ӘлеуметБасты ақпарат

Терминал теңгенi «танымайды»

Қазақтың жаңа дизайнмен шыққан теңгелерiн көрiп, бiр марқайып қалдық. Алайда сол теңгелердi кейбiр банкомат пен терминалдардың «танымай» жатқаны, өкiнiштi-ақ. Теңгемiздi «мойындату» үшiн, техниканың тiлiн табу бүгiнгi күннiң басты мәселесiне айналғандай…

Астана дүкендерiне және қоғамдық орындарда халыққа қызмет ету үшiн қойылған мультибанктердiң саны бүгiнде жетiп артылады. Банкке барып немесе кезек күтiп шаршаудың қажеттiлiгi азайды. Жолшыбай өтiп бара жатып-ақ, мультибанктiң көмегiмен талай тiрлiгiңдi тындыруға болады.
Бұл техниканың көпфункционалдылығы – заман талабының нағыз жемiсi. Алайда жаңадан айналымға шыққан төл теңгемiздi терминалдардың «елемеу» сыры неде? Әлемде ақшаның қорғаныш элементтерi алғаш рет бiздiң теңгемiзде қолданылып отырғандықтан, мүмкiн бағдарламашыларға қиындық туғызды ма екен, – деген ой келдi бiзге.
«ҚР Ұлттық Банк» ММ Орталық филиалының Қолма-қол ақшамен жұмыс бөлiмiнiң бастығы Әлиәскер Әлиевтiң айтуынша, бұл мәселеге елiмiздегi екiншi деңгейлi банктер жауапты көрiнедi. «Бiздiң мiндет – халық тұты-натын барлық банкоматтарды ақшамен қамтамасыз ету. Кез келген банкке тиесiлi банкомат жұмысын жүйелi үйлестiру. Бүгiнде барлық банкоматтарда ескi және жаңа банкноттар айналымда деп айта аламын. Әрбiр адам бұл бойынша өзiне қажет ақшасын алады, аудара алады, түрлi төлемдерiн жүзеге асырады. Ал қаладағы жаңа банкноттарды қабылдамай жатқан пост-терминалдардың жұмысына бiз араласуға тиiстi емеспiз. Бұл терминалдар екiншi деңгейлi банктерге және жеке кәсiпкерлерге тиесiлi», – дейдi Ә.Әлиев.

Екiншi деңгейлi банктер не дейдi?
Елордамызда «Қазақстанның халық банкiне» тиесiлi 46 мульти-киоск жұмыс iстейдi. Соның 22-сi ғана жаңадан шыққан теңгемiздi «мойындайды» екен. Банк менеджерi Гаухария Аймұханованың мәлiметiне сенсек, мұның бәрi техникаға байланысты туындаған жәйт. Қазiргi таңда мұндай құрылғылардың түр-түрi бар. «Бұлардың кейбiрiнде жаңа ақшаны қабылдайтын «cashe-in» қасиетi болса, кейбiрiнде жоқ. Сондықтан жаңа дизайндағы ақшаны қабылдамаса, түсiнiстiкпен қараған жөн. Бұл жайында халыққа қашанда ақпарат беруге әзiрмiз. Жаңа банкноттарды қай жерде орналасқан мультикиоскiлер қабылдайтынын немесе қабылдамайтынын бiздiң әлеуметтiк желi арқылы немесе банк сайты арқылы бiлуге болады», – дейдi ол. Ал жаңа банкноттарды қабылдату үшiн «cashe-in» бағдарламасы басқа терминалдарға орнату қарастырылмайтынын қадап айтты.
Ұлттық банк жаңа банкноттарды айналымға шығарарда, жалған теңге жасаушылардан сақтану үшiн құпия ұстайтыны белгiлi. БТА Банктiң мәлiмдеуiнше, екiншi деңгейлi банктер де жаңа купюра туралы ақпаратты халықпен бiрге бiледi. Сондықтан «Cash &Pay» төлем терминалдары жаңа банкноттарды тану үшiн, жаңа бағдарламаға тапсырыс беру керектiгiн алға тартады. Ал оған бiршама уақыт кететiнi сөзсiз. Сол себептi БТА банк тұтынушыларының да әзiрге «ескi» теңгелердi ғана пайдалануларына тура келедi. Мамандардың пiкiрiнше, бағдарлама орнатылған күннiң өзiнде ол жаңа теңгенi қалай қабылдайтыны алдымен сынақтан өтуi тиiс дейдi. Бүгiнде БТА банктiң төлем терминалдары 2006 жылы шыққан 200 теңгеден бастап, 2011 жылы айналымға енген 10 000 теңгеге дейiнгi үлгiлердi қабылдауға бейiмделген.
«Казкоммерцбанк» АҚ иелiгiндегi терминалдардың да жайы басқалармен ұқсас. Банк менеджерi Қарагөз Әбудiң айтуынша, банкоматтардағы бағдарламаны алмастыруға көп уақыт кетедi. «Әрбiр жаңа купюраға жеке бағдарламалық код жазылуы тиiс. Мұнымен банкоматтарды шығаратын компаниялар айналысады», – дейдi ол.

P.S
Терминалдың теңгенi «танымау» сыры төңiрегiнде мамандар айтқан пiкiр – осындай. Бiрi – бағдарлама қажет десе, бiрi – түсiнiстiкпен қараған абзал дейдi. Ал бiрi – уақыт қажеттiгiн айтты. Сонда теңгемiздi терминалдар қашанға дейiн «жатырқамақ?»

Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button