Басты ақпаратРуханият

Тілді оқыту төрт деңгейге бөлінеді

Елорда аумағында мемлекеттік тіл мен басқа да тілдерді дамыту, архив қорының құжаттарын сақтау, толықтыру, есепке алу, қорғау мен пайдалану, мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттауды қамтамасыз ету – осының бәрі Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының міндетіне жатады. Бұл жұмыстардың барысы жайында аталмыш басқарманың басшысы Сәкен Есіркеппен әңгімелестік.

– Өзге ұлттарды айтпағанда, қазақ тілін білмейтін қандастарымыздың көп екені жасырын емес. Басқарма тарапынан қазақ тілін оқыту қолға алынған ба?

– Басқарма жанындағы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жыл сайын Астана қаласында ересек тұрғындарға арналған қазақ тілі курсын өткізеді. Курстың ұзақтығы 72 сағатты құрайды. Бекітілген кестеге сәйкес сабақтар аптасына 2-3 рет өтеді. Топтар деңгейлері бойынша бөлінеді: А1 – бастаушы, А2 – базалық, В1 – орташа, В2 – ортадан жоғары. Тыңдаушының деңгейі қабылдау тестінің нәтижелері бойынша анықталды. Курс барысында оқытушылар тыңдаушыларды айтылым және емле нормаларына, қазақ тілінде күнделікті қарым-қатынас жасауға, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуге, терминдерді ресми хаттарда қолдануға үйретуде.

2019 жылдан бастап, яғни соңғы үш жылда қазақ тілі курсын 5803 тыңдаушы аяқтады. Биыл бұл курсты 1500 адам оқыды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлер үшін ағылшын тілін тегін оқыту курсы қарастырылған. Жыл сайын ағылшын тілін оқыту курсына 110 тыңдаушы қатысады.

«Қазтест» жүйесі арқылы мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаймыз. 2019 жылы тиісті тесттен 1123 қызметкер өтті. Пандемияға байланысты келесі жылдары олардың саны азайды. Мәселен, 2020 жылы 190 қызметкер өтсе, 2021 жылы 93 қызметкер өтті.

Қазір елордамыздағы сыртқы және ішкі көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сәйкес­тендіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу үшін тиісті шараларды атқару мақсатында ауқымды жобалар да қолға алынып жатыр. Атап айтсақ, «Қазақ тілі» қоғамымен бірге «Көрнекі» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында орын алған заң бұзушылықтарды қоғам өкілдерімен бірлесе отырып жою жоспарланған

– Кейінгі жылдары елордада ономастика жұмысы жақсы жүргізіліп жатыр. Мәселен, былтыр тәуелсіздіктің 30 жылдығына және тұлғалардың мерейтойларына байланысты көптеген жобалық көше мен нысандарға атаулар берілді. Бұл жұмыс биыл да бәсеңсімеді. Толығырақ өзіңіздің аузыңыздан естісек.

– Астана қаласындағы құрамдас бөліктердің жалпы саны – 1127. Соның ішінде даңғыл – 17, көше – 1110, тасжол – 4. 2021 жылы қаламыздың ономастика комиссиясы 4 отырыс өткізді. Былтыр қала әкімдігінің қау­лысы және қалалық мәслихаттың шешімімен жалпы 51 құрамдас бөлікке атаулар беріліп, қайта аталды. Қала көшелеріне Қазақстанның белгілі қайраткерлері Жұбан Молдағалиев, Роза Бағланова, Хиуаз Доспанова, Қалижан Бекхожин, Ұзақбай Қараманов, Қаршыға Ахмедияров, Күлтегін, тағы басқа есімдер және Ырғайлы, Шилісай, Тұздыкөл, Текелі, өзге де жер-су атаулары берілді. Сонымен №35 мектеп-лицейіне Нәзір Төреқұловтың, №51 мектеп-гимназиясына Мұстафа Шоқайдың, №53 мектеп-лицейіне Бауыржан Момышұлының, №54 мектеп-лицейіне Ақселеу Сейдімбектің, №61 орта мектебіне Қаныш Сәтбаевтың, №67 гимназиясына Ілияс Есенберлиннің, №74 мектеп-гимназиясына Мұқағали Мақатаевтың, №78 мектеп-гимназияға Смағұл Сәдуақасұлының, №86 мектеп-гимназиясына Мұхтар Әуезовтің, №90 гимназиясына Қайым Мұхамедхановтың, Мемлекеттік академиялық филармонияға Еркеғали Рахмадиевтің есімдері беріліп, «Nomad City Hall» театры «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры» деп қайта аталды.

