Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Терлемей табар тиын жоқ

Биыл жазда елордада «Eden Life»-тың қаржы пирамидасын құруға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны көпке мәлім. Іле-шала Қаржы мониторингі агенттігінің Астана қалалық департаменті инвестиция саласындағы маркетингтік компания атын жамылған «MMK Investment» қаржы пирамидасын құру және басқару бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаса, көп өтпей бас қалада қаржы пирамидасынан пайдаланып, 2 мың адамды алдаған алаяқ ұсталды. Ол WhatsApp пен Telegram мессенджерлерінен «Астана Раушан касса айналымы» атты чат ашып, ақшалай қаражат алу үшін 2 мың салымшыны тартқан. Әрине, мұндай жағдай елімізде ғана емес, шетелде де жиі кездеседі. Себебі бұл ғаламдық сипат алған алдамшылықпен ақша табу тәсілі бүкіл әлемді діңкелетіп отыр.

Батыс елдерінен басталған бұл алдап-арбау жолымен ақша табу әдісі еркін сауда дегенде езу жимайтын АҚШ-ты да аз сарсаңға салған жоқ, яғни 19-ғасырдың басында бұл сайқал сауда тәсілін ойлап тауып, опырып пайда тап­қан екі еврей азаматы кейін талай адамды тақырға отыр­ғызып, басқа елге қашып кетті. Бір қызығы, талай елді қан қақсатып, небір қалталы байларды тақыр кедейге айналдырған бұл сауда тәсілінің тұзағына қарапайым халықты қойып, ойламы бар оқымыстылар да омақасты. Осыдан кейін АҚШ үкіметі 1979 жылы «Қаржы пирамидасына қарсы тұру» заңын мақұлдады. Осыдан кейін әлемнің көптеген елдері қаржы пирамидасына қатаң шектеу қойғанмен, бүгінге дейін оған түбегейлі тосқауыл қоя алған жоқ.

Еліміз де қаржы пирамидасына шектеу қо­йып, заңды қатайтқанмен, алаяқтар амалын тауып, айласын асырумен келеді. Алдағы уақытта қаржы пирамидасын құрып, халықты сан соқтырғандардың жазасы 10 жылдан 12 жылға көбейту көзделіп отыр. Алайда бұл заң адам өлімі тіркелген жағдайда ғана атқарылмақ. Демек, қаржы пирамидасына түбегейлі тосқауыл қою үшін заңды әлі де күшейту керек. Дейтұрғанмен мұндай алаяқтықпен айналысатындардың көбі шетелде отырып жұмыс жасайтындықтан, оларды тек қана заңға сүйеніп құрықтау қиын. Ол үшін халықтың қаржы пирамидасына болған түсінігін арттырып, алаяқтардың алдау әдісін жұртқа толық түсіндіру керек.

Ең әуелі, мейлі қайсы елде, қандай қалада өмір сүрсең де, терлемей табар тиын жоқ. Саусақты ғана қимылдатып ақша табу, үйде отырып бір-ақ күнде миллионерге айналу дейтін ертегіні естен шығару керек. Өйткені алаяқтардың амалымен арбайтыны – дәл осындай адамдар. Олар көбінде психикалық жақтан әлсіз, қаржыдан қысылып, тығырыққа тірелген адамдарды көздейтіні де әлдеқашан дәлелденген ақиқат.

Қаржы пирамидасының сипаты мен алдамшылық тәсіліне келсек, қатынасушыларға қаражат тапсыр­ту қаржы пирамидасы ұйымдарының мүшелік толымдығына ие болуын талап етуде, сөзсіз, басып өтетін тәртібі болса, «белгілі рет тәртіп бойынша жік дәрежесін қалыптастыру» – оның құрылымдық ерекшелігі. Бұл ұйымдардың көлемі үлкен немесе кіші болсын, барлығының пирамида тәрізді құрылымы, әрбір адамның белгілі дәрежесі болады, қабылдаған адам санының артуына қарай дәрежесі өсіп отырады. Төмендегілер, сөзсіз, жоғары дәрежелі мүшелерге бой ұсынады, төмендегілер тек өзін мүшелікке қабылдаған адамды ғана біледі, ұйымдастырушылар перде артында тұрып барлық істі меңгереді, жиналған ақша да дер кезінде «атаманның» қалтасына түсіп отырады. Ұйымға қатысқан адам талап бойынша қол астына көптеп мүше қабылдағанда ғана зор пайдаға кенелетіндіктен, бұл ұйымға қатысқандар жанталасып мүше қабылдаумен бірге, өзі қабылдағандарының да қол астына адам қабылдауын талап етеді. Мұнда олар қабылдаған адам тапсырған ақшадан белгілі үлес әкелумен бірге, одан төменгі мүшелердің тапсырған ақысының да игілігін көреді. Пирамиданың төменгі жағындағылар жанталасып мүше жинайтындығының, түк таппағанда жанашыр жақынын, туыс-туғанын алдайтындығының сыры, міне, осында.

Қаржы пирамидасының ең түпкі мақсаты алдап ақша табу болғандықтан, оған қатысушылардың жұмысқа белсенді кірісуі үшін әлдімен сабақ өтіп, «ми жуу» басқышынан өткізеді. Мемлекеттің үгіт-насихат материалдарын қиюлас­тыруды да қағыс қалдыр­майтын олар «сауда-саттық ілімі», «табысқа жету ілімі», «қоғамдағы қатынас ілімі» қатарлы баюға жігерлендіретін сабақтар арқылы өз мақсаттарының сипатын көлегейлеп, қатысушылардың тез баюға құлшынудай құштарлығынан пайдаланып, жақындарыңызды шырғалатып, өз қолыңызбен өзіңізді «бауыздатады». Кейде тіпті олар мәлім бір өнімді сатқызу әдісін де пайдаланады. Бірақ онда да өз қатарына адам тартуға міндеттісің. Міне, осы қағиданы түсінбегендер оңай алданады.

Сөз соңында тағы да қадап тұрып айтарымыз: еңбексіз, талапсыз, тегін келер байлық жоқ. Бақыттың суы маңдайдың тері екенін ешқашан ұмытпайық, ағайын!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button