Басты ақпаратРуханият

Теңдессіз Тенор

«Астана Опера» театрындағы «Жібек жолы» халықаралық музыкалық фестивалінің шымылдығын ашқан «Біржан – Сара» операсында Біржан партиясын орындаушы,
Татарстанның Халық әртісі, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, жерлесіміз Ахмед Агадиге
жолығып, бірнеше сауал қойған едік.

– Туған еліңізге қош келдіңіз! Көршілес елдерде, әлемнің сахналарында теңдессіз тенор ретінде танылдыңыз. Сіздей талант иесінің жерлесіміз болғандығына шынында да таңқалып, тамсанып тұрмын. Әңгімені осыдан бастасақ деймін.

– Мен көзімді ашып, дүниеге келгелі, есімді танығалы қазақ тілінде сөйлеймін, кіндік қаным тамған жер – туған жерім қазіргі Түркістан облысындағы Алғабас ауданы Шаян маңындағы Жыланды ауылы. Балалығым, жастығым өткен жер. Кәдімгі қарапайым қойшының баласымын. Он жыл мектепті де осы ауылда бітірдім, мектепте, әскерде жүргенде ән салдым. Кейін Ресейде оқып, осы елдің Еңбек сіңірген әртісі деген атаққа ие болдым, Татарстанның Халық әртісі мәртебесіне ие болдым. Тек, қынжылтатыны сол – туған жерім, өскен ауылым осында болса да, қазақ өнері, қазақ сахнасы үшін қаншама еңбек етсем де мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алмадым, туған жеріме соңғы жылдары өте сирек келетінім де өкінішті, әрине, әлі де болса, жерлестерімнен осындай ықыласты күтемін, бұйырса, алдағы уақытта ескерер деп ойлаймын. Өйткені бұл сөзімнің орны да, жөні бар екенін ыстық ықыласты көрермендеріміз растап отыр. Жасың ұлғайған сайын жерлес­теріңнің ықыласынан, марапатынан артық қуаныш, бақыт жоқ деп ойлаймын. Жаратқан берген талантты, дауысты, мінезді туған өлкеме бергім келеді, көрсеткім келеді, ал өнер адамы мұндайды жерлестерінің жаңағыдай қолпаштауын, демеуін күтетіні сөзсіз.

Қазақтың ұлттық классикасындағы ұлы мұраларының бірі, ұлттық опера өнерінің алды саналатын «Біржан – Сара» операсы – мазмұнымен де өте құнды шығарма

– «Біржан – Сара» операсының он жыл бұрынғы премьерасында басты партияны өзіңіз орындаған екенсіз. Қою­шылар осы жолы операның жаңа форматтағы басқаша үлгісін ұсынып отырмыз дейді, орындауда қандай жаңашылдықтар бар, оны өзіңіздің қабылдауыңыз қалай?

– Қазақтың ұлттық классикасындағы ұлы мұраларының бірі, ұлттық опера өнерінің алды саналатын «Біржан – Сара» операсы – мазмұнымен де өте құнды шығарма. Заманының заңғар тұлғасы, ерек өнер иесі – Біржан салдың образы он жыл бұрын қатты ұнаған болатын. Ақиқатты айтып, шындықтан тайсалмайтын Біржанды сахнада көрсету – мен үшін зор мәртебе, абырой. Біржанның ішкі жан дүниесін беру, оны болыс Жанбота, інісі Жиенқұл мен жандайшаптарының қинап, азаптағандағы дауыс иірімдерін жеткізу оңай емес. Болыстың қатыгездігін, зұлым әрекеттерін аяусыз әшкерелейтін, көпшілік жақсы көрген ән – «Жанботаны» жеріне жеткізе шырқау, халықтың мұң-мұқтажын, зарын жеткізу – үлкен шеберлікті, кәсіби ізденіс пен мол тәжірибені талап етеді. Араға жылдар салып сүйікті образыммен қайта қауышып жатырмын, ішкі толқынысымды айтып жеткізе алмай тұрмын, мен үшін Біржан, оның образы – өзгелер айта алмаған шындықты жеткізетін айрықша өнер иесі, ақиқаттың алдаспаны, өзімнің де болмысым, өмірге көзқарасым осы өнер иесіне жақын болғандықтан, әнші образын барынша көрсетуге тырыстым.