2022 жылы да Астана қаласының ономастика комиссиясының 4 отырыс өткізді. Астана қаласы әкімдігінің қаулысы және Астана қаласы мәслихатының шешімімен жалпы 41 құрамдас бөлікке атау беріліп, қайта аталды. Қала көшелеріне Орал Мұхамеджанов, Сафуан Шаймерденов, Дүкенбай Досжан, Еркеғали Рахмадиев, Александр Сызғанов, басқа да есімдер, Бозоқ, Ботай, Түймекент және өзге жер-су атаулары берілді. Биыл елордамыздың 8 мекемесіне Өзбекәлі Жәнібековтің, Қошке Кемеңгерұлының, Кемел Ақышевтың, Роза Бағланованың, Ермек Серкебаевтың, Дінмұхамед Қонаевтың, Фариза Оңғарсынованың, Ыбырай Алтынсариннің есімдері берілді. Қазіргі уақытта Үкімет жанындағы республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алған ұсыныстар бойынша «Астана қаласының кейбір білім беру ұйымдарына атау беру туралы» жобасы әзірленіп, Үкіметтің қарауына жолданады. Елордамыздың білім ордаларына Талғат Бигелдиновтің, Мағжан Жұмабаевтың, Темірбек Жүргеновтің, Қадыр Мырза Әлидің, Ақжан әл-Машанидің, Тәттімбеттің есімдері берілетін болады.

– Биыл Мемлекеттік рәміздеріміздің қабылданғанына 30 жыл толды. Мерейтой аясында қандай жұмыстар жүргізілді?

– Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай қалалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Елорда аумағында орналасқан түрлі мекемелерде, аумақтық департаменттерде, соттарда және басқа да ұйымдарда «Мемлекеттік Рәміздер – ұлт мақтанышы!» тақырыбында 200-ден астам имидждік іс-шаралар өткізілді. Бұл – ақпараттық сағаттар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, дәрістер, семинарлар, кітап көрмелері, мерекелік концерт, түрлі танымдық сайыстар, сурет пен шығарма байқаулары, жас мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы, авто-мото шеру және тағы басқа шаралар.

Ақпан айынан бастап білім беру ұйымдарында «Менің рәміздерім – менің Отаным!» және басқа да тақырыптарда арнайы дәрістер, дөңгелек үстелдер, пікірталастар, танымал адамдармен кездесулер, патриоттық әндер, суреттер мен шығармалар конкурстары өткізілді. «Тәуелсіздіктің тірегі – жастар» атты авто-мотошеру, «Менің туым – менің мақтанышым!» атты патриоттық флэшмобы, спорттық шаралар ұйымдастырылып өткізілді.

Мамыр айынан бастап көшелер мен алаңдарда, ірі сауда орталықтарында, қоғамдық көліктер мен әуежайда орналастырылған LED-экрандарда Мемлекеттік рәміздер туралы аудио және бейнероликтер көрсетілуде, елорда тұрғындары арасында Қазақстанның туын қолданумен «Менің туым – менің мақтанышым!» атты жаппай челлендж ұйымдастырылды.

Өткен жылдың соңында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай үш мың жалауша автокөлік пен таксилерге таратылған. Биыл да мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына орай мамыр айында «Тіл және Рәміз – Тәуелсіздік жаршысы» атты акция аясында патрульдік автокөліктерге, елорданың негізгі көшелері, ірі сауда орталықтары мен ойын-сауық кешендерінде 3000 жалаушалар таратылды. Қала даңғылдары және негізгі көшелердегі билбордтар мен LED-экрандарға 50 данадан, аялдама пилондарына 50-ден астам тақырыптық құттықтаулар, қанатты сөздер орналастырылды. Сонымен қатар ірі сауда үйлерінде аудио форматта құттықтау жарияланды.

