Теңге күніне тарту

ҚР Ұлттық Банкі Орталық филиалында Қазақстанның ұлттық валютасын айналымға енгізуге тікелей қатысқан Ұлттық Банктің қызметкерлері мен зейнеткерлерін естелік медальдармен марапаттау рәсімі өтті.
ҚР Ұлттық Банкі Орталық филиалының директоры Әмірбек Санкубаев Ұлттық Банктің бір топ қызметкері мен зейнеткерін ұлттық валюта – теңге күнімен құттықтап, бірнеше озат банк қызметкеріне алғыс хат тапсырды.
– Теңгенің айналымға енгеніне 30 жыл толып отыр. Осы жолда еңбектенген барша ардагерлерімізге, банк қызметкерлеріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Теңгеміз тұрақты, қаржы секторы бәсекелі болсын, мемлекетіміз өсіп, гүлдене берсін, төл мерекеміз құтты болсын! – деді Әмірбек Бөріұлы салтанатты іс-шара кезінде.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күні-түні еңбек етіп, ұлттық валютамыз айналымға енген кездегі жауапты сәттерді тебірене еске алған ардагерлер банк жүйесі саласында істеген жылдардағы жақсы естеліктерін айтты. Банк саласының ардагерлері сөз алып, өздеріне жасалып отырған қамқорлық жөнінде ризашылығын білдіріп, теңгенің ел игілігіне қызмет ете беруін тіледі.
– Еліміздің экономикасын дамытуға, тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қаржы саласының еңсе тіктеуіне, ұлттық валютамыздың айналымға енуіне сіңірген еңбегі орасан ардагерлер – бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған құрметті азаматтар. Еліміздің дамуына титтей болса да үлес қосқанымызды мақтаныш етеміз, – деді зейнеткер Мұқат Сейфуллин.
– Елде экономикалық байланыс үзіліп, өңірдегі тұрғындар жалақы, зейнетақы ала алмай, қаржыдан тарыққан кезде бізде де банк саласында бәрі оңай болған жоқ, қарауымдағы 60-тан астам адамды ортақ іске жетелеу, бұрын-соңды жасамаған тың жолды таңдау, жұдырықтай жұмылып жұмыс істеу, әрқайсысының бабын табу оңай болған жоқ. Бұл үлкен жауапкершілік еді. Табанды еңбек, төккен тердің арқасында барлық қиындықтан абыроймен шықтық. Тәуелсіздіктің төл теңгесі – еліміздің асқақ абыройы, айрықша символы. Сол жолда қызмет еткенімізге ризамын, барлығыңызға амандық пен абырой тілеймін! – деді банк саласының ардагері Татьяна Гуменюк.