Тек, қынжылатыным сол – туған жерім, өскен ауылым осында болса да, қазақ өнері, қазақ сахнасы үшін қаншама еңбек етсем де мен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алмадым

– Әртістердің сахнаға шығар алдында барлық мизансценалық нюанстарды, вокалдық және актерлік міндеттерді алдын ала пысықтап алатыны белгілі. Қазақстандық әріптестеріңізбен ұжымдаса отырып, сахнаға шығу сізге не береді, әсеріңіз қандай?

– Әрбір сахнаға шығар алдында толқынысты сәттер болады. Жаңа сөздер үйрену, тексті толығымен қайталау, эмоциясы мен іс-қимылын жеткізу оңай емес. Бұл жеке және ұжымдық үлкен дайындықты қажет етеді, бұған өнер иесі асқан жауапкершілікпен келетіні даусыз. «Біржан-Сара» қойылымында дирижер тұғырында – музыкалық редакция авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин болғанын білесіздер. Әнші табиғатын беруге әсіресе, дирижердің, оркестрдің қолдауы, сүйемелдеуі өте керек, оларға шексіз алғысымды айтамын. Қазақстандық әріптестерімізден Нұржамал Үсенбаевамен осында, шетелдерде айттым, Гүлзат Дәуірбаева, Дина Хамзина, Жұпар Ғабдуллина, Айгүл Ниязова, тағы басқа да көптеген талантты әншілермен бір сахнада өнер көрсету бақытына ие болдым. Опера театрының ұжымы мені жақсы көреді, олармен жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе.

– Фестиваль 14-желтоқсанға дейін жалғасады, көрер­мендердің назарына әлемдік жұлдыздардың қатысуымен опера және балеттік спектакльдерден «музыкалық керуен» ұсынылатыны мәлім. Театр, фестиваль, көрермендерге қатысты пікіріңіз қандай?

– Әдемі безендірілген, көрікті «Астана опера» театры – өте тартымды өнер ордасы. Әсіресе, мұнда жастардың көптеп келуі қуантады. Мұнда ерекше атмосфера, ерекше шығармашылық аура қалыптасқанын, дәстүрге айналғанын тез аңғаруға болады. Театрдың репертуары жыл сайын жаңаланып, даму үстінде, осыған қатты қуанамын. Мені басты партияда ойнауға шақырғаны үшін де әріптестеріме, театр басшылығына зор алғысымды білдіремін.

– Алдағы уақытта қазақстандық, шетелдік қандай әнші, композиторлармен бірлесе жұмыс істегенді қалайсыз, өмірде жетсем, орындасам деген армандарыңыз бар ма?

– Мен әлемнің әртүрлі елдерінде, әр тілде сахнада өнер көрсетіп жүрмін. Ресейден көптеген сазгерлер хабарласып, шығармаларын ұсынды. Дәл қазір олармен жұмыс істейтін уақыт тапшы болғандықтан, ұсыныстарын қабылдай алмай жатырмын. Бірақ, Алматыда көптен күткен мақсатым орындалды, онда халық әндерінен тұратын шығармашылық кешімді өткіздім.

Алдағы уақытта «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров айтқанындай, елде жеке шығармашылық кешін өткізсек, жерлестерімнің өнерімді бағалап, қолдағанына куә болсақ дейміз. Оның айтуынша, қазақ өнеріне қосқан үлесім қомақты, қандай да марапатқа лайықты деп есептейді. Бүгінгі концертке де сол туған жерімнен туыстарым, достарым, ауылдастарым келіп қуантып отыр.

– Сізге шығармашылық табыстар тілейміз, сұхбатыңыз үшін рахмет!

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button