Экономика

ТЕҢГЕ ТУРАЛЫ ТЕҢГЕБАЕВТЫҢ ТҮСІНДІРМЕСІ

Ардак Тенгебаев

Қаржы мен жылжымайтын мүлікті заңдастыру акциясы басталған алғашқы үш күннің ішінде жергілікті әкімдіктерде құрылған комиссияға 200-ден аса адам хабарласыпты. «Бұл – науқанға деген жұртшылықтың қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді» дейді ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар орталығында өткен брифингте қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаев.

Осынау науқан кезінде ақша мен бағалы қағаздарды, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы қатысу үлесін, басқа адамға рәсімделген және Қазақстан аумағынан тыс жердегі жылжымайтын мүліктерді заңдастыруға болатынын айтқан вице-министр алымды жария ету үшін алым сомасын аударуға бюджеттік сыныптауыштың арнаулы коды ашылғанын хабарлады. Код нөмірі – 206110.

Мүлікті заңдастыру үшін қажет болатын құжаттардың тізіміне тоқталған ол мүлкін заңдастырғысы келгендер жергілікті әкімдіктерде құрылған арнаулы комиссияға өтініш беру қажеттігін еске салды. Оған қоса, жеке куәліктің көшірмесін ұсынуы тиіс.

Жылжымайтын мүлікті жария еткен жағдайда, нысанның құрылыс нормалары мен қағидаттарына сәйкестігі туралы сарапшының аттестатталған қорытындысы болуы қажет.

Қазақстан аумағынан тыс жерде орналасқан мүлікті жария ету үшін азаматтар Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитетінің (бұрынғы Салық комитеті) аумақтық бөлімшелеріне барғандары жөн.

Ал, жарғылық капиталда қатысу үлесі үшін – құқық белгілеуші құжаттың нотариус куәландырған көшірмесі, бағалы қағаздарды жария ету үшін – меншік құқын растайтын құжаты, мүліктің сатып алынғанын немесе бағалау құнын растайтын құжаты, мүлікті жария еткені үшін алынатын алымның төленгенін растайтын құжаты болуы керек. Ақшаны заңдастырғысы келгендер екінші деңгейлі банктер мен «Қазпоштаға» баруы қажет.

Брифингте сөз сөйлеген әділет министрінің орынбасары Бақытжан Әбдірайым акция аясында еліміздің әділет органдары жүргізіп жатқан жұмыстармен таныстыра келе, заңға қатысты ең жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар дайындап, «Электрондық үкімет» порталына жолдағандарын жеткізді.

Еске сала кетейік, мүлікті жария етуге өтінішті қабылдау – 2015 жылдың 15 қарашасына дейін, ал капиталды жария ету 2015 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасатын болады.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button