– Елорда мекемелерінде Мемлекеттік рәміздерді қолдану тиісті талаптарға сай ма?

– Елордамыздың білім және спорт мекемелерінде биылғы 3 мамыр-9 маусым және 12 шілде-3 тамыз аралығында мониторинг жасау кестесін бекітіп, тиісті жұмыстарды жүргіздік. Мониторинг уақытында Мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуына, орнатылуына, орналастырылуына назар аударылды. Жалпы 75 білім және 17 спорт мекемесі қамтылды. Мониторинг барысында Мемлекеттік рәміздер туралы заңнама талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, басшылар кабинеттерінде мемлекеттік рәміздерді орналастыру және Мемлекеттік рәміздерге арналған экспозицияларды орнату бойынша ұсыныстар берілді. Берілген ескертулер бойынша мекеме әкімшіліктері тез арада тиісті жұмыстар жүргізіп, аталған кемшіліктерді жойды. Әкімдіктің барлық мемлекеттік мекемелері мен аумақтық департаменттерге Мәдениет және спорт министрлігі ұсынған Мемлекеттік рәміздерді пайдалану бойынша электрондық әдістемелік құрал таратылды.

– Сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттарда қателер кездесіп жатады. Осы мәселені ретке келтіру жағы қалай?

– Биылғы қаңтар айынан бастап қараша айлары аралығында қала көшелеріндегі сыртқы (көрнекі) жарнаманы ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Арнайы жұмыс тобы құрылып, әр аудан және құзырлы мекемелерден жауапты мамандар бекітілді. Бүгінгі күнге дейін төрт аудан бойынша 68 көшеге рейд ұйымдастырылды. Жалпы сегіз ай ішінде 2300-ден аса нысан қаралып, кәсіп иелеріне заң талаптары түсіндірілді. Орын алған заң бұзушылықтар бойынша 1100 аса нысан иелеріне жадынама таратылып, түзетуге ұсынымдар берілді. Заңға қайшы орнатылған 700-ден аса жарнама құрылғылары бірден алынып тасталды.

Қазір елордамыздағы сыртқы және ішкі көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу үшін тиісті шараларды атқару мақсатында ауқымды жобалар да қолға алынып жатыр. Атап айтсақ, «Қазақ тілі» қоғамымен бірге «Көрнекі» жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында орын алған заң бұзушылықтарды қоғам өкілдерімен бірлесе отырып жою жоспарланған. «Körneki» жобасы Қазақстандағы көрнекі ақпарат таралуын реттейтін заңдардың орындалуын қамтамасыз ету арқылы көрнекі ақпараттың сапасы мен санын жетілдіру мәселесіне бағытталған. «Körneki» жобасының мониторинг жұмысы аясында қамтылған нысандар саны – 1691.

Біздің басқарма мен Астана қаласының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы меморандум аясында сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындарының, қызмет көрсету, басқа да нысандар басшылығымен жүйелі негізде кездесулер өткізіледі. Бірлескен кеңестерде тілдер туралы заңнаманың талаптарына сәйкес сыртқы жарнама мен көрнекі ақпаратты орналастыру халыққа мемлекеттік тілде қызмет көрсету мәселелері талқыланады.

Елордадағы «Шапағат», «Гарант Сити», «Джафар», «Тұлпар», «Жаннұр», «Алматы», «Окан Мерей», «Аймақ тау», «Солтүстік», «Хан Шатыр», «Car city» сауда үйлері және «Ұлжан», «Орда», «Шарын», «Әсем», «Сарыарқа», «Көк», «Орда», «Биг-шанхай» сауда кешендерінің базарында онлайн және офлайн форматында 15 жиналыс ұйым­дастырылды. Қаладағы «MEGA Silk Way», «Әлем», «Сарыарқа», «Keruen City», «Шапағат», «Астаналық базар» сауда орталықтарының басшыларына ресми түрде хат жолданды.

