Басты ақпарат

TikTok-қа балалар неге құмар?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялаған болатын. Осы ретте өңір тарихы, тарихи тұлғалар туралы TikTok жобасын іске асырып жүрген талантты балаларға демеу болу керектігін айтты. «Шындығында балаларды тарихи, ұлттық тұлғалармен таныстырып қана қоймай, заманауи Қазақстанның өркендеуіне атсалысып жүрген бүгінгі күннің батырларын да айтуымыз қажет. Бұл өте маңызды» деді Президент.

[smartslider3 slider=1919]

 Әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр

 Президент атап өткен TikTok-тың әлем бойынша 800 миллионнан астам қолданушысы бар. Елімізде балалар үшін де, ересектер үшін де кеңінен танымал. TikTok-тың трендке айналған бейнежазбалары – балалар мен жасөспірімдердің биінен құралады. Қысқа уақыт ішінде «рекке» шығып, «жұлдыз» болғандар да баршылық. Біз айтып отырған TikTok желісіне әлемдегі көптеген елдер тыйым салыпты. Біздің қоғамда керісінше, күннен-күнге тіркелушілер саны артып келеді.

Жақында осы мәселе төңірегінде депутат Нұртөре Жүсіп Премьер-министр Әлихан ­Смайыловқа арнайы сауал жолдаған еді. Депутат Премьер-министрге ұлттық тәрбие мен идеологияда олқылық кеткені және тез арада шұғыл әрекет ету керектігін айтты. Сондай-ақ қоғамда еңбек ету, адал мал табу, Отанға, мемлекетке адалдық, қоғам алдындағы жауапкершілік, әділет, ар, ұят ұғымдары кейінге ысырылып қалғанын жеткізді.

[smartslider3 slider=1932]

«Біз ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиеде үлкен олқылық жіберіп алдық. Мұны ашық мойындау керек. «Менің мемлекетім», «Менің Қазақстаным» деген отансүйгіш сезімді терең орнықтыру орнына, қалай да ақша табу, тез баю, тірліктің бәрін ақшамен өлшеу ұғымдарын алға шығардық. Бүгінгі жастар бабалардың «тәк-тәк» деген тыйымдарымен емес, негізінен, Тикток арқылы тәрбиеленіп жатыр. Өз ордасын өзі ойрандайтын, бұл әрекет үшін бір сәтте ойланбайтын қаніпезерлік қайдан шықты?! Әкенің сөзін баласы тыңдамайтын, қой дегенді білмейтін, үлкендерден ықпайтын, қыңыр ұрпақ неге көбейді? Елшіл, мемлекетшіл, ертеңшіл толқын қайда? Ұл-қызға дұрыс тәрбие бермесек, тұлға қалай шығады? Айтылған сөз айтылған жерде қалды. Сізден сол парламенттік тыңдау материалдарын Үкімет мүшелерінің бәріне таныстыруды, соларды жүзеге асыру үшін шұғыл әрекет етуді талап етемін» деді ол.

Сонымен қатар, сенатор теледидар кеңістігіндегі бағдарламаларға назар аударуға шақырды. Оның айтуынша, Қазақстанның ақпарат кеңістігі мағынасыз шоуға толып кеткен. Барлық телеарналар рейтинг үшін жұмыс істейді. Сондай-ақ елдегі жетекші арналардың көпшілігі мемлекеттік тапсырыс есебінен бюджеттен қаржыландырылады. Депутат осы ретте «Еларна» және «Тәлім ТВ» арналарын жасөспірімдер арнасына айналдыруды ұсынды.

 Елдік идеология керек

Нұртөре Жүсіптің бұл пікірінен соң қоғам пікірі екіге бөлінді. Бірі қолдады, бірі қарсы пікір айтты. Қоғам белсенділері «30 жылда тәрбиеленген жастардың көрінісі осы» деп қолды бір сілтеді. Мысалы, Тұрар Сәттарқызының пікірінше, жастарды рухани өзегінен айырған TikTok емес, осы уақытқа дейінгі идеология­ның салдарынан болып отыр.

