Терминология тарланы
Саналы ғұмырының жарты ғасырдан астам уақытын тіл білімі саласына арнаған көрнекті түркітанушы ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдардың туғанына биыл 100 жыл толды. Осы бір айтулы датаға орай, ана тіліміздің абызы атанған ардақты ғалымның терминология саласындағы еңбектері туралы сөз қозғап отырмыз.
Әбдуәли Қайдар тіл білімінің бірнеше саласы бойынша іргелі еңбектер жазды. Соның ішінде ғалымның терминология мәселелеріне арналған еңбектері бір төбе. Жалпы ғалымның ең алғашқы зерттеулері терминологиядан басталған. Ә.Қайдар 1951 жылы университет бітірді. 1952 жылы «Казахстанская правда» газетінде Н.Мансуровпен бірлесіп жазған «Насушные вопросы развития уйгурской культуры» деген алғашқы мақаласы жарық көрді. Содан кейінгі қазақ және орыс тілдерінде жазылған «Ұйғыр терминологиясы жөнінде» деген екінші мақаласы 1953 жылы «Қазақстан мұғалімі» мен «Учитель Казахстана» газеттерінде жарияланған. «К вопросу об уйгурской терминологии» деген мақалалары мен 1954 жылы М.Жақыпбековпен бірлесіп жазған «Социалистік Қазақстанда» жарық көрген «Ауылшаруашылық терминдерінің сөздігі жөнінде» деген мақаласы жас ғалымның баспа бетін көрген 3, 4-еңбектері. Алғашқы ізденістерін терминологиядан бастаған зерттеуші одан кейін де ғылыми шығармашылығының әр кезеңінде термин мәселесіне арнайы тоқталып отырады.
Ғалым термин шығармашылығы халықтың бай терминдік лексикасына табан тірейтінін айта келіп: «Терминдік лексика мен ұғымдардың жалпыхалықтық көздері тілдің көне тарихынан бастау алады. Терминдік мәнде жұмсалатын көптеген сөздер мен тіркестер бізге көне түрік ескерткіштері тілінен келді» деп жазады
Терминология мәселелеріне арналған «Ұйғыр терминологиясы жөнінде», «О терминотворчестве в языке синьзянских уйгуров», «Терминология көкжиегі», «Қазақ терминологиясының қалыптасу тарихы, қазіргі жағдайы және міндеттері», «Процессы взаимодействия народной и научной терминологии в казахском литературном языке», «Казахская терминология», «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас», «Терминологияның бүгінгі барысы туралы кейбір ойлар», «Жаңалыққа жатсынбай, жасампаздыққа жармаспай қазақ тілі терминологиясына жаңаша көзқараспен қарайық», «Терминнің үш тұғыры», «Әскери атау сөздігі әлемі», «Қазақ тілінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Әскери іс», «Ауылшаруашылық терминдерінің сөздігі жөнінде» сияқты еңбектері академик ғалымның ғылыми шығармашылығында елеулі орын алатынын көрсетеді.
Ғалым термин шығармашылығы халықтың бай терминдік лексикасына табан тірейтінін айта келіп: «Терминдік лексика мен ұғымдардың жалпыхалықтық көздері тілдің көне тарихынан бастау алады. Терминдік мәнде жұмсалатын көптеген сөздер мен тіркестер бізге көне түрік ескерткіштері тілінен келді» деп жазады.
Академик олардың қатарына: туыстық атауларды (ата, әже, апа, сіңлі, келін, жиен), табиғат құбылыстары мен байлығын (жер, тау, тас, алтын, күміс, темір), қоғамдық-саяси құрылысты білдіретін (қаған, бек, тарқан, құл, күң, шығай), мал шаруашылығына қатысты (ат, айғыр, тай, бұқа) және анатомиялық атауларды (бас, аяқ, құлақ, жүрек) қоса отырып, олардың ортағасырлық ұйғыр, қыпшақ жазба ескерткіштерінде де кездесетінін айтады.
Ғалымның бұл айтқандары – ұлттық терминқордың қайнар бастауларын анықтау мен қазақ терминологиясының тарихын жазуда ескерілетін құнды пікір. Сондай-ақ белгілі тілші-ғалымының ұлттық әдеби тілдің саналы түрде ұйымдастырылатын терминологиялық үдерісі, ең алдымен, халықтың бай да алуан түрлі лексикасына негізделіп жасалатындығын атап көрсетуі де термин шығармашылығы үшін өте маңызды.
Ә.Қайдар терминжасам тәсілдеріне де тоқталды. Соның бірі – ғалымның калькалау тәсілі туралы пікірі. Ғалым былай деп жазады: «Калькирование является одним из ведущих и продуктивных способов образования новых терминов в казахском языке. Терминологические кальки по своему характеру делятся на два типа: смысловые и структурно-смысловые.
