Рухани жаңғыру

Тіл табиғаты зорлыққа көнбейді

– Ербол Ердембекұлы, жаңа әліпбиге көшу реформасы қалай жүргізіліп жатыр. Сөзді содан өрбітсек…


– Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін ел өміріндегі тарихи оқиғалардың бірі деп бағалауға болады. Сондықтан бұл бағытта атқарылып отырған жұмыс жетерлік. Біз өткен жылды шартты түрде «емле жылы» деп атадық. Өйткені негізгі бағыт орфографиялық жұмысқа келіп тірелді. Былтыр шілде айында Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары емле ереженің жобасын дайындады. Ал «Тіл – Қазына» орталығы оны сараптаудан өткізді. Осы мақсатпен Зерендіде, Қапшағайда, Алматыда және елордамызда орфографиялық жұмыс тобының бес отырысы өтті. Мұнда ғалымдар әр емлені мұқият талдап, сараптады. Сондай-ақ бұл басқосуда сала мамандарының, ғалымдар мен тіл тағдырына бейжай қарамайтын жалпы жұртшылықтың әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған уәжді, дәлелді пікірлер де ескерілді. Жан-жақты талқылаудан өткен соң жобаны Ұлттық комиссияға ұсындық. Ұлттық комиссия барлық пікірді назарға алып, емле ережені халыққа кеңірек насихаттау туралы қаулы шығарды. Біз осы қаулымен 17 аймаққа шығып, 20 мыңға жуық адамға емлені дәріс, семинарлар арқылы бетпе-бет түсіндіріп шықтық.
Олардың арасында ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері және балабақшалардың тәрбие­шілері, БАҚ өкілдері болды. Кездесулер барысында айтылған сын-пікірлерді жинақтай келіп, қараша айында Алматыда орфографиялық жұмыс тобының өкілдерімен және бір мәрте кеңесіп, жұртшылықтың айтқан уәжді пікірлері тағы да талқыланды. Ал желтоқсан айында Ұлттық комиссияның отырысында жұмыс тобы ұсынған емле ереженің жобасы мақұлданды. Бұл латын графикасына көшіру реформасының мақұлдану сатысы деп есептелді. Енді оның бекіту кезеңі бар.
– Оны кім бекітеді?
– Алысқа бармай-ақ, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған түркі мемлекеттерінің тәжірибесіне жүгінсек, оларда тіл реформасын бекітіп жүзеге асыратын орган – үкімет. Жалпы, әлемдік тәжірибеде жаңа әліпби мен оның емлесін бекітетіндердің 90 пайызы үкіметтің құзырына жатады. Ал 4-5 пайыз Президенттің қолында болады. Бізде Президенттің Жарлығына сәйкес бұл жұмыс Үкіметке тапсырылған. Сондықтан оны Үкімет бекітеді.
– Жақсы. Емле ереже мақұлданды. Енді қандай іс-шара қолға алынды?
– Мақұлданған емле ережесі негізінде барлық өңірде білім жетілдіру курс­тарын бастадық. Әрине, бұл жеңіл жүзеге асатын жұмыс емес. Алдымен оны 72 сағаттық курспен бас қалада өткізуді қолға алдық. Содан кейін 12 сағаттық жеделдетілген нұсқамен өңірлерді қамтыдық. Бұл курстар 22-23 маусымда Маңғыстау облысында аяқталды. 17 аймақ бойынша әрқайсысынан 60 адам оқыды. Нәтижесінде 1020 маманға сертификат тапсырылды. Бұл курстан өткен қазақ тілінің мамандары жаңа жазудың қыр-сырына қанығып, өз мекемелеріндегі әріптес­терін оқыта алады. Білім жетілдіру курстары дәріс және практикалық сабақ түрінде жүргізілді.
Астанамызда 72 сағаттық жүйе негізінде екі апталық оқыту курстары өтуде. Бүгінге дейін тыңдаушылардың жеті легінде шамамен 200-ге жуық адам оқыды. Енді қалған бес лекция тамыздан қарашаға дейін жалғасады. Оқыту барысында сынақтан өте алмай қалған мамандар да кездесті.
Осы уақытқа дейін курс­қа келгендердің 95 пайызы сертификат алды. Біз оқыту барысында сапаға өте мән береміз. Мұғалімдерге сауалнама жүргізіп, олардың латын графикасына деген пікірлерін сұрап, ұсыныс­тарын тыңдаймыз. Бұл курстар елордадағы гуманитарлық колледж бен «Руханият» орталығының базасында ұйымдастырылды.
– Қазір жұртшылық арасында латынша жазуға деген қызығушылық байқалады. Бірақ осыған негіз болатындай көмекші оқу құралдары жарық көрді ме?
