Басты ақпарат

ТЕҢІЗ ТАМЫРШЫСЫ

Еліміздің бас ордасы Ақмо­ла жеріне көшіп, астана Астана бол­­­­ған аз жылдың ішінде әкім­­­шілік орталық ретінде ғана қа­лыптасып қой­май, сөз киесімен біте қайнасқан рухани ортаға да ай­налып үлгерді. Ал мұндай ор­таны, әл­бетте, астанаға ат басын бұрған әдебиет пен руханият қайрат­кер­лері қалыптастырды.  Олардың арасында  шоқтығы биік жазушы, алаштанушы, зерттеуші ғалым Әнес Сарай да бар. Қабырғалы қаламгер, өзіндік тарихи және әдеби көзқарасы әбден толысқан азамат Әнес Сарай биыл 75 жасқа шықты. 

Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, бел­гілі жазушы, драматург Әнес Сарайдың мерейтойы-на арналған «Ұлт. Тарих. Қаламгер» атты шығар­ма­шы­лық кеш Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтті. Оған ҚР Мемле­кеттік хат­шысы Мұхтар Құл-Мұхам­мед, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай, жазушының қаламгер әріптестері және оның туынды­ларын сүйіп оқитын көпшілік қауым қатысты. Бұл шараны Астана қалалық Тілдерді дамыту басқармасы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің ұжымы бір­лесіп ұйымдастырды.

Қазақстан Республика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әнес Сарай­­ды 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, хат жолда­ды. Алдымен, жазушы шығарма­шылығының сан қырлылығына тоқталып, жазушы қаламынан көптеген очерк­тер мен мақа­лалар, әңгімелер мен повестер, романдар мен драмалық туындылар дүниеге келгенін, Ноғайлы және

Алашорда хақында тарихи зерттеулер жазылғанын айта келе, Мұх­тар Құл-Мұхаммед Елбасы­ның құттықтау хатын оқып берді.

Рес­ми құттықтаудан кейін Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сый­лықтың иегері, Еңбек ері Әбіш Кекіл­баев сөз сөйледі.

«Мен Әнесті өз өмірбая­нында айтылатын Алматыға келген күнінен бастап білемін. Университет­те оқып жүрген кезін­де ол үнемі қағаз бен кітаптан басын алмай, жұмыс жасаумен жүретін… 1963 жылы «Лениншіл жас» газетінде бір­ге қызмет істедік. Мұнда да ол еңбекқор­лы­­ғынан танбады. Бір күні бір әңгімесін алып келді. Әңгіме жазатынын әуелден бі­летінмін. Бірақ дәл мұндай кә­сіби деңгейде жаза қояды ғой деп ойлаған жоқ едім. Сөйтіп, ол үлкен прозаға із тас­тады» деген заңғар жазушы  қаламдасына өзінің жүрекжарды сөзін арнап, өткен күндерден терең сыр шертті. Әнес Сарайдың азаматтық, қаламгерлік кел­бетін мейлінше аша түсті. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, белгілі ақын Нұр­лан Оразалин, қоғам қай­раткері Сұлтан Оразалы, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан секілді елге белгілі тұлғалар да жазушыны мерейтойымен құттықтап, иығына шапан жапты. Университет ректоры Ерлан Сыдықов ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың құттықтау хатын оқыды. Мерейтойлық кеште жазушының төл тари­хымызды терең зерттеген «Көнеліктер», «Ноғайлы» сынды тарихи-танымдық шығар­малары­ның ішіндегі «Көк түріктер» атты шежі­релі туындысынан үзіндіні халық әртісі Тілек­тес Мейрамов орындаса, белгілі жы­рау, Қазақ ұлттық өнер университетінің профес­соры Алмас Алматов Тұрмағам­беттің «Нақыл сөз» толғауын нақышына келтіре шыр­­қа­ды. Ал, Қ.Қуанышбаев атын­дағы Қазақ академиялық мемле­кеттік музыка­лық драма театры­ның әртісі Қуандық Қыс­тақбаев «Махамбеттің хан ордасынан ажырауы» атты үзіндіні тебірене оқыды.

Қазақ халқы Әнес Сарайды тарихи шығармаларды дүниеге әкелген дарынды жазушы ретінде біледі. Әсіресе, «Қараша өткен соң», «Боз­қырау», «Тосқауыл», «Алтын арал», «Ақ тымық түн», «Асылдың сынығы», «Мұхаммед пайғамбардың өмірі», «Исатай мен Махам­бет», «Адайлардың арғы та­ри­хы», «Ноғайлы», «Көне­ліктер» атты кітаптарын оқырмандар ерекше ықы­ласпен қабыл алды. Сон­дай-ақ, қазақ өнерінің өр­кендеуі үшін тарихи маңызы зор драматургиялық шығарма­ларды тарту етті.
Қаламгердің шоқтығы биік шығармасы – «Еділ-Жайық» тарихи романы. Жазушы осы еңбегінде 1917-1920 жылдар арасындағы Каспий теңізі мен Атырау өңіріндегі төңкеріс оқиғаларына өзіндік көзқарас білдіріп, оның тарихына тың да тосын пайымдау-лар жасайды. Қаламгердің еңбегі жоғары бағаланып, 1992 жылы Қазақстан Мем­ле­кеттік сыйлығына ие болды.

Жазушы тағдырдың бұй­рығымен қазақ топырағынан жырақта дүниеге келсе де, ес біліп, етек жапқан жері Атырау өңірі болды. Теңіз жағасында қанатын қатайтқан жазушының 1963 жылы жарық көрген «Дау-ылда» атты тырнақалды әңгімесінен бастап «Еділ-Жайық» трилогиясына дейінгі барлық шығармалары теңіз тақырыбына арналып келді. Тіпті, жазушының қазақ әдебиетінде, өз қа­лам­дастары арасында «те­ңіз жыршысы» атанып кеткендігі сондықтан.

Ал, бүгінде Әнес Сарай қазақ тарихының ақтаңдақ тұстарын зерттеп, тарихи жәдігерлерді кеңінен насихаттап келеді. Атап айтатын болсақ, осы күнге дейін «Атырау» дилогиясы, «Еділ-Жайық» романы, «Мұхаммед пайғамбардың өмірі» атты тарихи аударма еңбегі, «Исатай мен Махамбет» атты зерттеу еңбектері жарық көріп, оннан астам пьесалары Астана, Алматы, Қызылорда, Қарағанды теа-трларында сахналанып жүр. Қазір қаламгер ХVІІ–ХVІІІ ғасырлардағы қазақ өмірінен сыр шертетін «Қалмақ қыр­ғыны» атты тарихи зерттеу еңбегін жазу үстінде екенін айтады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button