Жаңалықтар

Термин текетіресі

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 20 маусым күні қазақ тіліне аударылған терминдерді қайта қарастыру жөнінде ұсынысын айтты. Ол 3300-ден аса жалпыға бірдей қабылданған терминдердің 300-ге жуығын қайта аудару керектігін айтты. Мұндай әрекетін министр халықаралық терминдерді қазақшалаған дұрыс емес деп түсіндірмек болды. Осы мәселеге қатысты өзімнің жеке пікіріммен бөліскім келеді.

Ақиқатын айтсақ, көптен бері қазақшаланған терминдер тілдік қолданысымызға, жазуымызға әбден сіңіп кетті. Олардың бүгінгі қолданысында ешқандай оғаштық жоқ. Өйткені «пайыз», «мұражай», «сынып» сияқты сөздер Абай және Ыбырай аталарымыздың заманынан бері қолданылып келеді.
Менің ойымша, тілді тұқыртып, қаншама жылдар бойы қазақ халқының санасына сіңіп қалған сөздерді қайтадан аудару – қисынсыз. Демек, басшылардың халықтың талқылауына салмастан, өзімшілдікпен «тон пішіп», тілімізді тұқыртқаны – Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына да қарама-қайшы келеді. Елбасы «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ тілі – күллі қазақстандықтарды біріктіретін қуатты құрал», «Өз тілімізбен өмір сүрейік!», «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген қанатты сөздерін жиі-жиі айтып қана жүрген жоқ, ол сөздер көптеген еңселі ғимараттардың төрінде жазулы тұр. «Рухани жаңғырудың» бір белгісі – туған тілімізді таза ұстау екенін де Тұңғыш Президентіміз қадап айтты. Ендеше, жоғары лауазымды шенеуніктің мұнысына не жорық?
Сайып келгенде, тіл – ұлттың жаны. Оны оңды-солды тұқыртуға, жаншуға ешкімнің де қақысы жоқ. Бауыржан Момышұлы атамыз: «Тіл тазалығы үшін күрес ешқашан толастамайтын мәңгілік күрес» деген сөзді бекер айтқан жоқ. Тілін қадірлемегеннің ұлты жоқ дейді дана халқымыз. Олай болса, жаңа министр асығыс шешім шығармағаны жөн деп ойлаймын.

Рамазан ЕЛАМАНҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық

университетінің студенті

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button