Басты ақпаратҚоғам

Тіл мен мәдениет мәселесі талқыланды

Жуырда Amanat партиясы Астана қалалық филиалы жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті.

Жарнамадағы тіл талаптары: тексеру мен түзету 

Жиын басында аталмыш кеңестің өткен жылғы жұ­­мысы қорытындыланып, биылғы жоспары мен жаңа құрамы бекітілді. Күн тәр­ті­біне шығарылған ал­ғашқы мәселе бас қаладағы жарнаманың қазақ тілін қолдану жағдайымен қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Досжан Исабек таныстырды.

Оның айтуынша, өткен жылы елордада 1315-тен астам ғимарат пен құрылыс­тардың қасбеті тексерілді. Нәтижесінде заң талаптарына сәйкес келмейтін 6700-ден астам жарнама алынып тасталды. 4800-ге жуық жар­­намаға ілместен бұрын алдын ала түзету енгізіліп, әдістемелік көмек көрсетілді. Аталмыш басқарма 600-ге жуық жеке және заңды тұлғаны қабылдап, қажетті кеңестер берді.

Бас қаланың біртұтас сәулеттік-көркемдік келбетін сақтау жұмысымен қала әкім­дігіне қарасты «Астана-­Жарнама» мемлекеттік мекемесі айналысады. Бұл мекеме сонымен қатар елордада орналастырылған сыртқы (көрнекі) жарнаманы бақылауда ұстайды. Алты аудан әкімдігінің қызметкерлері де елорданың келбетіне сай келмейтін заңсыз жарнамаларды жою және кәсіпкерлерге түсіндіру жұмысын тұрақты түрде өткізіп, тиісті буклеттерді таратады.

Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы Астана қалалық кәсіпкерлік палатасымен бірге бизнес нысандарында тіл талаптарын сақтау бойынша мониторинг жүргізеді. Сонда көрнекі ақпараттарды қазақ тілінде сауатты жазу, түбіртектерді қазақ тілінде шығару, қазақ тілінде сапалы қыз­мет көрсету мәселелері де түсіндіріледі.

Тұрғын үй кешендері қазақылана ма?

Отырыста баяндамашыға кеңес мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныс­тар айтылды. Кеңес төрағасы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универси­теті Филология факульте­тінің деканы, ақын, ғалым Серікзат Дүйсенғазы көліктегі жарнама мәселесін көтерді. «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Еркебұлан Ағымбаев тұрғын үй кешендерінің атауларын қазақыландыру керектігін атап өтті. Оған Досжан Исабек бірқатар құрылыс компанияларымен тиісті жұмыс жүргізіліп, қазақы атаулар ұсынылғанын жеткізді. Бұл мәселеге келгенде мұқият болу керектігін айтқан Серікзат Дүйсенғазы «Мұзтау» секілді жалпы­ұлттық, баршаға түсінікті атауларды қою керектігін ескертті.

Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев тіл мәселесіне келгенде мұғалімдердің ұрпақ тәрбиесіндегі үлкен орнына тоқталып, елордада педагогикалық университет ашу мәселесі пісіп-жетілгенін айтты. Жоғары білім саласының қайнаған ортасында жүргендіктен, оның үстіне елорданың маңдайалды жоғары оқу орнында жұмыс істегендіктен бұл мәселеге тоқталған Серікзат Дүйсен­ғазы мұғалімдерді даярлайтын университет ашу ісі қолға алынғанын жеткізді.

Ақын, әдебиет сыншысы Сұраған Рахметұлы Түркия­ның тәжірибесіне сүйеніп, мемлекеттік рәміздерді бағалау, құрметтеу, орналастыруға қатысты пікірі мен ұсыныстарын жеткізді. Астанада Абайтану орталығы жоқтығын, «Жазушылар үйі» болғанмен қалтарыста орналасқанын, бас қалада «Абай үйі» ғимараты салынса, қаламгерлердің ғана емес, жалпы шығармашылық иелерінің бір шаңырағы пайда болатынын атап өтті.

Қала театрларының жағдайы қалай?

Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты театр­лардың ортақ мәселелері бар. Жиынға қатысқан осы өнер ордаларының басшыларының атынан сөз алған «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Еркебұлан Ағымбаев соның ең бастысы жалақының төмендігі екенін айтты. Өз театрының  мысалын  келтірген ол жалақы төмен бол­ғандықтан «Назда» кадр тапшылығы орын алып отыр­ғанын, кәсіби бишілер қат екенін жеткізді.

Жалпы аймақтық театрларға қарағанда республикалық театрлардың жағ­дайы көш ілгері. Республикалық театрлар қызметкерлерінің жалақысы да әлде­қайда жоғары, аймақтық театрларда жоқ кейбір артықшылықтар да берілген. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында аймақтық театрлардың көпшілігінің жағдайы мәз еместігін айта келе, аймақтарда театрларды салуға және дамытуға баса назар аудару керектігін атап өткен еді. Еркебұлан Ағымбаевтың айтуынша, «Наз» театрында бишілердің зейнетке шығу мәселесі шешілмеген. Жастайынан би театрына келген биші жиырма жыл сахнада өнер көрсеткеннен кейін кәсіби тұрғыдан билеуге қиын болады. Ал республикалық театрларда бұл мәселе реттелген.

«Назға» балет залы керек

Басшысының айтуынша, «Наз» мемлекеттік би театры қалалық болғанымен, кәсіби деңгейі республикалық би театрларынан артық болмаса, еш кем емес. Алайда өнер ошағында балет залы жоқ. Шағын ғимаратта, тар сахнада өнерді дамытуға мүмкін емес. Оның пікірінше, Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасы би театры талаптарына сәйкес келеді. Еркебұлан Ағымбаев театрға осы ғимаратты алғысы келетінін жасырмады.

Жиында көтерілген мәселелер, айтылған ұсыныстар жерде қалмай, қалалық мәслихат пен қалалық қоғамдық кеңеске, Парламент Мәжілісіне Астана қаласы­нан сайланған депутаттарға жөнелтіледі.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button