Қазір калька тәсілімен жасалған жаңа сөздер мен терминдердің бәрін орынды-орынсыз сынап-мінеп, осы тәсіл арқылы туындаған атаудың бәрін қажетсіз деп санайтын көзқарастағы филологтар бар. Ал академик ғалым калькалауды жаңа термин жасаудың басты, ең өнімді тәсілі ретінде көрсетеді. Калька тәсілінің табиғатын, термин шығармашылығындағы оның орны мен рөлін анықтауда ғалымның бұл пікірін де сөзсіз ескерген орынды.
Ғалым «Процессы взаимодействия народной и научной терминологии в казахском литературном языке» деген мақаласында халық тіліндегі атауларды термин ретінде түрлі ғылым саласында пайдалану мәселелерін көтереді. Мәселен, орыс тіліндегі бір ғана «сибирская язва» терминін қазақ тілінде жылқыға қатысты – жамандат, түйеге қатысты – қарабез, сиырға қатысты – қараталақ, қой-ешкіге қатысты – топалаң, ұшпа, сіреспе, ал адамға жұқса – түйнеме, күйдіргі, қағынды (баларға: ой, қағынды келгір!) деп атайтынын атап көрсетеді.
Ғалым осы атауларды қайтадан орыс тіліне аударса бір ғана «сибирская язва» болады дейді. Сонда орыс тілінде бір ғана атауға ие бұл ауру аты қазақ тілінде түлік түрлері мен адамға қатысты іштей жіктеліп, тармақталған болып шығады. Егер бұл атауларды біз орыс тілі үлгісіне салып, бір ғана сөзбен атаймыз десек, онда тіліміздің байлығын шектеуге тура келеді. Айталық, біздің тіліміздегі «немере» мен «жиен» деген екі туыстық атауды орыс тіліндегідей «племянник» деген сияқты бір ғана атаумен атаймыз десек, бұл тілге де, ұлттық танымға да жасалған қиянат болар еді. Иә, жүйелілік, бірізділік тұрғысынан бір ғылыми ұғымның, бұл жерде бір аурудың бір ғана терминмен аталғаны ыңғайлы, дұрыс. Егер жамандат, қарабез, топалаң, күйдіргі деген медициналық тұрғыдан еш айырмашылығы жоқ бір ауру түрі екені рас болса, халықаралық, тіларалық біріздендіру мен стандарттарға қосу үшін мамандар келісімімен біріне тоқталған дұрыс. Ал әр малда болатын бұл аурудың өзіндік айырмашылықтары болса, онда оларды ғылыми әдебиеттерде де сақтап, сол ерекшеліктерін дефинициясында көрсетуге тура келеді. Ал жалпы әдеби тілде әр түлікке қатысты олардың сақталғаны, қолданылғаны орынды.
Қазақ терминологиясының дамуындағы кейбір кезеңдер мен терминқор қалыптастыру қағидаттарын сөз өткенде 20-30 жылдарды бір кезеңнің жалғасы ретінде қарап, ол кезеңдегі ұстаным-қағидаттардың арасын ажыратқысы келмейтін де ғалымдар, мамандар бар. Мәселеге бұлай қарау тарихи тұрғыдан да, ғылыми тұрғыдан да шындыққа жанаспайды. Ғылым тілі мен терминология дамуының алаш кезеңі мен совет кезеңін бөлмей, бір-бірінің жалғасы ретінде қарау, бір-бірімен тоғыспайтын екі түрлі бағытты ұстанған ғалымдарды ұстаз-шәкірт етіп көрсету – сол жылдары бір-бірімен еш ымыраға келмей бірі жеңіске жеткенше кескілесіп соғысқан «ақ» пен «қызылды» бір әскер, бір жүйе деп қараумен бірдей. Осы тұрғыдан келгенде, терминологияның сол уақыттағы даму жолдары, кезеңдік сипаты туралы көрнекті тілші-ғалым, академик Ә.Қайдардың: «В 20-30-е годы можно отметить два периода в развитии тюркского языка, противоположные друг другу: пуристический и период сплошного заимствования советско-интернациональных терминов без соответствующего поиска» деген пікірін ескерусіз қалдыруға болмайды деп білеміз.
