Оқырманнан он сұрақ

ТЕРІ ТАЗАЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

Жанар КСАНОВА

Жанар КСАНОВА, Астана қаласы дерматология және жыныс қатынасы ауруларын алдын ала емдеу орталығы директорының орынбасары

      

Салтанат:

– Жолдасым денесін қаси береді. Әсіресе, кешке қарай қышуы күшейіп кетеді. Кімге қаралу қажет және бұл неден болуы мүмкін?
– Егер теріде бөртпелер болса қышуының себептері: аллергия, зеңнің қабынуы және т.б. болуы мүмкін. Бұл нақты не екенін анықтау үшін сізге дерматолог дәрігерге қаралу қажет. Дәрігерге келгенде өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз міндетті түрде болуы керек. Ал теріде өзгерістер болмаса тері бауыр бүйрек және өт шығару жолдарының сырқаты, эндокринді өзгерістер, психикалық бұзылыстар және жүйке жүйесі аурулары салдарынан қышуы мүмкін. Қышыманы емдеу оның себептеріне байланысты болатынын естен шығармаңыз. Жолдасыңыз біздің орталыққа келіп, дәрігерлермен кеңесіп, тексеруден өтсін.

Орал:

– Экземаны халық емімен емдеу мүмкін бе?
– Өсімдіктермен көптеген ауруларды емдеуге болады. Ең бастысы, аллергия болмауы керек. Басқа заттарды әр адамға жеке таңдау қажет.

Ғалым ҚОСЫМЖАНҰЛЫ:

– Кейінгі кезде аяғымның тырнақтарында өзгерістер байқадым. Мұндай жағдай менің әкемде де болды. Тырнақтарым сарғайып, үгілгіш, сынғыш болып кетті. Не істеймін, қалай емдеуге болады?
– Сіздің сипаттамаңыз бойынша , барлық клиникалық белгілері табан онихомикозына ұқсайды. Бірақ тырнақтың басқа да дерматоздар арқылы зақымданатынын ескеру керек, оның клиникасын микроскопия арқылы зерттеулер жүргізіп, қажет болған жағдайда бактериологиялық себуді өткізу үшін сізге дерматолог дәрігерге қаралыңыз деп кеңес беремін. Егер сізде онихомикоз нақтыланса, біз міндетті түрде ұсыныс жасап, аяқ киіміңіз бен шұлығыңызды қалай өндеу керектігін түсіндіреміз. Жалпы, тазға қарсы терапияны және жергілікті сыртқы терапияны жазып береміз. Аяқ және тырнақтағы микозды міндетті түрде емдеу керек. Себебі, ол үй ішіндегілерге жұғуы мүмкін. Жалпы, тері аурулары тазалықты талап етеді.

Дархан:

– Жасым 29-да. Түркияға барып, демалып қайтқым келеді. Тұзды су теріні құрғатпау үшін және әртүрлі терілік ауруларға ұшырамау үшін күнге қалай күйген дұрыс?
– Күннің өткір сәулелеріне күймеу үшін таңертең сағат 10-11 және кешкі сағат 16:00-ден кейін қыздырынған абзал. Күннің астында екі сағаттан артық жатуға болмайтынын ескерген жөн. Міндетті түрде күннің ультракүлгін сәулесінен қорғайтын крем қолдану қажет. Тері ауруларының алдын алу үшін ерекше мән беретін жайт – бет күтімі, теріні таза ұстау, жеке бас гигиенасын сақтау. Сонымен қатар, мүмкіндігіңіз бойынша тері жарақаттануының алдын алу, жараны және тері сыдырылған жерді антисептиктермен дұрыс өңдеу қажет.

Болатбек:

– Созылмалы экземамен ауруханаға жату үшін не істеуім керек?
– Стационарға жатқызу үшін ауру көрсеткіштеріне қараймыз. Яғни, жедел немесе жеделдеу, созылмалы дерматоздардың асқынуына, мерезбен ауыратын жүкті әйелдерге, балалардағы жұқпалы тері дерматозына және т.б. байланысты. Ол үшін сіз дәрігер жолдамасымен біздің орталыққа келсеңіз, диагноз қойылған соң госпитализацияға жолдама беріледі.

Алтынай:

– Он алты жылдан бері псориазбен ауырамын. Жақында босанғаннан кейін ол, тіпті, асқынып кетті, сәбиімді кеуде сүтімен еміземін. «Энбрель» препараты туралы естігенмін, сол туралы толығырақ білгім келеді. Ол расымен псориазға көмектеседі ме? Қазақстанда бар ма?
– «Энбрель» – биологиялық препарат. Ол аурудың асқынған және кең таралған формаларында дәрігермен тағайындалады. Бұл препарат Қазақстанда тіркелмеген. Дегенмен, бізде осы топтағы биологиялық препараттар – «устекинумаб» және «инфликсимаб» тіркелген. Сондықтан, тағы да қайталап айтамын: бұл препарат жалпы медициналық терапия әсері болмаған жағдайда, тек псориаздың ауыр кезінде ғана қолданылады.

Бибіжан МҰХАМЕДИЯРҚЫЗЫ:

– Бір жарым жыл бұрын менің екі қолымда, иық жағымда ақ дақтар пайда болды. Анық білінбейді және біркелкі емес. Қышыну, гиперемия және дискомфорт жоқ, тек косметикалық кемшіндік байқалады. Кейінгі кезде дақтар ұлғайып кетті. Әсіресе, арқа жағымда мойыннан сәл төмен және шынтақ бөлігінде көп. Ауырсыну сезімдері сезілмейді. Сонда бұл не болуы мүмкін және қандай дәрігерге қаралуым керек?
– Бибіжан, дерматологтың кеңесіне жүгінгеніңіз жөн. Дәрігер тексергеннен кейін мүмкін оның себептерін айта жатар. Сіздің сипаттауыңыз бойынша бұл кебек тәрізді теміреткі болуы да мүмкін. Нақты анықтау үшін біздің орталыққа келіп, тексеріліңіз.

