Басты ақпарат

ТЕРЕҢ ТЕҢІЗ ТАРТЫЛМАЙДЫ, ТЕРЕҢ ОЙ САРҚЫЛМАЙДЫ

Движение Вселенной можно вычислить, однако человеческую душу исчислить невозможно.
Исаак Ньютон

Қос палаталы Парламент өткен жы­­лы 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні деп жариялағанда «Бұл орайы келген оңды шешім бол­ды» деген сөзбен жарыса менің ойыма даланың дана ақыны Дулат Ба­ба­тай­ұлының:
Жайлауыңды көргенде,
Жадыраймын, жайланам.
Өксігіңді ойласам,
Ұйқы беріп, қайғы алам, –
деген жақұт жыры оралды. Көз ал­дыма еңсесі биік елінің жасампаз жақ­сы істерін көргенде «жадырап,­ жайланатын», әлі де шешімін тап­па­­ған күрмеуі қатты күрделі проб­ле­малары жайлы ойлағанда «Ұйқы бе­ріп, қайғы алатын» Елбасы Нұр­­­сұл­тан Әбішұлының жар­қын тұлғасы келді. Жалпы, «Тұң­ғыш Президент күні» қа­зақ­стан­дықтар ойлап тапқан жаңалық емес. Бұл мереке батыс елдерінде баяғыдан бар. Мұсылман жұрты да оны шет көрмей, мерекелеп жүр.
Тұң­ғыш Президент күніне арна­лған іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде жан сүйсінткен жақсы жарасыммен жалғасып жатты. БАҚ-тың хабарларынан білгеніміз, көгілдір экраннан көргеніміз Астана әдеттегісіндей бұл тұста да көсемдік танытып, көп іс тындырды. Көзіқарақты халықтың бәрі хабар­дар ол оңды істерді тізбелеп жат­пай-ақ, бәрі де басшыға бай­ла­ныс­ты екендігін атап айту әділет­ті­лік болмақ.
Елі­міздің ертеңі жас ұрпақ тұлғаға қа­рап­ бой­ тү­зей­ді. Жас­қа­ ға­на­ емес­, жа­са­мыс­қа­ да­ үл­гі­-өне­ге­ бо­­лар­­ Нұр­сұл­тан­нан­ ар­тық­ қан­дай­ тұл­­ға­ бар?!­ Нұ­ре­кең­ сый-құр­мет­тен­ кенде­, атақ-даңққа зәру емес. Ұлт көшбасшысының көкейіндегі ақиық арман, асыл мұрат – ел қамы. Сонау бір жылдары, тәуелсіздіктің елең-алаңында-ақ «Мен үшін ең басты бақыт – Қазақстанның тәуел­сіздігі» деп еді. Елбасы осы сөзін өзінің халыққа арнаған мағыналы өмірімен дәлелдеп келе жатыр.
Нұрсұлтан Әбішұлының ойлаға­ны тақтың бағы емес, халықтың қамы. Егер ол ел жайын емес, билік жай­­лы ойласа, кеңестер одағы дү­ріл­­деп тұрған кезде КСРО-ның ви­це-президенті де, премьер-минист­рі де болып, Кремльдің тө­рі­нен бір-ақ шығатын еді. Мәскеу төрін ұсын­ғанда халқына қызмет етуді ой­лаған Нұрекеңнің сол аса биік би­ліктен бас тартқаны әлемге аян. Әуе­жайға, қалаға атын беруге де қарсы бол­ды Нұрекең. Оның себебін сұра­ған­дарға, «Болашақ ұрпақ бұл қалаға бұл кісінің атын неге қойған?» дегеннен гөрі, «Неге оның атын қоймаған?» деген сауал салмақты емес пе?» деп жауап берді Елбасы.
Ана бір жылдары Елбасы «2020 стратегиясын» жасағанда үміттен гөрі күдік басым болғаны бар. Енді еліміз оны да еңсеріп, «2030 стратегиясына» қол созды. Сөйтіп, Қазақстан бір биіктен екінші бір биікке көтеріліп келеді. Жиырма жыл­да жиырма ғасырдың жүгін ер­кін­ кө­тер­ген­ Қа­зақ­стан­ның­ әлем­ мо­йын­да­ған­ ба­ла­ма­ аты —Ғажапстан! 2010-2014 жылдарға ар­нал­­ған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы еліміздің онан әрі дамуына қуатты серпін берді.