Биылғы 20 қазанда біздер Инвес­тициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасымен бірлесіп, елордадағы сауда орталықтары басшыларымен тіл туралы заңнама талаптарының орындалу және бақылау-кассалық машиналар арқылы мемлекеттік тілде берілетін түбіртектер мәселелері бойын­ша жиналыс өткіздік. Кәсіпкерлерге «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бойынша түсіндіріліп, мемлекеттік тілде чектерді шығаруға қатысты хабарлама сипатындағы ұсыныстар берілді.

24 қарашада «Думан», «Rixos Astana», «Sheraton Astana», «Saad», «Alanda», «Radisson», «The Ritz-Carlton Astana», «Ramada by Wyndham Astana», «King Hotel Astana», «Hampton by Hilton Astana», «The St. Regis Astana» басқа да қонақүй басшылары мен өкілдеріне онлайн түрде жиналыс ұйымдастырылды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңының талаптары, соның ішінде маңдайшалар, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттарды заң талаптарына сәйкестендіру, тұтынушыларға мемлекеттік тілде қызмет көрсету мәселелері талқыланды. Кездесу соңында бизнес өкілдері көтерілген мәселелер бойынша сұрақтарына жауаптарын алды.

«Сауда-саттыққа қажетті сөздер жиынтығы» қалта кітапша және «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын түсіндіретін 2000 жадынама әзірленіп, сауда орталықтары мен дүкендеріне таратылды. Алдағы уақытта, аталған жұмыстар өз жалғасын тауып, тіл туралы заң талаптарының орындалуын жүзеге асыру бағытындағы іс-шаралар жалғасатын болады.

– «Архив-2025» бағдарламасын қалай іске асырып жатырсыздар?

– Астана қаласында «Архив-2025» бағдарламасын жүзеге асыру қарқынды жүргізілуде. Қаланың Мемлекеттік архиві елорданың қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірінің маңызды аспектілерін, қоғам мен қаланың, халық шаруашылығының даму кезеңдерін сипаттайтын тарихи оқиғаларды, республиканың саяси және мемлекет қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет, өнер өкілдерінің өмірі туралы құжаттарды сақтайды.

Қазіргі уақытта архивте 728 қор және 395782 сақтау бірлігі бар. Соның ішінде: тарихи қорлар (революцияға дейінгі), әкімшілік құжаттама, жеке құрам, жеке бас құжаттары (жеке қорлар), фотоқұжаттар. Архивтердің толтырылу дәрежесі 95 пайызды құраса, 9 айлық көрсеткіш бойынша мемлекеттік сақтауға мекемелерден 5762 сақтау бірлігі қабылданды.

«Елордалық мемлекеттік мұрағатты дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған стратегиясы» әзірленіп, бекітілді. Қажетті инфрақұрылымы бар толыққанды деректерді өңдеу орталығы құрылды, серверлер орнатылды.

– Астана қаласы Мемлекеттік архивінің жағдайы қалай? Құжаттарды цифрландыру қай деңгейде?

– Бүгінгі таңда Астана қаласының Мемлекеттік архиві толыққанды рес­таврациялық зертханасы бар мұрағаттардың алдыңғы қатарында.

Бүгінгі күні архивте 330 құжат қалпына келтірілді. 1239817 микрофильмге сақтандыру қоры құрылды.

66731 сақтау бірлігінен 5266957 парақ құжаттардың электрондық көшірмелері дайындалды. Цифрлық форматқа көшіріліп, «цифрланған» мөрі басылды. Бұл парақтар санының 7,5 пайызын құрайды. Цифрландыру жұмыстары жалғасуда.

Үкіметтің қаулысымен бекітілген «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия» шеңберінде құрылған Астана қаласындағы қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысына архивтің ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлері тартылды. Қазіргі таңда 1500 сайлау құқығынан айырылған және 2000-нан астам сотталғандар туралы ақпарат зерттелуде. Былтыр жобалық кеңсеге 321 адамды ақтау жөнінде ұсыныс енгізілді, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button