[smartslider3 slider=1933]

«Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп өскелең ұрпақ жайлы «бәріне TikTok кінәлі» депті. Отыз жыл бойы көргені руханилықтан жұрдай, ұлтты ұйыс­тырар идео­логиясы жоқ ел, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайлаған билік, көпірме сөз, өтірік ақпар, жағымпаздық болса, мұны сіңіріп өскен жастардан не сұраймыз? Ненің жаман, ненің жақсы екенін, «обал болады, ұят болады, жаман болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген бабалар құндылығын «ескінің көзі» дедік, менсінбедік. Күні кешегі қаңтар оқиғасында жиылған жастар алдына шығатын беделді бір тұлғаның болмауы, қазақ үшін сын! Бірақ ондай тұлға болса да, оны тыңдайтын жастар жоқ. Неге? Өйткені біз «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген ұлттық өнегені ұмыттық. Рухани құндылықтан жұрдай болдық. Шынымызды айтсақ, идеология, жастар саясаты дегенді билік партиясының туын желбірету, ұрандату деп жастарды тәрбиеледік. Небір іске аспайтын, өтірік ұран, жалған есеп берілетін жобалар жасалды, оған қыруар қаражат кетті. Отыз жыл бойы тәрбиеленген бір ұрпақтың тамырына балта шаптық. Рухани өзегінен айырдық. Жалған ұранға, жағымпаздыққа, жең ұшынан жалғанған жемқорлыққа үйреттік. Ертеңге деген үмітінен айырдық. Отыз жыл бойы кереңдер билеген, мемлекеттік идеологиясы жоқ елде әрине, қандай ұрпақ өсіп шықты, оған тек жастар кінәлі емес. Баршамыз оларды кінәламай, көрсете алмаған өнегеміз, бере алмаған ұлттық тәрбиеміз үшін кешірім сұрауымыз керек» деді ол.

Депутат сауалының мұнша талқыға түскеніне қарап, бұл мәселенің маңызды екенін байқауға болады. Енді тек Үкімет тарапынан дұрыс шешімін табады деп сенейік…

«Анам TikTok-та билеуіме қарсы»

TikTok-тың басқа әлеуметтік желілерден айырмашылығы – тіркелмей-ақ бейнежазбаларды қарай беруге болады. Қазір әлеу­меттік желілерден 4-5 жастағы жасөспірімдердің TikTok желісіндегі билерді қайталап түсірген бейнежазбалары кең таралып кетті. Демек, балаларға мұндай контент өте қызық. 2-сынып оқитын 7 жастағы Хадишаның айтуынша, теледидарға қарағанда TikTok желісі өзгеше. Бірақ, TikTok «жұлдыздарындай» билеп түсіруге анасы қарсы екен.

«Теледидардан «Балапан» арнасын ғана қараймын. «Қазақ елі» мультфильмін, «Ертегілер әлемін» көремін. Өйткені маған ертегілер қатты ұнайды. Ой мен қабілетті арттырады және ойдан мәтін құраған кезде пайдасы бар. Ал TikTok-та басқаша. Онда әртүрлі билерді, сурет салған материалдарды қараймын.

Ал 9 жастағы Ерасыл ­Қожахмет – TikTok-та «жұлдыздардың» қатарында. Оның айтуынша, кез келген желіні дұрыс әрі пайдалы қолдануға болады.

«TikTok-қа тіркелгеніме жақында 1 жыл болады. Бірақ мұнда тек билер емес, тіл үйрену, робототехника құрастыру, күнделікті лайфхактар жарияланады. Тек өзіңнің таңдауыңа байланысты. Сабағыма еш кері әсері жоқ. Бірақ TikTok-қа кірмесе, өзімді нашар сезінетінім бар» деді ол.

TikTok зардабын төмендетуге бола ма?

Жалпы бала психологиясына басқа әлеуметтік желілерден гөрі TikTok -тың кері әсер беретінін нейропсихолог Айнұр Алдаш та растады.

«Кез келген баламен жұмыс жасайтын білікті маман 2-2,5 жасына дейін теледидар, гаджет көрсетпеуге кеңес береді. Себебі бала «Анам, кел», «Әкем, бер» деген сияқты екі сөзден құралған сөйлем айта білуі керек. Содан кейін ғана балаға гаджет, теледидар көрсетуге болады. Өйткені сөйлеу қарым-қатынас жасау құралы екенін бала түсінгені жөн. Мысалы, бала Youtube көріп отырған кезде ешқандай коммуникация болмайды. Тек мультфильмдегі ақпараттарды фильтрсіз сіңіріп отырады. Баланың тілі шығып, сөйлеуі үшін кері байланыс керек. Мәселен, бала кері байланысты диалог құру арқылы алады. Анасының эмоциясын, артикуляциясын көрген бала сөйлеп кетеді. Гаджет пайдалану тілдің кеш шығуына себеп болады. Бұдан бөлек, тілдің аралас шығуына әсер етеді. Жалпы бала қай тілді көбірек естиді, сол тілде сөйлей бастайды. Баланың миы 4 жасына дейін қозғалу, ұстап көру, жалпы әлем балаға ерекше болғаны дұрыс. Бір рет телефонға тәуелді болған балаға қоршаған орта қызықсыз. Ол әртүрлі нәрсені сезіп көруі керек.

TikTok, Reels, яғни осындай форматтағы қысқа бейнематериалдар балалар емес, ересектер арасында да өте танымал. Байқасаңыздар, мұндай 15-20 секундтық бейнежазбалардың қаралымы өте көп болады. Бір-бірін алмастыратын мұндай бейнематериалдарға барлығы да құмар. Бала мұндайды көру арқылы ақпаратты үстірт қабылдауға бейім бола бастайды. Бір тақырыпты терең түсінуге мүмкіндік бермейді әрі есте сақтау қабілеті төмен болады. Дегенмен біз оларға шектеу қоя алмаймыз. Көркем шығармаларды көбірек оқыту керек. Түрлі пікір алмасу, дебат, басқа балалармен коммуникация жасауға баулыған дұрыс. Біз мүлдем тыйым сала алмаймыз, бірақ осылай TikTok зардабын төмендетуге болады. Балаларым телефон қарайды, теледидар көреді. Бірақ белгілі бір уақыттары бар. Ұйықтардың алдында берілмейді. Яғни, өз орнымен қолданады» деді ол.

ҰРПАҚ ТУРАЛЫ СӨЗ БАСТАРДА…

[smartslider3 slider=1940]

Марғұлан АҚАН, Bugin.kz жоба жетекшісі:

TikTok… Құдай-ау, ТikTok-ты жауып тастарсыз, Youtube ше? Instagram, Facebook ше? Бұлардың бәрін жауып тастап, кім, қандай опа табады? Ең ақыры бәрінен құтылып, мұндай ұрпақты тәрбиелеу үшін қолына смартфон ұстатпау керек қой. Ол – ақылға келмейтін әңгіме. Сіздер айтқан сол ұрпақтың өкілімін. Кейінгі ұрпақпен де жұмыс істеймін. Жұмысты жеке кездесіп емес, сол онлайн әлемде жүргіземін. Мектеп оқушысынан бастап, университет студенттеріне дейін қоятын сұрақтары мынау: «Өзімді жоғалтып алдым», «Қандай кітап оқуға кеңес бересіз?», «Табысты болу үшін не істеу керек?» деп кете береді.

Клиптік ойлау деген теорияның санаға сіңгені қашан. Креатив идеяның, механизм­нің санаға кіргені де көп болды. Қазір командамда, негізінен, жастар. Біреуіне ақыл, біреуіне тәрбие туралы айтпаймын. Себебі менің ақылыма олардың түкіргені бар. Ендеше бірдеңе істеу керек қой. Қалай? Мен оларға толық шығармашылық еркіндік бердім. Жұмысты сүйіп, өзінің кәсібін жақсы көріп істеу үшін оларға мүмкіндік жасадым. Маған қарсы келуіне, менің идеямның дұрыс емес екенін дәлелдеуге жағдай жасадым. Өзіме жеке кабинет алмаймын, бірге отырмын, бірге жүремін. Ұрып-соғу, зорлық-зомбылық көрсетуді еркектің бойына сіңдіріп берген Кеңес өкіметінің қаңсығымен әлі келе жатырмыз ғой. 30 жыл бойы осылардың біріне нақты шешімін табатын жауап ұсына алмаған екенсіздер, енді келіп «мұндай ұрпақты» кінәламаған дұрыс.

Телеарналар тартымды ма?

Бүгінгі таңда мемлекеттік телеарналарды қарасақ, тосылып қаламыз. Әлі де сол «бұрынғы» тәсілмен жұмыс істеп келе жатыр. Жаңалық таратудағы кемшілігіміз қаңтар оқиғасында айқын көрінді. Себебі «Қазақстан», «Хабар», «24KZ» арналары бір жаңалықты эфирден бірнеше мәрте қайталап берді. Бұл туралы журналист Қасым Аманжол Facebook желісіне жазған болатын. «Бюджеттен жылына ондаған миллиард теңге қаражат алатын мемлекеттік телеарналардың қаңтар оқиғасы туралы жасаған бірнеше «фильмін» шолып шықтым… Ең алдымен, қарапайым ғана әділет нышаны аз. Ереуілшілердің бірде біреуіне ұсынылған мемлекеттік арнаның микрофонын да, оқиға ішінде жүрген тілшісін де көре алмадым. Қазіргі тв-журналистикаға түбегейлі өзгеріс, реформа керек» деді ол. Балаларға арналған бағдарламалар өте аз. «Балапан» арнасы да өзінің реттілігімен бұрынғы бағдарламаларын қайталауда. Осыған қатысты «Балапан» арнасының бұрынғы басшысы, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы мынадай ұсыныстар айтқан еді. «Біз балаларға теледидар арқылы тым ақылды, мәдени, әдемі контент бергенімізді дұрыс деп есептейміз. Табиғилық азайып бара жатыр. Кері байланыс жоқтың қасы. Заман ағымымен келген ойын, кейіпкерлер, стримерлер, тик-токерлер экранда мүлдем жоқ. Мұғалімнен шаршаған балаға ағай-­апайлардың хабар жүргізгені тіпті қажет емес. Біз мұңды күйдің ырғағымен қазақтың керемет жерлерін көрсететін бейнежазбалар арқылы бала бойында патриот­тық сезімді оятамыз десек қателесеміз. Сол үшін де мына ұсынысты айтар едім:

– балалар не көретінін, нені жақсы көретінін зерттеу қиын емес. Жаңа технологияның қайсысын тезірек техникалық экранға алып шығуға болатынын анықтау.

– балалар мен жасөспірімдер аудиториясы түгел ресейлік контентті тұтынушылар. Кеш болмай тұрғанда осының алдын алу керек деп ойлаймын» деді Ләйлә Сұлтанқызы.

Біз – ақыл айтуға, ұсыныс беруге шеберміз. Ұсыныс­тары орынды, соны іске асыратын басшы болса дейміз. Әйтпесе, «Балапан» арнасын өзі басқарған кезде де жаңашылдық енгізуге болатын еді ғой…

P.S: Бала тәрбиесі қашан да маңызды екенін айтып жүрміз. Бірақ сол маңыздылығын әлі ұғына қоймаған сияқтымыз. Сапасы жоғары, графикасы мықты тың дүниелер шығарса оған қызықпайтын бала жоқ шығар, сірә?! Қазақ мифін жандандырып, бүлдіршінімізге ұлттық нақыштағы, рух пен ұлттық намыс дарытатын мультфильмді көптеп шығарып, көгілдір экранымызды түзеуі керек. TikTok-тың да дәуірі өтер. Бала санасында жатталатын TikTok «билері» мен «сөздері» келешекте қауіп төндірмесе дейміз. Тек «қолымызды мезгілінен кеш сермемесек болғаны…».

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button