенде қорықпадыңыз ба? – дедім.

– Қорықтым. Ажалдан қорықпайтын адам болмайды. Бірақ жан тәтті болғанмен бұйрық қатты еді, соны орындау керек деген борыш болды. Жер бауырлап жатқанда маңдайымызға кірпіш қойдық, оқ тисе тесіп өтпесін деп, ол да далбаса бір әрекет қой, қарағым. Ажалымыз жоқ. Сондықтан бұйрық орындалып, Жеңістің туы желбіреді! Осылай, қарағым! Негізі мен соғыс тақырыбында айта бермеуші едім. Айтпайтынды айтқыздыңдар, Жәнібектің досы мен жеңгесі, – деп рахаттана күлді.

Ертеңінде «Гүлдердің» гүлі болған Қапаш Құлышеваны алып, ағаның саяжайына бармақ болып тарқастық. Бірақ мен ол отырысқа өкінішке қарай, съемка болып бара алмадым. Барып, қатысып келген Баян аузын ашып, көзін жұмып, таң-тамаша болып келді. Саяжайға Қапаш екі баласымен келді, олар аталап, ағаның жанынан қалмайды екен, керемет, мен мынадай өнерге табынған фанатты бұрын-соңды көрмеппін, – деп ағаның адамгершілігі мен кісілігін айтып тауыса алмады.

Айтсам баға жетпес, мәңгі естен кетпес, қазақтың төлқұжаты саналатын, ғасырда бір туатын, ұлт батыры, қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевпен кездесіп, үйінен дәм татып, дастарқандас болғанымды ойласам, жаныма маздаған жылу келеді. Ол – тағдыр сыйы. Ол – менің маңдайыма бұйырған журналистік саладағы бақытым. Сексенге толған жасымда жалған сөйлесем арыма сын. Бұл болған оқиға. Ақиқат!

Батырдың 100 жылдығына орай өткізілген конференцияда игі жақсылар мен ұлт зиялыларының естелігін тыңдағаннан кейін мен де осы бір естелікті айтқанды жөн көрдім.

Қарлығаш ҚҰСПАНОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button