Академик ғалым бұл пікірін 1989 жылы совет одағы ыдырардың алдында, кемеліне келген шағында 65 жасында айтыпты. Ғалым 20-30-жылдары түрік тілдері терминологиясын дамытуда бір-біріне қарама-қарсы екі бағыт болғанын атап көрсетеді. Солай болғанын сөз болып отырған кезеңде термин жайын сөз еткен ғалымдардың жазған еңбектері, соңына қалдырған ғылыми мұрасы растайды. Ә.Қайдар кезең келбетін дұрыс көрсетіп отыр. Біз қазақ терминологиясы дамуының «алаш кезеңі» деп атап жүрген 30-жылдарға дейінгі кезең мен 30-жылдардан кейінгі орыс тілін негіз етіп алған жалпысоветтік терминдер қорын қалыптастыру кезеңінің ұстанған бағыты да, мақсаты да бөлек еді. Алаш кезеңінің басты ерекшелігі – қазақ терминін ең алдымен ұлттың өз тілінде жасау. Мұндай қағидатты жасап, ресми бекітіп, термин шығармашылығында басшылыққа алған А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы бастаған алаш оқығандары. Олар қуғын-сүргін құрбаны болғаннан кейін олардың ұстанған жолын қаралап, өздерін «пантүркист», «түрікшіл», «ұлтшыл», «пурист» деп кінәлады. Шындығында олар белгілеген қағидаттар да, олар ұстанған жол да нағыз ғылымға негізделген, қазақ тілінің өз табиғатын сақтап, ұлт мүддесін көздей отырып жасалған еді.
Академик Ә.Қайдар кірме терминдер емлесі, оларды жазу, тілге қабылдау мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Бұл жөнінде ғалым советтік кезеңде де, тәуелсіздік жылдарында да пікір білдіріп, өз ұстанымдарын жариялап отырды.
Ғалым советтік кезеңдегі орыс сөздері мен интертерминдерді жазуға қатысты ұстанымы сол заман ағымы мен талаптарына сай болды. Алайда ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғалым орыс тілінен енген терминдер мен интернационалдық терминдерді қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп қабылдау принципін ұсынды. Бұл тұрғыдан келгенде, Ә.Қайдар аға буын ғалымдар арасында өткен кезеңге сын көзбен қарап, терминологияны жаңаша дамытудың бағыт-бағдарын ұсынған лингвистердің алдыңғы қатарында болды. Ғалымның «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас» еңбегі терминологияның Тәуелсіздік кезеңіндегі даму бағытын айқындауға негіз болған, жөн сілтеген маңызды зерттеу болды.
Осы еңбегінде ғалым терминологияны дамытудың 11 қағидатын ұсынды. Мәселен, ғалым ұсынған 5-қағидатында: Тіліміз үшін қажет, бірақ дәл баламасы жоқ, аударуға келе бермейтін интернационалдық терминдер мен атауларды қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне икемдеп қабылдау; 6-қағидатында: Орыс тілінен (жалпы славян тілдерінен) енген терминдік атауларды мүмкін болғанынша қазақшаға аударып қолдану; аударуға келмейтіндерін бұрынғыдай сол қалпында емес, қазақ тілінің фоно-морфологиялық ерекшеліктеріне үйлестіре қабылдау; 11-қағидатында: Терминдер мен атаулардың емлесін тіл заңына, жазу дәстүріне сәйкес реттеу; бұл әдетте, алфавит пен емле қағидаларын өзгертуге байланысты қаралатын күрделі мәселе, бірақ оған қоғам санасын қазірден-ақ дайындау, бейімдеу қажет, – деп көрсетеді.
Міне, осы ұстанымдары арқылы ол ендігі уақытта терминологияны дамытудың советтік жолымен жүруге болмайтынын, ұлт тілінің ішкі мүмкіндігін барынша пайдаланып термин жасап, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда кірме терминдерді қазақ тілінің заңдарына бағындырып алу керектігін негіздеп отыр. Оның бұл қағидаттары алаш оқығандары ұсынған қағидаттардан туындап, солармен үндесіп жатыр.
Сондай-ақ ғалым түркітанушы ретінде түркі терминологиясының озық үлгілерін алуды ұсынды. Академик ұсынған төртінші принцип: «Термин шығармашылығында бұдан кейін туысқан түркі тілдерінің (әсіресе терминология дәстүріне бай жазба тілдердің) озық тәжірибелерінен, терминдік өрнек-үлгілерінен, оңтайлы да үйлесімді сөз жасау модельдерінен мүмкіндігіне қарай пайдалану» деп аталады.
Міне, бұл еш құнын жоймаған түркі тілдері арасындағы тіларалық, халықаралық біріздендіру жұмысын жүргізу мен өзара терминалмасу үдерісін жолға қою кезінде ескерілуге тиісті маңызды пікір.
Қорыта келгенде, академик Ә.Қайдар ғылыми шығармашылығының қай кезеңінде де терминологияға ерекше мән беріп, терминжасам мен терминологияның теориялық, практикалық мәселелерін зерттеулеріне арқау етті. Көрнекті ғалымның ғылыми тұжырымдары мен ғылыми еңбектеріндегі құнды пікірлері қазақ терминологиясының алдағы даму барысында да басшылыққа алынып, қажетке жарай берері сөзсіз.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор,
халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті