ӘлеуметДенсаулықСұхбат

ТЕРІ АУРУЛАРЫНЫҢ ТҮРІ КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Астана қаласының Дерматология орталығына түрлі аурулармен шағымданатындар көп. Орталық директоры, медицина ғылымдарының докторы Жұлдыз Данбаеваның айтуынша,
70 орынды амбулаториялық емхана бір ауысымда 305 адамға көмек бере алады. Орталықтың сыртқы ғимараты ескі демесеңіз, мұнда жоғары сапалы медициналық қызмет көрсететін ең білікті дәрі­герлер жиналған.

– Жұлдыз Сейітқамзақызы, өзіңіз басқаратын орталықта дәрігерлер жеткілікті ме?
– Емдеу орталығы 1937 жылы ашылған. Содан бері тұрғындарға қызмет етіп келеді. Бізге елордалықтар ғана емес, еліміздің барлық аймақтарынан және алыс-жақын шетел азаматтары да қаралады. Заманауи технологиямен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген медициналық мекемеде дәрігерлер жеткілікті деп айта аламын. Бізде ең білікті дәрігерлер мен медбикелер еңбек етеді. Орталық тері ауруына қарсы кеңейтілген косметологиялық қызмет түрлерін де ұсынады.
– Қазіргі уақытта аурудың қай түрі асқынып тұр?
– Мерез, соз, хламидиоз, микоплазмоз – бұл жыныстық жолмен берілетін инфекциялар. Мұндай инфекциялардың асқынуы бедеулікке, импотенцияға, кіші жамбас органдарының қабынуына, атап айтқанда аднексит, сальпингоофарит, эндометрит ауруларына ұшыратады. Аурудың алдын алу үшін жыныстық қатынас тұрақты болу керек. Ерлі-зайыптылар алты ай сайын гинеколог пен уролог мамандарының кеңесіне жүгінген жөн. Кездейсоқ қарым-қатынасқа түсерде міндетті түрде мүшеқап қолданған абзал. Көп жағдайда жыныстық жолмен берілетін аурулармен 15-49 жастағы азаматтар зардап шегеді. Жалпы, Астана қаласы бойынша жыныстық қатынас арқылы жұғатын тері аурулары азайып келеді. Мәселен, өткен жылы сифилиспен ауыратындар саны 349 болды, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 63-ке азайғанын көрсетеді.
– Өзіңіз білесіз, Астанада денені жасанды қыздыратын салондар көп. Мамандар оған жиі баратын бикештердің 75 пайызы қатерлі ауруды арттырады дейді. Бұл қаншалықты шындық?
– Дәл осы мәселеге байланыс­ты бізде жыл сайын «Меланома күні» шарасы өтеді. Биыл да ұйымдастырдық. Аурудың алдын алуды көздейтін шара кезінде қала тұрғындары тегін тексеріліп, кеңес алды. Бұл онкологиялық аурудың алдын алуды көздейді. Мәселен, биыл 240 адам онколог, дерматовенеролог секілді мамандардың тексеруінен өтті.
Бүгінде ауру жасарып келеді. Дәрігерлердің қабылдауына үлкендермен қатар, кішкентай балалардың келуі жиілеп кетті. Жалпы, денеге меланоманың пайда болуы ағзадағы гармондық өзгерістерге байланысты. Күннің астында ұзақ болу, жасанды қыздырыну және экологиялық жағдай да әсер етеді.
– Ауруды қандай жолмен анықтауға болады?
– Осыдан екі жыл бұрын меңдерді, тері мен оның шырышты қабатында пайда болған ісетін сүйелше ісік, сүйел сияқты ауруларды көзбен тексеруге арналған неміс аппараты «FotoFinder» орталыққа орнатылған болатын. Бұл дерматоскоптың көмегімен барлық кезеңдегі ауруларды анықтауға болады. Заманауи аппарат меңнің мелономаға ауысқанын бақылай алады. Оның көмегімен әртүрлі тері ауруларына диагноз қоюға мүмкіндік бар. Дерматология орталығында диспансерлік бөлімшеден бөлек арнайы стационар бөлімшелері, яғни күндізгі және тәуліктік стационары және физио­бөлімшесі бар медициналық зертхана жұмыс істейді. Сонымен қатар, Астана медициналық университетінің тері және венерологиялық аурулар кафедрасының клиникалық базасы болып табыламыз. Жалпы, инновациялық технологиялардың арқасында дерматология орталығы ауруларды төмендетіп отыр.
– Егер азаматтарды қандай да бір тері аурулары мазаласа, тез арада орталық қызметіне жүгінуге бола ма?
– Кез келген туа біткен дақ әртүрлі факторлар бойынша меңнің өзгеруіне әкеліп соғады және көп жағдайларда қатерлі ісікке айналады. Сондықтан егер сіз меңнің түсінің, түрінің өзгеруін, қан шығу белгілерін байқасаңыз, міндетті түрде біздің дәрігерлердің кеңесіне жүгінуіңіз қажет.

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button