Терлемей табар теңге жоқ
Ебін тауып елдің қалтасын қағып, қарызға белшесінен батырып кететін алаяқтық әрекет еліміздің барлық өңірінде азаймай тұр. Тек Астананың өзінде қазан айына дейін 3700-ден астам интернет-алаяқтығы тіркеліп, келтірілген зиян көлемі 2 млрд 600 млн теңгеден асып кеткен. Оның үстіне заман дамып, дәуір өзгерген сайын алаяқтықтың сан түрі сан соқтырып отыр. Атап айтқанда, ұрлық, тонау және қарақшылық қылмыстары азайғанымен, ақпараттық технологиялар арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар жыл сайын өсіп барады. Елордалық полицейлердің мәліметінше, соңғы уақытта WhatsApp мессенджеріне заңсыз кіріп, зардап шеккендердің атын жамылып қарыз ақша сұрайтын жәйттер де жиілей түскен.
Жалақысы төмен, бұра тартар кәсібі, күреп ақша табар нәсібі жоқ қазақстандықтар жөнінен алғанда несие ел азаматтарының өмірінің бір бөлігіне айналып кеткен, өйткені несие тарыққанның «таңдайын» жібітіп, уақыттық қиындықтан құтқаратын, кейбір маңызды жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, өмір сүру сапасын жақсартуға, қажетті заттарды сатып алуға мүмкіндік беретін уақытша тәсіл. Тұрмыстық техникаларды, жиһаз, автокөлік, үй және жер телімін де несиеге алуға отандастарымыздың еті үйреніп кеткен. Сосын да шығар, алаяқтар алдымен қазақстандықтардың осы бір әлсіз жерінен ұстауға тырысады. Соңғы кездері жасанды сананың дамуы алаяқтардың алдамшылық жолын тіпті кеңейте түсті. Яғни алаяқтар енді жасанды сананың көмегімен қалаған адамның дауысына дейін көшіріп пайдалана алады.
Бүгінгі таңдағы алаяқтықтың ең кең етек алып кеткен түрі – белгілі бір банктің қауіпсіздік қызметінің маманы болып қоңырау шалады. Қазақстанның түрлі байланыс операторларынан, әлеуметтік желілерден, атап айтсақ, «уатсап» желісінен де хабарласатын болып алған. Жақында бір танысымыз хабарласып, 21 миллионға алданып, қарызға белшесінен батқанын жеткізді. WhatsApp-та үнемі сөйлесіп жүретін бір танысы аяқ астынан хабарлама жіберіп, жеңілдікпен тауар алуға болатынын, ол үшін жеке куәлік арқылы тіркелу қажет екенін айтып, куәлігінің көшірмесін және өзін видеоға түсіріп жіберуді сұраған. Танысы болған соң артық ештеңе ойламаған ол айтқанын орындаған. Сөйтсе, ол танысы емес WhatsApp желісін бұзып кірген алаяқтар екен. Берген жеке деректері бойынша зияндалушының атынан несие рәсімдеп, шотындағы бүкіл ақшасын аударып әкеткен. «Құқық қорғау орындарына да хабарластым, сайда саны, құмды ізі жоқ алаяқтарды олар да таба алмады. Қазақстанға келгелі қарызсыз өмір сүріп жүрген азамат едім, енді, міне, жоқ жерден қарыздың қамыты мойныма ілінді» дейді жыламсырап. Әрине, Қазақстанда мұндай мысалдар көп. Құқық қорғау органдары да үнемі алаяқтардан сақ болуға шақырып отырса да, айласын асырған алаяқтар көздеген мақсатына жетіп жатыр.