– Біз бұл жұмыстарды да назардан тыс қалдырып отырған жоқпыз. Биыл жаңа әліпбиге қатысты бірнеше көмекші оқу құралдары шығады. Алдымен жаңа әліпбимен жазылатын жарнама мәтіндерінің әдістемелік үлгісін әзірледік. Бұл еңбек тамыз айында жарық көреді. Қазір көп мекемелер өз атауларын латын негізді жаңа әліпбимен жазуды қолға алды. Бұл жерде де бірізділік сақталу керек. Біз осы жоба аясында үш әкімшілік аймақтың негізінде – Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысы және Алматы облысындағы Қарасай ауданы мекемелерінің маңдайшаларын жаңа қазақ әліпбиімен жазуға дайындап жатырмыз. Кейбір облыс­тарда бұл процесс баяу жүргізілуде.
72 және 12 сағаттық білім жетілдіру курстарында жаңа жазумен сабақ беретін мұғалімдерге арналған оқу құралы жарық көріп, пайдаланылып жатыр. Алдағы уақытта жалпы жұртшылыққа латын негізді жаңа қазақ әліпбиі мен емле ережені үйренетін әдістемелік оқу құралы жарыққа шығады. Негізінен, бұл көмекші оқу құралдарын шығару біздің жоспарымызда жоқ болатын. Бірақ 6-7 облыс дайындаған оқулықтардың сапасы айтарлықтай болмады. Сондықтан сапасыз­дыққа ұрынбауды ойлап, бір ғылыми-педагогикалық жүйемен әдістемелік оқу құралдарын шығарып отырмыз.
– Жаңа емлеге де байланысты да түрлі пікірлер айтылып қалады. Сіз бұған қалай қарайсыз?
– 1929 жылы Қазақстан Орталық кеңес комитетінің IV сессиясының қаулысымен қазақ тілі латын графикасына көшірілді. Осы кезеңдегі елдің латынға көшу жағдайымен, халықтың білім деңгейімен, көзқарасымен, бүгінгі уақытты салыстыра алмайсыз. Шындығына келгенде, ортақ емле жасау өте қиын. Бұл тарапта қым-қиғаш пікір бар. Кейбір адамдар оны таза қазақ тілінің табиғатына сай емес дейді. Бірақ оның екінші жағы да бар екенін ескерген жөн. Мәселен, қалалықтар, жастар оны қабылдай алмайды.
Мысалы, Ахаңдардың кезінде «в» әрпі айтылмады. Вагонды «багон» деп жазды. Қазір осындай үлгіде беруге көпшіліктің жартысы келісіп, жартысы келіспейді. Сондықтан қалыптасқан тілдік бейнеден ауытқымаған да дұрыс. Дегенмен, біз емле ережедегі алтын аралықты іздеудеміз. Емлені бекітудің созылып жатқаны да осыған себеп болып отыр. Осы сәуірде Алматыда, маусым айында Таразда тілші ғалымдар кездесіп, осы мәселені талқылады. Нәтижесінде, ғалымдардың айтқан пікірлерінің тоқсан пайызы бір арнаға тоғыс­ты. Амандық болса, тамыз айында тағы да кездеседі. Бұл емле ереже әлі талай сынақтан өтіп, түзетіледі деп ойлаймын. Біз былтыр Әзербайжан елінің астанасы Бакуге бардық, олардың латын графикасына көшіру тәжірибесімен таныстық. Бұл елде мемлекеттік тіл мәселесі толық шешілген. Өз ана тілін білмейтін әзербайжан жоқ. Соның өзінде олар төртінші мәрте жаңа емлені қабылдады. Өйткені оқыту және практика барысындағы өзгерістер соны талап етіп отыр.
Алдағы жылы қанатқақты жоба ретінде о-дік сыныптар жаңа әліпбимен танысады. 2021 жылы мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары жаңа жазумен оқиды. Бұл балалар бастауыш сыныпты 2024-2025 жылдары аяқтайды. Осы кезеңде біз емле ережеге тағы ораламыз. Мұғалімдер жаңа әліпбиге қандай да бір дайындық көзқараспен қараса, оған балалар табиғи түрде қарайды. Сондықтан бізге табиғилыққа сүйену керек. 2021 жылы мектепке барған жеткіншектер 2032 жылы оқу бітіреді. Біз осы аралықта үлкен тәжірибе жинақтаймыз. Өмір қабылдамаған нәрселер ысырылып қалады. Бір сөзбен айтқанда, тілдің табиғаты зорлыққа көнбейді.
– Осы жұмыстарды жүргізу барысында қандай да бір түйінделіп қалған мәселелер бар ма?
– Әрине, бар. Қазір кейбір облыстар мен қалаларда Тілдерді дамыту басқармалары жабылып немесе басқа басқармаға қосылып жатыр. Бұл біздің жұмысымызға үлкен кедергі келтіріп отыр. Мысалы, екі миллион халқы бар Алматыда Тілдерді дамыту басқармасы жабылды. Қазір қалалық әкім аппаратында тіл мәселесімен айналысатын үш маман ғана қалды. Дәл осындай жағдай Қызылорда облысы мен Шымкент қаласында да орын алды. Қайта, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары Тілдерді дамыту басқармаларын ұстап отыр. Жаңа реформаны кең көлемде жүргізу үшін біз халыққа тікелей бара алмаймыз. Осы мекемелер арқылы жүргіземіз. Сондықтан біз жоғары билікке аймақтағы Тілдерді дамыту басқармаларын жаппау туралы хат жаздық және Үкімет басшысы қатысатын Ұлттық комиссияда осы мәселені көтерейік деп отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button