Басты ақпаратБілім

ТЕСТІЛЕУ МАУСЫМЫ ТӘМАМДАЛДЫ

Білім сынағының Астана қаласына қатысты қорытындысы шығарылды.
Мамандар нәтиже көңіл көншітерлік деп отыр. Десе де, бас қаладағы биылғы ҰБТ-ның у-шуы әлі басыла қойған жоқ.

Естеріңізде болса, тестілеудің алғашқы күні «оқулықта жоқ оғаш сұрақтар кездесті» деп, сынақты сынап шыққандар да, «намысымды таптады», «шпаргалка» іздеп, іш киіміме қол салды» деп, жылап шыққандар болды. Бір айта кетері, аталған деректердің бәрі дәлелденіпті. Сынақты қорытындылау жиынында министрлік өкілдері келеңсіз жайтқа кінәлілердің жазаланғанын айтты.

Істің ақыры біреулердің сөгіс алуымен, енді біреулердің жұмыстан қуылуымен аяқталды.

Тестілеуге жауаптылардың бұлайша шектен тыс «жауаптылық танытуына» себеп те жоқ емес.

Бүгінде студент атанғандардың арасында ҰБТ кезінде «шпаргалканы» асқан шеберлікпен қолданғанын ұялмай «жыр» етіп жүргендері жетеді.

Былтыр ғана Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында осы «шпаргалканың» арқасында түлектері түгелдей жүзден кем емес балл жинағаны есте.

Міне, осы жағдайлар министрлікке де, жергілікті білім жүйесі басшыларына да үлкен сын болса керек.
Амал қанша, қалтасындағы қағазына емес, басындағы біліміне сенсін дегеннен өзге ойы жоқ «тексерушілер» аяқ астынан осылайша кінәлінің кебін киіп қала берді.

Дереккөздеріне сүйенсек, Астана бойынша ҰБТ-ны 3549 оқушы, дәстүрлі емтиханды 497 түлек тапсырған.

Сырқаттануына байланысты,3 оқушы тестілеуге келе алмапты.Олар шілде айында биыл оқуға түсуді жоспарлап отырған бұрнағы жылдардағы түлектермен бірге кешенді тестілеуге қатыса алады.

Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстардың 125 жеңімпазы мен жүлдегері Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен ҰБТ-дан босатылыпты.

Астана қаласы бойынша орташа балл – 78,46-ны құрап отыр.

Ең төменгі межені 752 оқушы, яғни түлектердің 21,19 пайызы еңсере алмаған.

Әзірге ең үздік 10 мектептің алдыңғы шебінде орташа балы 108,4 деген көрсеткішпен Дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебі тұр. Одан кейін Қыздарға арналған қазақ-түрік лицейі – 102,68 балл, ұлдарға арналған қазақ-түрік лицейі – 102,4 балды бағындырған. №6 гимназия – 94,69 балл, «Көгілдір парус» – 94,33 балл, «Астаналық» лицейі – 93,5 балл, «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейі – 92,02 балл, №38 мектеп-лицейі – 91,93 балл, №50 мектеп-лицейі – 91,24 балл және №3 мектеп-лицейі – 92,02 балл жинаған.

Астанадағы ең жоғарғы көрсеткіш – 125 балға қыз балаларға арналған Қазақ-түрік лицейінің түлегі Әсел Қысықованың қол жеткізгенін бұған дейін жазғанбыз.

«Алтын белгіден» үміткер 178 түлектің әзірге 68-і өз білімдерін толық растай алған. Астана қаласы Білім басқармасының мамандарының айтуынша тестілеудің жалпы қорытынды нәтижелері мен елорда мектептерінің орташа балдары Республикалық апелляциялық комиссия жұмысын аяқтаған соң белгілі болады.

Мадина РАХЫМБАЕВА,
Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері:

Тест тапсырғанға дейін 125 балл аламын деген үмітім болды. Бірақ биылғы тест сұрақтарына біраз күрделі сұрақтар енгізілгендіктен, бес пән бойынша 119 балл жинадым. Алдағы уақытта физика саласына қатысты мамандықты таңдағалы отырмын.

Маған берілген тапсырманың арасында мектеп бағдарламасынан тыс сұрақтар болған жоқ. Кейбіреулер айтып жүрген «Абылай ханның атының қанша тісі бар?», «Шоқан Уәлихановтың жейдесінің түймесі нешеу?» дейтін оқулықта жоқ сауалдар менде де, мен танитын түлектерде де кездескен жоқ.

Сол күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің ғимаратында менімен бірге тест тапсырған оқушылар мен олардың ата-аналары тарапынан есікте тұрған полиция қызметкерлеріне қатысты шағымдар өте көп айтылды. Бірақ, жеке өз басым мұндай жағдаймен бетпе-бет келген жоқпын. Жалпы, менің ойымша, бірыңғай тестілеу барысында тексеру жұмыстары қажет. Бұл оқушының көмекші материалдарға емес, өзіне сеніп, білімін дәлелдейтін сәт. Алайда, балалардың психологиясына кері әсерін тигізетін шектен тыс тексерістердің қажеті жоқ.

Шынар ДОСАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button