Руханият

Тіл ортақ болмай, қоғам бірікпейді

Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде. Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады деп жүргенімізге ширек ғасыр өтті, түбегейлі өзгеріс жоқ. Тәуелсіздік таңы атып, бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейі үстем болады деген үмітімізді әлі үкілеп келе жатырмыз. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, сарыла күтіп жүрген 2025 жыл да қыр астында тұр. Бірақ отыз жылда орнынан қозғалмаған қазақ тілі саусақпен санарлық уақытта ұшпаққа жетеді дегенге көпшілік илана қояр ма екен?

Тұңғыш Президент Н.Назар­баев: «Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деп «Қазақстан 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел үшін ең өзекті тіл мәселесін осылай көтеріп еді. Өмір сүрген ортада қай тілге сұраныс басым, сол тілді кім де болса игеруге тырысары белгілі. Шындығы – осы.
Тіл мәселесі туралы белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім былай деп еді: Елбасы айтқандай, ең бастысы – қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Егер де қоғамда осындай жағдай қалыптасса, өзге ұлт өкілдері де амалсыз қазақ тілін мойындап, тілді білуге икемделе түспек. Бұл – бір.
Екінші бір мәселе – тілге деген сұранысты арттыру, қажеттілік жасау. Ол мемлекет тарапынан жүргізілуі керек. Мәдениетті түрде, барлық құқықтарды сақтай отырып, өзге ұлт өкілдерін тілді үйренуге, құрметтеуге тарту.
Үшінші мәселе – ол мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдау. Қазіргі қолданыстағы Тіл туралы заңның бүгінгі күннің талаптарын орындауға қауқары кем.
Әрине, Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деуі өте қисынды. Бірақ ондай аңсаған күнге жету үшін көптеген іс-шаралар жасауға тура келеді. Ең бастысы, мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылданғаны дұрыс. Онда да оның мәртебесін нақтылай түсу керек. Екінші мәселе – тілді үйретуге мәжбүрлеу. Дұрысы – мемлекеттік қызметке тұратындарға мемлекеттік тілді білуді міндеттеу. Тек қана білу емес, сөйлеу, қолданысқа енгізу. Осы мәселе реттелетін болса, қалғаны өздігінен біртіндеп қа­лып­қа келе бастайды.
Тіл тағдыры тасада қалып қоймауы, шынтуайтына келгенде, қазақтарға, яғни өзімізге тіреліп тұр. Көп мәселенің ұшығы осында жатыр. Жасыратыны жоқ, «қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, бай тілімізді тұғырына қондырып, өркендете алмай отырған өзіміз екені талай мәрте айтылып та жатыр. Бірақ соған қоғамның селт етуі, асқан жауапкершілікпен қарауы жетпей тұр.
«Ауруын жасырған өледі» демекші, егер де жергілікті халық – қазақтар өзінің туған тілі – қазақ тіліне дұрыс назар аудармайтын болса, онда этникалық қарым-қатынастағы татулық, ұлттарды топтастыру, қоғамдағы саяси тұрақтылық, т.б. нәрселерге зиян келуі әбден мүмкін. Себебі өзге елдің (мейлі орыс, ағылшын болсын) тілімен біз қазақстандық ұлттарды топтастырып, біртұтас Қазақстан халқы ете алмайтынымыз әлімсақтан белгілі. Сондықтан қазақ тілін толыққанды мемлекет тіліне айналдыру мәселесі ешқашан да күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Қазақ тілінің беделін көтермей, болашақта Қазақстанның егемендігін нығайту да әсте мүмкін емес. Тіл мен егемендік – егіз. Әрине, экономика, саясат, өзге де факторлар тәуелсіздіктің бір қыры болса, солардың ішінде тіл ең басты рөл атқарады.
Ол үшін не істеу керек деген сұрақ туары хақ. Ең бірінші – кеңсе қазақ тілінде сөйлеуі шарт. Былайша айтқанда, Президент Әкімшілігінен бастап, ауыл әкімдігіне дейін қазақ тілінде сөйлеуі, жазуы, сосын мемлекеттік қызметкерлерге қазақ тілін білуді міндеттеуді айта-айта жауыр болса да, іске көшіп, қимылдайтын кез келді. Енді қол қусырып қарап отырудың еш реті жоқ, әсте болмайды да.
Бәлкім, кейбіреулер «демократия, адам құқығын шектеу» дегенді алға тартуы мүмкін. Мысалы, Ресейде орыс тілін білмесең, мемлекеттік қызметтің маңынан жүре алмайсың. Тіпті мигранттардан да тіл жөнінде емтихан алады. АҚШ-та ағылшын тілін білмесең, жұмысқа тұру түсіңе де кірмесін. Одан қалды Франция, Жапония, өзге де алпауыт елдердің бәрінде осындай үрдіс бар. Бұл – әлемдік тәжірибе. Тіпті АҚШ-ты «әр жақтан құралған ұлтсыз мемлекет» деп атаймыз. Бірақ ойдан-қыр­дан жиналған түрлі халық тұрса да олардың ортақ тілі бар. Ол – ағылшын тілі. Ортақ мәде­ниет америка мәдениеті болып отыр.
Мемлекеттік тілді оқып-үйренуге қаншама қаржы бөлініп жатса да, қазақ тілін меңгеруге құлық танытып жатқандардың қатары мүлде көрінбейді десе де болады. Мемлекет ұсынып отырған тегін оқуды да көп адам қажетсініп отыр­ған жоқ. Ал керісінше басқа тілді қалталарынан қыруар ақша шығарып, екі-ақ айдың ішінде үйреніп, ағылшын, қытай, француз, неміс, т.б. тілдерде сайрап шыға келеді. Міне, мәселе қайда жатыр?!
Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Бірінші – қазақ тілі. Өз тілін жарытпай жатып, ағылшынға асыққан дұрыс емес» деп үштілділікке қарсы пікірін білдіріп, ұстанымын көрсеткені көпшіліктің көкейінен шығып еді. Алғашқылардың бірі болып үштілділікке тосқауыл қойған да Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы болды.
Шын мәнісінде, қай мемлекет болсын бір тілдің айналасына топтасады. Қоғамда тек қана бір тілдің қажеттілігін тудырады. Сол тіл ұлтаралық қарым-қатынас тілінің рөлін атқарады. Сондықтан біз де қазақ тілінің маңына топтасуымыз қажет. Тіл ортақ болмай, қоғам бірікпейді. Ұлт боламын десек, әр қазақ өзінің ана тілін дәріптеуі керек. Өзгелердің қазақ тілін үйренуіне қажеттілік қажет. «Ұлттың рухтың негізі – ұлттық тіл» деп Алаш арысы Мұстафа Шоқай айтқандай, тіліңнің тұғырын көтермей, ұлттық рухта болмайтынын әр қазақ есінен шығармауы тиіс. Ал Ата Заңда «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп шегелеп жазған ана тіліміздің мәртебесін биіктетіп, дәріптеп, қорғай алмасақ, Нельсон Манделаның «Егер тіл мен мәдениетің жоғалса, шекараны аша сал. Бәрібір неңді қорғайсың? Бұл енді сенің елің емес…» деген сөзін қаперге алған жөн-ау.

Бейбіт ОСПАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button