МерейРуханият

Тіл – халықтың қорғаны

Есімі өз дәуірімен бірге аталатын және де өзі ғұмыр кешкен кезеңмен бір ұғым, бір құбылыс болып кететін тұлғалар болады ғой. Ғылымның төрінде өзінің меншікті орны бар, сүбелі де салмақты еңбектері бар ғалымның бірі – академик Рәбиға Сыздық.

Ғалымның ұшан-теңіз еңбектерін мазмұнына қарай сараласақ, әрқайсысы бір-бір ғылыми бағыттың арнасына айналып жүре берер және де бір-бір азаматқа ғылыми атақ-дәреже алып берер сүйекті дүниелер: Тіл нормасы мен тіл мәдениеті; (сөз сазы; сөздер сыры мен тіл тынысы;) қазақ әдеби тілінің тарихы мен дамуы; стиль мәселесі; «сары алтынның буынан жыры бар» Дулат ақын тілі; Ұлы Абайдың «Көңілге сәуле қондырар» сөз өрнегі; ортаазиялық әдеби тілдегі Қадырғали Жалайри орны, «Ұлттың рухани көсемі» Ахмет Байтұрсынов пен ұлағатты тұлға Құдайберген Жұбанов еңбегі, әдеби тілдің сан ғасырлық тарихы тұнған Қожа Ахмет Иассауи руханияты… болып, сала-салаға тарқатыла береді.
Ұлы Абайдың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деген парасатты пайымы ғалым, азамат Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыз­дықтың адамдық болмысына, азаматтық тұлғасына, ғылыми өресіне тура бағыштай айтылған ба дерсің…
«Атақты академиктің қазақ тілінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауға, көкейлі замандастарына ой салып, жүректеріне от тастау үшін жазылған әрбір мақаласы, әр зерттеу еңбегі тұрғыластарының жүректері дауалап, бара бермейтін тың тұжырымдарға толы» деп бағаланып келеді.
Ғалымның әрбір зерттеу еңбектері қазақ тіл білімі ғылымында көкейкесті, өзекті тақырыптарға арналып, жалпы ғылыми даму үдерісімен үндестік тауып отыратыны ғылыми ортаға белгілі…
Сөз басын ғалымның ең қомақты кейінгі зерттеулерінің бірімен сабақтасақ… Елбасымыз­дың Ұлытау төрінде айтылған: «Қазақ хандығы – біздің еліміздің түп-тамыры. Бұл – тұңғыш мемлекетіміздің болашағын белгілеген үлкен тарихи оқиға» деген терең пайымын ғалым Р.Сыздық зерттеулерімен байланыстыра кеткен жөн деп есептейміз.
«Қазақ хандығын құрудағы тілдің мәні мен қызметі қандай рөл атқарды дегенді арнайы талдап-танудың мәні зор» дейді ғалым.
«Хандықты құрайтын тайпаларды топтастырып, біріктіріп, ұстап тұрушы фактор – тіл. Тіл – халықтың ең басты, ең қажет, ең оңтайлы, ең күшті қорғаны».
Тіл білімі ғылымының көрнекті өкілі Р.Сыздық сонымен қатар, қазақ тілінің хандық құрылғанынан көп бұрын әдеби тіл ретінде қалыптасқаны туралы тұжырымды ойлар айтып, ғылыми мақалалар ұсынады. Бұл мәселелер жоғары оқу орындарына арналған «Қазақ әдеби тілінің тарихы» атты оқулықтарда кеңінен талқыланып келеді. Зерттеуші-ғалым Р.Сыздықтың өзі баяндағанындай, «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі сөздік қазынасы бай, фонетикалық жүйе­сі өзге түркі тілдерінен бөлініп, сараланған грамматикалық тұлға тәсілдері ерекшеленіп, орныққан өте көркем, әсерлі тіл болып осы заманға жетті». Ғалымның қазақ әдеби тілінің тарихын, ХV ғасырдағы қазақ хандығының құрылуымен сабақтастыра отырып, нақты фактілермен рет-ретімен баяндаған «Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі» атты қомақты еңбегі 2014 жылы жарық көргені белгілі.
