Басты ақпаратМәдениет

ТІЛ – ТҰТАСТЫҒЫМЫЗДЫҢ ТІРЕГІ

DSC_5685

Халық пен халықтың қарым-қатынасын арттырып, ұлт пен ұлысты үндестіретін, жалпақ жұртты жақындастыратын, баршамызды бір-бірімізбен байланыстыратын басты құрал – тіл. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов ХХ ғасыр басында «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп кесіп айтқан. Бүгінде қоғамда қордаланып, талайлардың талас-тартысын тудырып жүрген ең үлкен мәселе де осы. Жаһандану дәуірінде салт-дәстүріміздің сәт сайын санада жаңғыруы, тіліміздің уақыт көшінен қалмай, өркениет талаптарына сай дамуы ұлтжанды қауымды алаңдататып отырған мәселелердің бірі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығымен қыркүйектің үшінші жексенбісі «Қазақ­стан халқы тілдерінің күні» деп белгі­ленген. Осыған сәйкес республика көле­мінде қазақ тілін кеңінен насихаттау назарға алынып, жыл сайын Қазақстан халқы тілдерінің фестивалін өткізу дәс­түрге айналды. Елордамыздағы биылғы XVI қалалық тіл фестивальдің ашылу салтанаты 5 қыркүйекте «Астана» ұлттық сурет галереясында өтті.

Бұл шараға зиялы қауым өкілдері, ҚР Парламент Мәжілісінің және Астана қа­лалық мәслихатының депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік мекемелердің, ұлттық-мәдени орталықтар мен «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының, «Қазақ тілі» қоғамының, үкіметтік ұйымдардың басшылары, мектеп оқушылары мен ЖОО-ның студенттері, Астана қаласындағы 68\665 әскери бөлімінің құрмет-қарауыл ротасының сарбаздары қатысты.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін асырып, қоғамдағы рөлін арттыру, қолданыс аясын кеңейту, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған мерекелік концертке Қ.Қуанышбаев атын­дағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театры әртістерінің қатысып, әдеби қойылымдар көрсетті. Бауыр­жан Исаев, Маржан Арапбаева, Жаңабай Өтегенов сынды жас әншілер жиылған жұртшылыққа әсем әуен тарту етті. Сондай-ақ, «Наз» би театрының биші­лері сахнада қазақтың көркем биін мың бұрала билесе, айтыстың ақтаңгер ақын­дары Балғынбек Имашев пен Әсем Ере­жепқызы айтысып, ұлтымыздың ұла­ғатын, жалпы қазақ руханиятының көкей­кесті мәселелерін жырларына арқау етті.

Қуат Қиықбай

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button