Сыртқы саясатта көп векторлы моделді таңдап, БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМД, АӨСШК және басқа да аса беделді халықаралық ұйымдарға мү­ше болған Қазақстан қуаты жа­ғы­нан­ әлем­де­гі төртінші орынды­ ие­лен­ген­ ядролық арсеналдан өз­ еркімен бас тартып, 1991 жы­лы­ та­мыз­ айы­ның­ жиыр­ма­ то­ғы­зын­да­ Се­мей­ яд­ро­лық­ сы­нақ­ ала­ңын жа­бу­ жай­лы­ аса­ ба­тыл­, кө­ре­ген­ ше­шім­ қа­был­да­ды.­ Осы та­рихи Жарлыққа қол қою арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы бейбітшілік сүйгіш сыртқы саясатты болаттай берік етті. АҚШ, Жапония, Қытай, Ресей, Түркия, Еуроодақ елдері стратегиялық әріптесіне айналған Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндердің төртінші съезін өт­кізіп, олардың көшбасшыларын бір үстелде тоғыстырды.
Ері кемеңгер, елі еңбеккер болса, аңыздың өзі ақиқатқа айналады. Сөзімізге көп дәлелдің бір парасын ғана айтайық. Қазақстан халқы, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күл-талқаны шығып қираған, экономикасының қиюы кетіп, қисайған елде жаңадан мем­лекет құрды. Басқару жүйесі баяғыдан жолға қойылған бар мем­лекетті басқару да оңай емес. Жаңа тәуелсіз қазақ мемлекетін құру – шөл даланы гүлдендіріп, тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей. Олай болса, Н. Назарбаев – мемлекет құрушы кемеңгер Ер, оны қолдап, оған қуат берген, қанат бітірген Қазақ елі – еңбеккер Ел! Бұл – бір. Екінші – бар болғаны он жылда құлпырған жа­ңа астана салып, әлемдегі ең озық елу елдің қатарына қосылуға ұм­ты­лу да ақиқатқа айналған аңыз. Ер­те­гінің де ауқымына сыймайтын, аңыздан да асып түскен ең үлкен ақиқат – Қазақстанның OSCE-ге – Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынты­мақ­тастық ұйымына төраға болуы. Байырғы, бай мемлекеттер сап түзеген, асқақтаған ақ жағалы, менмен Еуропа мемлекеттеріне төраға болып, төрге озып, билік айт­пақ тұрмақ, қа­зақ қашан оның боса­ғасынан сы­ға­лай­ алып еді?! Осы­дан жиырма жыл бұрын біз осындай биікке кө­те­рі­леміз деп армандай да алмаушы едік, мұндай биік мәртебе өңіміз түгіл түсімізге де кірген жоқ. Оны айтасыз, оған, тіптен, аңыздың ауқымы жетпеген еді. Енді, міне, түс­ке кірмеген, қиял­дың да құшағы жет­пеген биік­ке өңімізде шықтық. Тәу­бе, тәубе делік, Алла Тағала тіл-көз­ден сақтай гөр.
Ал, осы тарихи ұлы жеңіске қа­лай­ жеттік дегенде, ең алдымен, қай­талап айтар, қадап айтар бір шындықты ешқашан, еш­кім­ де айналып өте алмаса керек. Ол шын­дық – Ер мен Елдің тарихи ұлы жеңісі – көрегендік пен көл-көсір еңбек же­місі. Елін сүй­мегенді, ешкім де сүймейді. Таудың биіктігін, теңіздің терең­дігін жанында, жағалауда тұрып тани бермейсің. Асқар тау алыс­таған сайын биіктей береді, теңіз тере­ңіне бойлаған сайын құ­ді­рет-кү­шін танытып, құпиясын ашады. Сол сияқты, уақыттың өзі тудыр­ған тарихи тұлғаларды ол жер басып, көз алдыңда жүргенде анық танып, тарихи оқиғаларды толық түсініп, бағалай да бермей­сің. Тарихи тұлға алдағыны кө­ріп, асқар биіктерге бастайды. Оның ойы мен ісі ғарыштық жыл­дам­дық­пен жүйткіген уақыттың ал­дын­ орап жүреді. Қазақстан Рес­пу­б­л­и­­касының бүкіл халық сайлаған тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қай өлшеммен, қай биіктен қарасаң да асқары ешқашан аласармайтын тарихи ұлы тұлға! Сегіз емес, сексен, бәлкім, сегіз жүз қырлы Нұрекеңнің та­лайы­мызды тамсандырған тамаша бір қыры – оның арманы ешқашан аласарған емес. Бір биіктен кейін тағы бір биікке ұмтылу, ұмтылып қана қоймай сәтті секіру тән оған. Ел мүддесі, халық бақыты үшін қиялдағы арманды іске асырып, аңызды ақиқатқа айналдыру – басты мұраты. Алыс жолды жақындатып, асыл мұратқа жеткізетін кемел ойлы кемеңгерлікті де Табиғат-Ана оған жомарттықпен сыйлаған. Андрей Белыйдың бір сөзі бар: «Ақылды адамдар ықпалды болады» деген. ЕҚЫҰ-ға төраға болу – ең алдымен Н.Назарбаевтың арқасында жүзеге асқаны шығар күндей шындық. Төраға болуға талпынып, ұсыныс беру – биікке ұмтылу, арманның биіктігі болса, оны жүзеге асыру – кемел ойлы, кең тынысты кемеңгер саясаттың жемісі.