Ғалымның тілдік нормаға арналған «Тілдік норма және оның қалыптануы» (2001) атты монографиясы қазақ тіл білімінде норма мәселесін теориялық тұрғыдан арнайы сөз еткен тұңғыш ізденіс болып табылады. Сонымен қатар, бүгінгі әдеби тіліміздің қолданысында қалыптанған лексика-грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, көркемдік заңдылықтарын жүйе­лі көрсеткен, қазақ тілі нормаларын кодефикациялауда өзіндік орны ерекше өзге де еңбектері бар екені белгілі.
Ал енді осы ғылыми нысандар, ғалымның өмірдегі өз ұстанымы, өз болмыс-бітімімен үйлесе үндестік тапқанына таңырқайсың. Ғылыми лабораториясы мен қарапайым тірлігіндегі сабақтас­тықты, ғылымға көзқарасы мен өмір құбылысына көзқарасындағы ортақ оралымды байқағандай боласың. Өзіне де, шәкірттеріне де талап қойғыш, өмірде әр нәрсенің дұрыстығына жете мән беретін ғалым, бір қарағанда уақ-түйек болып көрінетіндей жағдайды – маңызды мәселе дәрежесінде қарастырып келеді. Сөзді дұрыс айту нормалары, сөз сазы, емле және тыныс белгілері, тіл тазалығы, сөйлеу мәдениеті мәселелеріне үнемі көңіл бөлуде яғни сауатты жазатын, сауат­ты сөйлейтін қазақтың тілін қалыптастыру немесе тіліміздің сұлулығы мен сымбатын сақтап қалу – ғалымның бір мақсаты. Жалпы, қай мағынасындағы тазалық, сауаттылық, әсемдік, мағыналы сәндік Рәбиға Сәтіғалиқызының ішкі болмысымен үндес, өмірдегі ұстанымымен қатарласа жүретінін байқайсыз…
Ғалым ізденістері өмірдегі өз мінезімен сабақтас дедік қой. Ғылыми ізденісінің өрісті бір бағыты – Абайдың «қуаты күшті нұрлы сөздерін саралау» болып келеді. Әрине, оның бір себебі: ұлы ойшылдың рухани-мәдени әлеміне тағзым етуі, жас ұрпаққа сол биікті нұсқауы болса, екінші бір себебі – ұлы ақынның ұлттық психологиямыздағы кейбір тоғышар қылықтарға күйінгеннен туып, «қуатты ойдан бас құраған» сөздерінің әсер-күші. «Пейілі шикі, ақылы күйкі» пенделердің қылығы түңілтеді. Пенделікті кісілікке жеңдіруді – қатаң заң, қалыпты норма деп есептейтін қазақ қызының ішкі жан дүниесі Абайдың сөз өрнегімен бірге өріліп кеткендей…
Академик Р.Сыздықтың Ұлы Абайдың қазақтың әдеби тілінің дамуы барысындағы еңбегін, рөлін, өлеңдерінің көркемдік поэтикасын қарастыр­ған «Абай шығармаларының тілі», «Абайдың сөз өрнегі» атты монография­лық зерттеулері ұлы тұлғаның қазақ руханиятындағы, қазақ сөз өнеріндегі орнын айқындап берудегі үлкен бір жетістігі болып табылады. (Абай энциклопедия­сындағы мақалалары үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алады, 1996 ж.)