Ләззат ҚАНАТҚЫЗЫ:

– Ерніме герпес жиі шығады, кейде бетімде пайда болады. Айтыңызшы, осы ұшық деген не және оны қалай емдеу керек?
– Ұшық – тері және шырышты қабықтың зақымдалуынан пайда болатын вирус­ты ауру. Сізге дерматолог дәрігерге қаралу керек. Ем вирусқа қарсы препараттарды сырттай және ішке қолдану арқылы жүреді. Рецидивті ұшық, яғни, жиі қайталану кезінде вирусқа қарсы ем курсы қабылданады. Және инфекцияның жұқпалылығына байланысты сіздің жыныстық серіктесіңіз де бірге емделуі қажет. Препаратты таңдау үшін дерматолог дәрігерге қаралыңыз.

Қаншайым МАНАПОВА:

– Жақында іріңді ангина диагнозымен ауруханада жаттым. Микроанализге қан тапсырған кезде оң нәтиже байқалып, кездейсоқ білдім: мерез ауруына шалдығыппын. Сіздерде емделу мүмкін бе?
– Алдымен біздің орталығымызға келіп, тіркеу бөлімі арқылы №204 немесе 206-кабинеттерге жазылуыңызға болады. Дәрігерге қаралу үшін өзіңізбен бірге жеке куәлігіңізді міндетті түрде алып келіңіз. Диагнозды нақтылау үшін толық тексерілуден өтесіз. Егер диагноз нақтыланса, біздің орталықта сізге арнайы толыққанды ем жүргізіледі.

Сандуғаш:

– Тырнақтарым тез сынғыш, жұмсақ, сондықтан да қысқа. Қандай жолмен қатайтуға және сауықтыруға болады? Ал, оларды өсіру үшін қандай дәрілік препараттарды қолданғаным жөн?
– Теріңізді қатайту үшін поливитаминдер, микроэлементтер, минералды топтама қажет. Сізді біздің орталыққа тікелей консультацияға шақырамыз. Келіңіз, көмектесеміз.

Қанағат СЕРІКҚЫЗЫ:

– Баламның терісі аллергияға сезімтал, цитрустік жемістер немесе тәтті жесе, денесінде бөртпелер пайда болады. Аллерголог дәрігердің бақылауындамыз. «Avene Trixera» деген препаратты жазып берді. Ол гормоналды дәрі ме?
– Иә, біз де, аллергологтар да қазіргі кезде осындай дәрілік заттарды жиі қолданамыз. Оларды эмоленттер деп те атайды. Олар – атопиялық және құрғақ теріні күту бойынша емдік косметика, дәріге жатпайды, құрамында гормондар жоқ. Гигиена заттарының қатарына жатады және теріні белсенді түрде ылғалдандырады. Мұндай дәрілік заттардың сатылымдағы түрі көп, сіз балаңызға оның эмульсия, крем, лосьон түрін таңдай аласыз.

Әлібек ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ:

– Дерматология орталығында псориаздан емделіп жатырмын. Созылмалы науқасыма сәйкес, дұрыс ем қабылдауыма көмектесіп қана қоймай, шын ықыластарымен қарап жүрген дәрігерлерге, медбикелерге, сондай-ақ осы орталықтың басшысына айтар алғысым шексіз. Білікті мамандардың білгірлігінің арқасында ауруымнан айығып келемін.
– Рахмет, Әлібек аға! Нақты сұрағыңыз бар ма?
– Жоқ, қалқам, тек алғыстан басқа айтарым жоқ. Мына рамазан айында Алла тілектеріңді берсін! Еңбектеріңнің жемісін көріп, көмек сұрап келген жандардың алғысына бөлене беріңдер!

Берік:

– Желкем қатты қишиды және қайызғақ тәрізді ақ қабыршақ пайда болды. Жалпы басымда қайызғақ жоқ. Сусабын түрін, шашқа арналған заттарды ауыстырып көрдім, нәтиже жоқ, керісінше әлгі қабыршақтар ұлғаюда. Сіздерде емделу үшін қандай анализдер тапсыруым керек?
– Сізге ең алдымен дерматолог дәрігеріне қаралу қажет. Ол сізді көрсеткіштеріңізге байланыс­ты зеңдерге қатысты жағынды, бактериологиялық зерттеу, RW сияқты тексерілулерге жібереді. Бұл анализдер Дерматология орталығында жүргізіледі. Тексеруден өту үшін жеке куәлігіңізбен біздің орталыққа келіп, дерматолог дәрігерге қаралуыңыз керек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

3 пікірлер

  1. Салемитсизбе! басыма жара шыккалы 10жыл болды. Калалык тери ауарулар емханасына, жекеменшик клиникаларга каралдым еш антиже жок. Сонгы каралган Достармед клиникасы фолулит деп диагнозбен емдеди, бирак бир айдан кейин кайта шыгып кетти. Кайда каралып емделуге болады?

  2. Сәлеметсіз бе?менің қазір денемдегі екі бүйірі нің үсті қышытады майда бөртпе болып тұрады кейде қолтық асты көкірек жанына дейін келеді,бұған не себеп?Бұндай жағдаймен алғаш рет аяғым ауырлағанда басталды,қазір үш балам бар?Басталғанда дерматологқа тексерттім тері бойынша еш проблема жоқ деді,бірақ бұған бір себеп болу керекқой,қышығанда қанатып жерем ..

Пікір үстеу

Back to top button