Төраға болу да тарихи ұлы жеңіс, әрине. Ал, енді төрағалықпен шекте­ліп қалмай, он бір жыл бойы өт­пеген самитті Астанада өткізу, оған елу ал­ты мемлекеттің басшыларын ша­­қы­рып, саммитке қатынасуға ке­лі­сім алу – алғырлық қана емес, сая­сат­тағы данышпандық, тарихи ерлік!
Өзі­ңіз ойлап қараңыз, өзге елу алты ел­дің бірінші басшыларын бір мез­гілде бір жерге жинау – тарихта бұ­рын-соңды болып көрмеген о­қиға. Мұндай ұлы істі кешегі жар­ты әлемді ашса алақанында, жұм­са жұдырығында ұстаған аса қуат­ты ұлы держава – Кеңес ода­ғы да жүзеге асыра алған жоқ. Әрі кеткен Варшава шартына қатыс­қан оншақты мемлекетке ға­на сөзін өткізе алатын. Бүгінгі аса­ беделді Халықаралық ұйым – БҰҰ-да мұншалықты көп мемлекет басшыларының басын бір кезде бір жерге қоса алмай жүр. Бұл­ қиынның қиыны ғой. Тіпті, мүм­кін еместей. Себебі, бас­қа емес, ірі мемлекеттердің бі­рін­ші басшыларының ынтасы бол­са­ да уақытқа байланысты мүм­­кін­дік­те­рі бола бермейді. Соған қарамастан солардың бә­рін – әлемдік деңгей­дегі аса ірі сая­сат­керлерді үгіттеп, айтқанына көндіру, бір мезгіл­де, бір елге – Қазақ­станға жинау Нұр­сұл­тан­нан басқа қай саясаткердің қолынан келіп еді?! Елбасымыздың осынау тарихи ерлігінің құпиясына «Мудрость лучше воинских орудий (Ехклесиаст, гл.9.ст.18) деген анықтама айқын жауап береді.
«Жер бетіндегі ғұлама данышпандар аспандағы жұлдыздарға ұқсайды. Жерде де, суда да жұлдыз­дарға қарап жол табуға болады… Жұлдыздар болмаса адасуы мүм­кін». 2010 жылғы желтоқсан айы­ның екісі күні сағат түнгі он екіде еліміздің бас қаласында Астана дек­ла­рациясы қабылданған сәтте менің ойыма «Мың хадистегі» ғұла­ма даныш­пандарды жұлдызға теңе­ген осы бір айтары анық, бояуы қа­нық бей­нелі сөздер оралды. Астана Самми­тінде бас қосқан 56 елдің басшы­лары өңшең ақылман, өңкей «сен тұр, мен атайын» сын­ды ығай мен сығайлар ғой. Өз ел­де­рінде мыңдардың ғана емес, мил­­лион­даған адам­дардың кө­шін бастап жүрген олар «Мың хадис­те» айтыл­ғандай, аспандағы жұл­дыздар емес пе? Қараңғы түн­­­де адам­­дардың жұл­дыз­дарға қа­­рап жол таба­­тыны рас қой. Енде­ше, Аста­на Сам­митінде өз елі, өз хал­қы­­ның мүд­десін қорғап, сөз сайысына, ой жары­сына түскен саясат саң­­­лақ­­­тарын аспандағы жұлдызға теңе­­­сек, айып па? Жұлдыз болуды да Жа­рат­­­қан ием елдің бәрінің маң­­дайы­на жаз­­баған. Олай болса, жұл­дыз болу да бақыт. Ал, жан­-жағына сәуле шашқан жарық жұл­дыз болу — адамды таңдап та­ба­­­тын, талғап қонатын аса үлкен бақ, сирек бақыт. «Астана деклара­ция­сын» қабылдау барысында пікір алуандығынан туған қиын сәтте қиялап жол тапқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұл­дыздардың сұлтаны — жарық жұлдыз.
