Экономика

Теңге құны неге өзгерді?

Шілде айының аяғына жақындағаннан-ақ теңге бағамы күрт төмендей бастады. Шілде айының 26 күні Астананың кейбір айырбас пункттерінде бір доллардың құны 360-364 теңгеге жеткен болатын. Ал 27 күні теңгенің долларға шаққандағы орташа бағамы 354-359 теңге шамасына тұрақтады.

11794-6-chto_dast_kazahstanu_s_ru

– Қазіргі уақытта Ұлттық Банк еркін өзгермелі айырбастау бағамы кестесін қолдануда. Бұл айырбастау бағамының бірқатар факторларға қарай, бірінші кезекте, мұнай бағасына және сауда бойынша әріптес елдер валюталарының бағамдарына қарай күнделікті өзгеруіне мүмкіндік береді. Бұл ретте теңгенің бағамына нарыққа қатысушылардың болжамдары, бюджет қаражатының қозғалысы, салық төлеу кезеңдері және соңғы айлардағы долларсыздандыру үрдісі сияқты ішкі факторлар да әсер етеді, – деп түсіндірді Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Әділ Мұхамеджанов.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың шілдесінде мұнай бағасының төмендеу үрдісі байқалған. Бұған қоса, мұнай өнімдері нарығындағы ұсыныс көлемі бұ­рынғыдан өскен екен. Мұнайды ірі мөлшерде тұтынатын АҚШ-та «қара алтынның» жеткілікті қоры туралы де­ректердің жариялануы да, сондай-ақ бұл елде бұрғылау ұңғымалары са­ны­­ның көбеюі де теңге бағамының тұрақ­сыздануына өз ықпалын тигізіп жатса керек.
– Соңғы кезде рубльдің серпіні мұнай бағасының өзгеруіне сезімталдықтың төмендегенін көрсетіп еді. Бірақ жеме-жемге келгенде, рубльдің АҚШ долларына қатысты құны мұнай бағасының құлдырауы аясында бәрібір төмендеді. Елімізде теңгенің долларға шаққандағы құны 350 теңгеден асып кетуі – сауда бойынша әріптес елдердегі валюта баға­мының өзгеруі де әсерін тигізді, – дейді Ә.Мұхамеджанов.
Ал «Халық Банкі» АҚ-ның еншілес «Halyk Finance» компаниясы Зерттеу департаментінің директоры Мұрат Темір­­ханов болса теңгенің бұдан бірнеше күн біртіндеп құнсыздана бастағанын, ол кезде мұнай бағасы әлі төмендей қой­мағанын алға тартады. Яғни, «бі­рін­ші кезекте мұнай бағасы теңгені құнсыздандырды» деген пікірмен мүлдем келіспейді.
– Бұл арада санадағы қорқыныш та үлкен рөл ойнайды. Қазір бәрі бірдей белсенді түрде доллар сатып алуға көш­ті. Сол себептен нарықта доллардың жетіспеушілігі байқалады. Оның үстіне нарыққа қатысушылар «Мұнай бағасы әлі төмендейді. Сол кезде теңге одан сайын құнсыздана түседі» деген қорқынышқа бой алдырып отыр. Түсінікті тілмен айтқанда, теңгенің тұрақсыздануына бұл арада психологиялық фактор да үлкен әсерін тигізіп отыр. Әрине, мен мұнай бағасы мүлдем әсер етпейді деп айта алмаймын. «Қара алтынның» әсері де зор екені сөзсіз. Бірақ валюта бағамына одан бұрын өзіміздің санамыздағы қорқыныш көп әсерін тигізіп тұрғанын да мойындауымыз керек, – дейді Мұрат Темірханов.
Ресми мәліметтерге қарағанда, 16 шілде мен 26 шілде аралығында мұнайдың бір баррелі 48,09 доллардан 44,78 долларға дейін төмендеген. Мамандар қазіргі уақытта мұнай бағасына қатысты нақты болжам айта алмай отыр. Жағдай осылай жалғаса берсе, біздегі қорқынышқа бой алдырған халық депозиттеріндегі салымдарын теңгеден қайтадан долларға айырбастап, теңгенің құнсыздануын одан сайын күшейтіп жіберуі де ғажап емес. Жұрттың бәрі жаппай доллар сатып алуға көшкен соң, доллар дефициті өзінен-өзі туындайды. Бұл ретте жоғарыдағы екі маманның пікірі де шындыққа жанасымды екенін ескерген дұрыс-ау.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button