Ел тынысы

Теңге ілу спортынан қызу дайындық жүруде

Бүгін Астанада Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының «Теңге ілу» федерациясы өңірлік теңге ілу спортының бапкерлерімен және спортшылармен кеңейтілген алқа отырысын өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Республикалық «Теңге ілу» федерациясының президенті Амангелді Әбдіқадыров 2024 жылы республика көлемінде және халықаралық деңгейде өткізілетін бірқатар іс-шараға кеңінен тоқталды.

«Ел ішінде ғана емес, басқа да мемлекеттерге теңге ілу спортын танытып, насихаттау бағытында бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Оның ішінде биыл көздеп отырған ең басты жоспарымыз ол әрине, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарымен байланысты. Қазіргі таңда осы байрақты бәсекеге тыңғылықты дайындық жүріп жатыр. Бұдан өзге Азия кубогі және Азия чемпионаты сияқты халықаралық жарыстар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, сәуір айында Халықаралық теңге ілу федерациясын ашу жоспарда бар», – деді А. Әбдіқадыров.

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын жоғары деңгейде өткізу үшін барлық федерацияға дайындық жұмыстарын күшейту тапсырылғанын атап өтті.

Сондай-ақ, алқа отырысына жиналғандар теңге ілу спортын дамытуға, оның ережесін жетілдіруге қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Айталық, спортшының шауып өткен уақыты теңгені іліп алуға берілген уақыттан асып кеткен жағдайда, әрбір секунд үшін 1 теңге (1 ұпай) шегеріп отыру туралы өзгеріс енгізу ұсынылды. Бұл өзгерісті жиналғандар бірауыздан қолдады.

Жиналғандардың назарына теңге ілу спортының ережесі түсіндірілетін арнайы бейне ролик көрсетілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта осы ұлттық спорттың шығу тарихы туралы деректі бейне ролик түсірілетіні мәлім болды.

фото: ulttyqatsport.kz/tenge?lang=kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button