Асыра сілтеп, артық мадақтады дем­еңі­здер. Нұрекең біздің мада­ғы­мызға зәру де емес. Мақтау, мадақ керек болса елу алты елден келген де­ле­гация басшыларының бәрі де Нұре­кеңе деген құрметін жасыр­май, мақтауын асырды. Біздің Ел­ба­­сымыздың атына айтылған жылы лебіз, мадақ сөздерін сауысқаннан да сақ, жоғары баға беруге өте са­­раң сараб­дал саясат­шылардың ел­дің бәріне бірдей бұлай ағынан жа­ры­­лып, ақтарыла бермейтіні тағы талас­сыз. «Бәрін айт та бірін айт, кол­лек­тивтің жырын айт» деп Бейім­бет Майлин айтпақшы, бәрінен бұрын Астана Саммитінің ұтымды да ұтқыр, сәтті де шебер ұйым­­дас­тырылып, табысты өтке­нін айтсаңшы!
Міне, осынау тарихи ұлы оқиға­лар мен еліміз көтерілген асқаралы биіктер Елбасы Н.Назар­баевтың есімімен тығыз байланысты. Қазақ­стан Прези­дентінің кемел ойлы кемеңгерлігін әлемге әйгілі саясаткерлер де мойындады.
Аса көрнекті саясаткер Отто Бис­марк айтқан «елді басқарудың жақ­сы жүйесіне» қол жеткізген Ел­басы «жақсы басқарушыларды» да­ жа­сақ­тай алды. Оған Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның шекпенінен шық­қан­ Қайрат Мәми, Иманғали Тас­ма­­ғам­­­бе­тов­, Се­рік­ Ах­ме­тов­, Қа­сым­-Жо­­март То­қаев­, Қы­рым­бек­ Кө­­шер­­­баев­, Мұх­тар­ Құл­­-Мұ­хам­мед­, Игорь­ Ро­гов­, Махмұт Қа­сым­­бе­ков­, Се­­рік­ Үм­бе­тов­, Бек­тас­ Бек­на­за­ров­, Оңал­сын­ Жұ­ма­бек­, Анатолий Дерновой, Өмірзақ Шүкеев сынды көрнекті мемлекет қайраткерлерінің қарымы мен алымы айқын айғақ. Кейінгі жылдары би­ліктің биік баспалдағына кө­­те­­ріл­ген­ Әсет­ Исе­ке­шов­, Нұ­ра­лы­ Сә­дуа­­қа­­сов­, Нұр­лан­ Но­ғаев­, Қай­рат­ Қо­­жам­­­жа­ров­, Дар­хан­ Мың­бай­, Ма­рат­ То­лы­баев­, Ер­лан­ Ар­ын­, Ба­ғ­лан­ Май­­лы­баев­, Бауыржан Байбек секілді қай­рат­керлердің алғашқы сәтті қадамдары қуантады. Бисмарк айт­қандай, «елді басқарудың жақсы жүйесі болмаса жақсы басқа­рушылар да болмас еді».
Ең үлкен қуаныш – еліміз жыл, ай сайын ғана емес, апта сайын жаңа бір биіктен көрініп келеді. Соның айқын бір айғағы – күні кеше ғана Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 67-сессиясы шең­берінде осы ұйым­ның Адам құқығы жөніндегі кеңесі­не мүше­лікке сайланды. Бұл – еліміз­дегі демократия дамуының биік бір белесі. Қазақ мемлекетінің ме­рейін асырып, халықаралық аре­­на­дағы беделін асқақтатқан мұн­­­дай жеміс­тер мен жеңістердің алда да жалғаса береріне сенім зор. Себе­бі, ел тізгіні ел бағына туған ер, кемел ойлы кемеңгер Н.Назарбаев­тың қолында.
Терең теңіз тартылмайды, терең ой сарқылмайды.

Сәбит ДОСАНОВ,
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button