Тиімділік пен кәсібилікке қадам

Мемлекеттік қызмет – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрақтылығының басты тірегі, кез келген елдің дамуындағы басты институттардың бірі. Ол қоғам мен билік арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, мемлекеттік саясаттың жүзеге асуын ұйымдастырады.
Елімізде мемлекеттік қызметті жетілдіру және оны заман талабына сай дамыту үшін жүйелі реформалар жүзеге асып келеді. Осы мақсатта қабылданған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, қызметкерлердің кәсіби деңгейін көтеруді және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейді.
Қазақстан Республикасының қызметін реформалау ашықтық, тиімділік, кәсібилік қағидаттарына негізделген. Жаңа тұжырымдама аясында мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесін жетілдіру мақсатында кадрларды ашық және әділ конкурстық іріктеу, жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту үшін жаңа бағдарламаларды енгізу, мемлекеттік қызметке қабылдау үдерісін цифрландыру сияқты жаңашылдықтар орын алды.
Қалыптасқан жағдайға жауап ретінде «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінің сыртқы порталы арқылы процесті цифрландыру іріктеуге қашықтан қатысуға мүмкіндік бере отырып, адами факторды барынша азайтып, мемлекеттік қызмет тартымдылығының артуына әсерін тигізді.
Жаңа іріктеу жүйесіне көшкеннен бері Астана қаласының жергілікті атқарушы органдарында 2024 жылдың қорытындысымен жалпы конкурс бойынша 1-орынға 11,7 (2023 ж. – 8,6) кандидат қатысып, ұқсас кезеңмен салыстырғанда олардың үлесі 3,1 адамға артып, мемлекеттік қызмет жүйесінің ашықтығын көрсетті.
Қазіргі әлемде мемлекеттік және жеке секторлар үшін басым міндетке айналған адам ақыл-ойы мен таланттарды іздеу үшін күрес белсенді дамып келеді. Бәсекелестіктің қалыптасқан шарттары аудандық және ауылдық деңгейдегі мемлекеттік органдардың төменгі лауазымдарына жоғары оқу орындарының үздік түлектерін конкурстан тыс тағайындалуына мүмкіндік берді.
Дарынды жастарға «әлеуметтік лифт» қамтамасыз ете отырып, таланттарды басқарудағы негізгі бағыттардың біріне айналған Президенттік жастар кадр резервін құру, жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және өңірлерді дамытуға талантты жастарды тарту мақсатында өткен өңірлік кадр резерві – осының дәлелі.
Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде жаңадан әзірленетін «Мемлекеттік қызмет туралы» заң мемлекеттік қызметтің миссиясын, міндеттері мен талаптарын жаңаша айқындайды. Бұл заң мемлекеттік қызметке кіру, оны өткерумен ғана шектелмей, мемлекеттік қызметшілер мен халық арасындағы қатынастарды үйлестіруге ықпал ететіні сөзсіз.
Осы бағытта қабылданып жатқан барлық заңнамалық өзгеріс – еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам. Бұл реформалар мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тартуға, олардың кәсіби деңгейін көтеруге және жұмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде мемлекеттік аппараттың тиімділігі артып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жоғарылайды.
Мемлекеттік қызмет дамуы – ел өркендеуінің кепілі. Сондықтан бұл саладағы реформалар қоғам үшін де, мемлекет болашағы үшін де стратегиялық маңызға ие. Оның жүзеге асуы қоғам мен мемлекеттің өзара сенімін нығайтып, елдің тұрақты дамуына серпін берері анық.
Мақсат МУСИН,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы