Басты ақпаратМәселе

Тіл басқармасының тілі неге байланды?

Қазақстанда ең көп айтылатын мәселенің бірі және бірегейі тіл мәселесі екені көпке мәлім. Бұл мәселеге келгенде елдегі пікір ауаны да екіге жарылады. Яғни билік мемлекеттік тілді міндеттемей, жалпақ­шешейлік танытып отыр, лауазым иелерінің дені орыс тілділер» деп халық билікті кінәласа, билік өкілдері «халыққа қазақша сөйлеме деген біз емес» деп басын алып қашады. Ал көшеге шықсаң, қате жазылған, дөрекі аударылған, мемлекеттік тілде жазылмаған жарнамадан басың айналады. Осыны көргенде «мемлекеттік тілдің жағдайын бақылап отырған орын жоқ па? Тіл басқармасы қайда қарап отыр?» деп біз де кейістік білдіріп жатамыз. Сөйтсек, Тіл басқармасының да тілін байлайтын себептер бар екен. Біз мұны Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен ЕСІРКЕППЕН сұхбаттасқанда білдік

– Сәкен Есіркеп мырза, елдегі қазақ тілінің жағ­дайын сезіп-біліп отырсыз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру әрбір азаматтың, әр мекеменің міндеті десек, салмақтың көбі сіздерге түсетіні белгілі. Ең әуелі басқарманың жұмыс жүйесін қысқаша түйіндей кетсеңіз.

– Біздің басқармада әкім­шілік-ұйымдастырушылық, ономастика және әдістемелік жұмыс, тіл саясатын үйлестіру, архив қызметін үйлестіру сынды 4 бөлім бар. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – тек біздің мекеменің ғана емес, бүкіл қоғамның, билік басында жүрген азаматтардың, жалпы халықтың міндеті. Мемлекеттік тілге құрмет – ол Отанға, Ата заңымызға, өз ұлтымызға құрмет. Бізге кейбір азаматтар «Сендер неге жұмыс істемей отырсыңдар?! Тіл басқармасының жұмысы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру ғой» деп кейістік білдіріп жатады. Дұрыс, бірақ біздің де жолымызды кесіп, адымымызды аштырмай, аяғымызды матап отырған мәселелер бар.

– Сонда «біздің де қолымыз байлаулы, аяғымыз тұсаулы» демексіз бе? Адымдарыңызды аштырмай тұрған ол қандай шектеу?

– Мемлекеттің жергілікті қаржы органдарынан бақылау функциясын алып тастау жөніндегі мораторийі біздің аяғы­мызды тұсап қойды. 2018 жылы кәсіпкерлерге қаратылған тілге қатысты бақылау функциясын алып тастаған. Оған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі тікелей ұйытқы болған. Мәселен, «сыртқы жарнама тілдік нормаларға сәйкес болуы керек, әйтпегенде айыппұл салынады немесе ескерту беріледі» деп біздің қатысты заңдарымыздың бірнеше тармағында жазылған. Ендеше айыппұл қалай салынады? Айыппұл салу үшін белгілі бір жауапты мекеме болуы керек. Ол талаптарды заңмен сақталуын бақылауы керек. Ал айыппұл салу үшін заңмен бекітілген үлгісі, яғни хаттама үлгісі болуы керек қой, ол жоқ, керек десеңіз, тексеру парағы да жоқ. Осындай жағдайда кәсіпкерге барып қалай қызмет істейсің?! Мәлім бір сауда орнында тіл жөнінде екі ұлт азаматының арасында келіспестік туғанда барып, тараптарды татуластырып қайтып едік, прокуратура мекемесі бізге «кәсіпкерлердің есігінен аттап басатын құқығың жоқ» деп ескерту жасады. Мемлекеттік тіл туралы түсіндіру жұмысын да жүргізе алмаймыз, кәсіпкерлерге жақындап кетсек, прокуратурадан ескерту аламыз. Тіпті сол үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуымыз мүмкін.

– Көшелерде қате жазылған немесе мемлекеттік тілде жазылмаған жарнамалар қаптап тұр. Бірақ бұл жұмыстарды сіздер қадағалай алмайсыздар. Солай ма?

– Әрине, қадағалағымыз келеді. Бірақ жаңа айтып өткендей, біздің аузымыз буулы, аяғымыз байлаулы. Қаладағы жарнама жұмысы, шын мәнінде, Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына тәуелді. Жұрттың бәрі біз жауапты деп ойлайды. Қателік көрсе бізді жазғырады. Ал тілге қатысты болған соң, біз өзіміз араласып жүрміз.

Қазақстан Республикасының Тіл жөніндегі заңның 21-бабына сәйкес, «Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады. Хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады» деген талап бар. Бірақ ол кейде сақталмай жатады. Ал оны бақылайтын біздің жайымыз­ды жаңа айттық. Дегенмен біз бұғып отырған жоқпыз, хат дайындап, Тіл туралы заңды түсіндіріп жүрміз, бірақ өзіміз қорқып, жалтақтап тұрсақ, біздің сөзіміз кімге өтеді?! Ал сіздер, яғни газеттер жазса, соны көтеріп алып, жұрт шулап жатыр деп соның көлеңкесінде бірер жұмыс бітіріп алуға тырысамыз. «Кәсіпкерлер жарнама ілетін кезде жергілікті қатысты органдармен келісу керек» деген талап бар еді, қазір оны да алып тастаған. Тек хабарлама ғана жібереді.

Қазақстан Республикасының Тіл жөніндегі заңның 21-бабына сәйкес, «Мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тілдерде де орналастырылады. Хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады» деген талап бар. Бірақ ол кейде сақталмай жатады

Осыдан бірнеше жыл бұрын Парламентте тілге қатысты заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жұмыс тобы құрылды. Сол кезде бізге бақылау функциясын беру жөнінде ұсыныс айтылғанмен, оған тағы да «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Ұлттық экономика министрлігі қарсы шығып, қабылдатпай тастады. Тым құрыса, тіл туралы түсіндіру жұмысын да жүргізе алмай отырмыз.

– Астанада қазір қазақ тілін үйрететін орындар ма?

– Басқармамызға қарасты мемлекеттік тіл саясатын үйлестіру бөлімі қазақ тілін оқыту жұмысын үйлестірумен айналысады. Біз мемлекеттің тіл саясаты бағдарламасы аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін қазақ тілін үйрететін тегін курс ашып, қазақ тілін үйренгісі келетін қала тұрғындарына үлкен мүмкіндік жасап отырмыз. Бұл орталықтан жылына1500 адам қазақ тілін үйреніп шығады. Оған қазақ тілін үйренгісі келетін кез келген қала тұрғыны қатыса алады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлерге, қызмет көрсету саласындағы азаматтарға арналған интенсивті курсымыз бар. Біз онда қазақша амандасудан бастап, кез келген тақырыпта сұхбаттасуға болатын деңгейге жеткізуге тырысамыз. Қазақ тіліне қатысты мәселенің көбі болмашы істен туындап жатады. Мәселен, біреу «сәлеметсіз бе!» деп амандасса, оған ол орысша жауап қайтарады да, мәселе «сен неге маған мемлекеттік тілде сөйлемейсің?» деген сөзден басталады. Егер сол кезде анау қызметкер де қазақша амандық сұрасып, «кешіріңіз, мен қазақ тілінде жақсы сөйлей алмаймын, үйреніп жүрмін» деп жылы сөйлесе, біздің қоғамда оған түсінікпен қарайтын азаматтар көп. Басқа ұлт өкілдері бұл қарапайым қағиданы түсінеді, ал «қай тілде сөйлейтінімді өзім білемін» деп ана тілін аяққа таптайтындардың көбі өз ұлтымыздың азаматтары екенін көргенде жүрегің ауырады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлерге арналған ағылшын тілі курсы мен қандастарға арналған орысша үйрету курсы бар.

– Қатысушылардың ынтасы қандай? Көбі көзге ұлт өкілі ме?

– Олардың шамамен 30 па­йызға жуығы – өзге ұлт өкілі, қалғаны – қазақтар. Ынтасы өте жақсы, жыл сайын көбейіп келеді. Оқимын деп өтініш беріп жатқандар көп.

– Келесі сұрақ ономасти­ка­ға қатысты. «Менің туысыма көше бер» деп келетіндер көп пе?

– Бар, әрине. Өз туысын, ата-бабасын, өзі зерттеген адамын тықпалайтын жағдай жоқ емес. Ал зерттеушісі жоқ, артында жоқшысы болатын туыс-туғаны жоқ азаматтар қағыс қалып қояды. Мәселен, Мұстафа Шоқайдың көшесі қаланың сырт жағындағы елеусіз, ойлы-шұңқыр көшеге берілген. Мұхамеджан Тынышбаевқа берілген көше – 100 метр, Мәншүк Мәметованың атына берілген көшенің ұзындығы небәрі 70 метр екен. Біз оны қазір үлкен көшеге ауыстырдық. Міне, осындай мәселелер де аз емес. Сондықтан бұл мәселеге тарихи әділеттілік тұрғысынан қарауымыз керек.

Ұлттық құндылықтарымыз­дың барлығы тіліміз арқылы жеткен. Тіл арқылы ұлттық санамыз, өзіндік болмысымыз қалыптасады. Бүгінде балаларымыз YouTube, ғаламтор арқылы өзге тілде сусындап жатыр. Тілдері орысша, ағылшынша шығып, өзге елдің құндылығын бойына сіңіріп жатыр. Бұл – қоғамдағы өте өзекті тақырып. Теріс тенденция. Арамызда да әлем азаматы болуды көксейтіндер, ұлттық құндылыққа шекесінен қарайтындар аз емес

«Мен айтқан адамға көше бермедіңдер, мен Президентке жазам, халықты бастап көшеге шығамын» деп қоқан-лоқы жасайтын адамдар да бар. Бір көшеге тарихи тұлғаның атын беруді жалғыз біздің басқарма шешпейді, оны қалалық Қоғамдық кеңес пен мәслихат депутаттарының талқысына салып, республикалық ономастика комиссиясы мақұлдағаннан кейін барып шешім қабылдаймыз.

– Мемлекеттік тілдің мәртебесі қалай көтеріледі? Осы елдің азаматы ретінде қандай ұсыныс айтасыз?

– Біздегі үлкен мәселенің бірі – бағалау жүйесіндегі солқылдақтық. Мысалы, 11 жыл бойы мектепте балаға қазақ тілі оқытылады. Оған ұстаздары тиісті бағасын қояды. Бірақ мектепті үздік бағаға оқыған орыс тілді мектептің балалары қазақша біліп шығуы тиіс емес пе? Алайда олай емес. Себебі талап жоқ, қазақ тілі пәнін өз деңгейінде оқымаса да, оған көтермелеп баға қоя береді. Былай қарап тұрсақ нонсенс қой. Мемлекеттік қызметке қабылданарда дәл сондай жағдай. Бірнеше заңнан тест тапсырып, қажетті ұпай жинау – міндет. Егер қандай да бір заңнан шектік көрсеткіштен төмен балл алсаңыз, мемлекеттік қызметке бара алмайсыз. Сол тесттің басында қазақ тілінен де 20 сұрақ болады. Бірақ сол жиырма сұрақтың тек біреуіне дұрыс жауап беріп, қалғанынан қателессеңіз де, ештеңе шешпейді. Ұят жағдай. Осының бәрін реттеу керек. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырарда «Қазтест» сертификаты талап етіледі. «Болашаққа» тапсырғысы келетін таныстарым қазақ тілін оқып, үйреніп жүр. Өзі үшін. Егер «Қазтесттен» өте алмаса, шетелде оқи алмайды. Осындай нақты талаптар болуы қажет.

Ұлттық құндылықтарымыз­дың барлығы тіліміз арқылы жеткен. Тіл арқылы ұлттық санамыз, өзіндік болмысымыз қалыптасады. Бүгінде балаларымыз YouTube, ғаламтор арқылы өзге тілде сусындап жатыр. Тілдері орысша, ағылшынша шығып, өзге елдің құндылығын бойына сіңіріп жатыр. Бұл – қоғамдағы өте өзекті тақырып. Теріс тенденция. Арамызда да әлем азаматы болуды көксейтіндер, ұлттық құндылыққа шекесінен қарайтындар аз емес. Бірақ мен үшін бір нәрсе анық. Әлемдегі жақсы құндылықтарды, жаңашыл ойларды сіңірген, үйренген жақсы. Адам ретінде. Өйткені біз де адамзаттың бір бөлшегіміз. Бірақ өз ұлтыңның құндылығын мойындамау, менсінбеу, аяқасты ету, ұмыту – астамшылық. Қазақтың да ешкімде кездеспейтін жақсы қасиеті көп. Сол қасиеттің жібін үзбей, озық дәстүрді ұстанып, тозығын тарихтың күресіне қалдыруға болады ғой. Тым консерватив болу да бүгінгі заман ағымында жараспас. Адамды сүю, өтірік айтпау, өткенге құрметпен қарау, ешкімнің ала жібін аттамау, біреу­дің ақысын жемеу, ата-ананы сыйлау, айналаға қамқор болу, жомарт, қонақжай болу сияқты толып жатқан гуманистік ізгі істер – қазақтың қанында бар ғасырлық құндылықтар. Олай болса осындай игі дәстүрімізді сақтап та әлемнің бір азаматы болуға не кедергі? Мәселен, осыдан бір апта бұрын қыздарымды «Аватардың» қазақша нұсқасына алып бардым. 18:50-де кіретін болдық. Залдың жартысы бос тұр. Дәл бір сағаттан кейін орысша сеансы басталады, бірақ зал лық толы, орын жоқ. Кассада менің жанымда бір қазақ отбасы балаларын орыс сеансына кіргізгісі келіп, кейінгі сеанстан орын таппай «қиналып» жатыр. Мен «Неге қазақша сеансқа кірмейсіздер? Қазір орын бар ғой қазақша сеанста» десем, «Жоқ, қазақша түсініксіз аударады. Біз орысша көреміз, себебі дұрыс аударылады. Сапалы» дейді. Көрдіңіз бе! Бізде «орысша болса дұрыс, орыс болса әділ болады» деген қатып қалған түсінік бар. Қазақтың көбі өз тіліне сенбейді, титтей болсын жаны ашымайды деген нәрсе осы…

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button