Қазіргі таңда алаяқтықтың кең тараған тағы бір түрі – байланыс операторларының атын жамылып іске асырылатын қылмыстық-құйтырқы іс-әрекеттер. «Актив» немесе «Билайн» орталығынан «хабарласып» азаматтардың жеке симкарта мен нөмірінің пайдалану уақыты аяқталғандығын желеу етіп, әңгімеге тартады. «Қазір сізге код жібереміз, соны айта қойыңыз» дейді алаяқтар. Ол кодты айтса, біткені. Арам пиғылды алаяқтар сол жеке код арқылы сіздің барлық шоттарыңызды басқару мүмкіндігіне ие болып шыға келеді
Ескеретін бір жайт, өзгелердің атынан несие алуға тосқауыл қою үшін қазақстандықтар несие алудан мүлдем бас тарта алады. Яғни банктер мен микроқаржы ұйымдарынан шексіз уақытқа дейін кредит рәсімдеуге тыйым салуға мүмкіндік бар. Қызметке Egov порталы арқылы жүгініп, порталдағы «Кеден және салықтар» бөлімін таңдап, «Экономика және қаржы» бөліміне өту керек. Сосын «Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту» қызметін таңдап, қажетті жолдарды толтырып, электронды цифрлы қолтаңба көмегімен өтінімге қол қою қажет. Сервиске тек несиеден бас тартушы азаматтың өзі ғана өтінім бере алады. Сондай-ақ пайдаланушы кез келген уақытта несиелер мен қарыздарды алуға белгіленген шектеулерді алып тастай алады. Қазірше алаяқтардың банктен өзгелердің атынан несие рәсімдеуіне тосқауыл қоя алатын бір тәсіл осы ғана болып тұр. Алайда жұрттың көбі мұны ескере бермейтіндіктен, бұл да ең ұтымды әдіс деп айта алмаймыз.
Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтардан саусақ ізі алына бастағаны белгілі. Бізше осы тәсілді азаматтардың құқық мүддесін қорғау ісіне де пайдалану керек сияқты. Яғни азаматтар банктерден немесе басқа да қаржы ұйымдарынан ірі көлемде несие рәсімдеген кезде міндетті түрде саусақ басып, саусақ ізі сол азаматқа сәйкес келетінін анықтағаннан кейін ғана несие рәсімдеуіне рұқсат ету керек. Өйткені одан басқа тәсілдердің барлығы қазір жасанды сана әдісін пайдалана отырып жасалатын алаяқтыққа төтеп бере алмай отыр.
Қазіргі таңда интернет- саудасы қызып тұр. Жұрттың көбі үйінде отырып, мұхиттың арғы жағынан тауар алдырып жатыр. Қазақстанның ел ішінде де интернет- саудасы жанданып келеді. Алайда біздің ел ішіндегі интернет желісі арқылы жасалатын сауданың кепілдігі аз. Қарсы тарап, тапсырысты қабылдап, ақшасын алып алғаннан кейін телефонын өшіріп, ізін суытса, оған тұтынушылар ештеңе де істей алмайды. Өйткені біздің елде интернет-саудасын қадағалап отырған арнаулы құрылым жоқ. Қытайдағы сияқты тауар тұтынушының қолына тигенше және ол тауарды тексеріп өткізіп алғанша тапсырыс берушінің ақшасын ортада ұстап тұратын арнаулы қаржылық ұйым жоқ. Осы бір кемшілік интернет-саудасындағы алаяқтыққа кең жол ашып тұр. Сондықтан бұл мәселені заң арқылы реттемесе, интернет-саудасымен ұштасқан алаяқтыққа тосқауыл қою өте қиын.
Қазіргі таңда алаяқтықтың кең тараған тағы бір түрі – байланыс операторларының атын жамылып іске асырылатын қылмыстық-құйтырқы іс-әрекеттер. «Актив» немесе «Билайн» орталығынан «хабарласып» азаматтардың жеке симкарта мен нөмірінің пайдалану уақыты аяқталғандығын желеу етіп, әңгімеге тартады. «Қазір сізге код жібереміз, соны айта қойыңыз» дейді алаяқтар. Ол кодты айтса, біткені. Арам пиғылды алаяқтар сол жеке код арқылы сіздің барлық шоттарыңызды басқару мүмкіндігіне ие болып шыға келеді.
«Банктен, «Актив» немесе «Билайн» орталығынан ешқашан азаматтардың байланыс операторының мерзімін ұзарту керек деген талаппен қоңырау шалмайды. Сіздің жеке шотыңызды бұзғалы жатыр деп банк қызметкерінің хабарласуы да екіталай. Тіпті, қауіпсіздік комитетінен не полициядан едік деп азаматтарды үрейлендіруі мүмкін. Мұндай ситуацияға тап болсаңыз, бірден тұтқаны қойып 102 нөміріне қоңырау шалып немесе өзіңіздің картаңызға жауапты колл-центрге хабарласу керек» екенін сала мамандары үнемі айтып келеді. Қазіргі таңда алаяқтардың арбауынан сақтануда осыдан ұтымды әдіс те жоқ. Ал әлеуметтік желідегі өтірік жарнама, арзан олжаға қызығып алданып қалсаңыз, ол өзіңіздің әлсіздігіңіз. Сондықтан «Терлемей табар теңге жоқ» екенін әрбір азамат қашанда естен шығармағаны абзал.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