Ғалым «Сөзді құлақпен қармамай, жүрекпен тыңдай білу» (Абай) керектігін лингвостилистикалық талдау барысында да көрсетіп отырады. Кешегі Дулат ­Бабатайұлынан бастап Ә.Кекілбаев, ­А.­Сүлейменов, Ф.­Оңғарсынова, Д.­Исабеков­тердің шығармашылығына үңіле отырып, қазақ сөзінің нәрлілігіне тамсантады, сұлу­лығына сүйсіндіреді. «Жа­зушы және сөз мәдениеті» (1983), «Сөз құдіреті» (1994) еңбектерінде бүгінгі қаламгерлеріміздің сөз сырына бойлаған тереңдігі кеңінен талданады.

Тумысынан туралыққа тартып, әр нәрсенің әділетіне жығылатын қазақ зиялысы Р.Сыздық өз отбасы мен Отанының басынан өткенді бөле-жарып қарамайды. Заманындағы зиялы азаматтардың бірі – әкесі Сәтіғали Құтқожин – құзғын-заман құрбаны болса, өмірдегі серігі, Қазақстанның халық әртісі Шахан Мусин де «тағдырдың тоңазытқышына мұздаған еді». Қазақ зиялысының бұл зұлматтан аман қалғаны – некен-саяқ қой.
А.Байтұрсынов, ­Қ.Жұбанов­- тарды жабылған жаладан ақтап алуға тәуекелге баруы – үлкен азаматтығы ғана емес, ардақ­тыларымыздың халқы үшін сіңірген еңбегін ұлықтау екені күмәнсіз. Кеш келсе де, шындық – бәрібір салтанатты. Кімге, қашан келгеніне қарамастан солай ғой! Ендеше, шындыққа шырай беру керек болса, Рәбиға Сыздық қай кезде де оны мойындатуға шамасы жеткенше әзір.
Репрессияға ұшыраған аса көрнекті ғылым мен қоғам қайраткерлері, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы ғалымдардың өмірі мен ғылыми еңбектері туралы Р.Сыздық алғашқы болып ғылыми зерттеулер жасағаны да белгілі. Мысалы, «Қ.Жұбанов – ғалым-азамат» (2004), «Ахмет Байтұрсынов» (1990), «Х.Досмұхамедов. Таңдамалы» (1998) сияқты еңбектерді атауға болады және де осындай игі істермен қатар олардың ғылыми мұраларын жинастырып баспаға әзірлеу жұмыстарын да қолға алған болатын.
Қожа Ахмет Иассауи хикметтері тіліне арналған монографиясы (2004), «Язык Жами ат-тауарих Жалаири» (1989), М.Қойгелдиевпен бірге жазған «Қадырғали би Қосымұлы және оның жылнамалар жинағы» (1991) тағы басқа зерттеулерін атауға болады.
Қожа Ахмет Иассауи хикметтерінің тілі арқылы ұрпағын әдеби тілдің сан ғасырлық тарихына бойлату бір мақсаты болса, енді бірі – рухани биікті Иассауи даналығының межесімен өлшету болар, өйткені өткеннің бәрі өткінші емес, ертеңімізге ала жүрер еншіміз де болатынын тарихи пайымы мол ғалым жадынан шығармайды. Бір кезде (70-жылдары) бастаған ісін қайта қолға алғаны – Абай айтқандай – ақылды қайраттан асыра, үстірттемей, тереңге баруы деп ұғамыз.
Филолог-зерттеуші ­Р.­Сыздық­- тың ғалымдығымен қатар адамгершілік болмысына да назар аударған жөн болар. Ғалымның ғалымдығы істі қалай бастағанынан да, қалай аяқтағанын да көрінетінін, өз үлгісі арқылы біздер танып та жатамыз. «Қабілет-қарымың бар ма, ойыңның шау тартып, күңгірт қалуына әсте, жол берме!» – деген «бұйрықты» біз, шәкірттері, орындай бермейміз-ау, ал, өзі үшін ол – заң! Өмірде сергек адам, өнерде де (ғылым да өнер ғой) бойкүйездікке жаны қас. Ол қасиетіне шәкірттері мен әріптестері тағы куә.
Жаңалыққа сергек қарауы да – ғылымға деген жанашырлығы деп ұғамыз. Тілші-ғалым ретіндегі абырой-атаққа тек қана тынымсыз еңбекпен емес, терең пайыммен де жеткенін Рәбиға Сәтіғалиқызының әлемін таныған әрқайсымыз айта аламыз. Кей-кейде сападан гөрі санға басымдық берген қазіргі уақытта Сыздықова сияқты ғалымдардың, ғылымға қалай қызмет ету керектігін көрсетуі де – біз үшін өнеге өрісі.
Рәбиға апай өзімен өрелес интеллект иесімен де, жаңа бастаған жас талаппен де – кім-кіммен де пікірлес, мәжілістес бола алады. Қазақтың маңдай алды ғалымы, ұлтымыздың элитасы кәдімгі қарапайым қалпында ортамызды олқысынбай қасымыздан табылады. Біз болсақ, оның кім екенін «ұмытып», біресе еркелеп, біресе «тыңдамай» еркін кетіп, «қорықпай-ақ» қасында отырамыз… Таудың жақындаған сайын аласарып, алыстаған сайын биіктейтіні адам табиғатына тән құбылыс екен ғой. Көпшіл, ақжарқын апамыз кіммен достасса да, пейілі кедей баймен, көңілі тар жомартпен,түсінігі төмен төре мен қоңсы қона алмасы анық… Ол кісі біреудің көңілінен шығуды мақсат та етпейді, ұнамаса орып тастайды, кесімін бір-ақ айтады, бірақ бірдеңені кек тұту – табиғатына мүлде жат. Біздер – кісілік мектебінен де өтіп жүрміз, ол адамды – адамгершілік әдебін танытушы деп бағалайтынымыз да сондықтан.
Иә, Рәбиға Сәтіғалиқызы Сыздық – белгілі тілші-ғалым, түркітанушы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Түркия «Dil Kоrumu» лингвистикалық қоғамының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың, «Құрмет белгісі», «Парасат», I дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, есімі Қазақ ССР-інің «Құрметті Алтын кітабына» жазылған қазақ тілтанымының кемеңгері, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Ұлтымызға ұлағат болатын тұлғалар туралы, ұлттық құндылықтарымызбен мақтана алу керектігі туралы көп жазылады ғой. Өз-өзімізді таныта алмай, өзгенікін мансұқтап кететініміз жайлы да жиі айтылып жатады.
Ғалымның аты да, хаты да өлмей, бүгінмен жарасып, ертеңге жалғасып, үндестік тауып жатса, ғалымның өзі мақсат қойғанындай, оның ел алдындағы парызының орындалғаны деп білеміз. Ал біз кейіпкерімізді «Астана ақшамы» газеті арқылы елге тағы бір танытқымыз келді.

Гүлнар МҰРАТОВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия
ұлттық университетінің

профессоры, филология
ғылымдарының докторы,

ҚР білім беру ісінің үздігі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button