Басты ақпаратЖаңалықтарРухани жаңғыруСаясат

Тілдің байлығы емес, қызметі маңызды

Үстіміздегі жылдың 20 сәуірінде Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешовпен сұхбат жарық көрген еді.

screenshot-2017-05-17-13-38-11

Тіл жанашыры өз кезегінде тілдің жүз мыңдаған байлығының ішінен күнделікті қолданысқа, тұрмысқа, қарым-қатынастың басқа да түрлеріне қатысты етіп іріктеп, тілді үйретуді қолға алғандықтарын айтты. Тілдің байлығы өз алдына, оның қызметін де ойлау керектігін алға тартты. Әлемдік қауымдас­тықта ешкімнің тілдің байлығымен мақтанбайтындығын айтып, оның қызметін арттыруды қолға алу керектігі жөнінде нақты пікірін білдіріп, тәжірибе жүзінде атқарып отырған жұмыстарымен бөлісті. Бұдан өзге осы тіліміздің төңірегінде қордаланып қалған бірнеше мәселеге тоқталды. Сол-ақ екен, жазылған жай жаңғырып, қоғамдық пікір-талас тудырды. Сұхбатымыз Абай.kz ақпараттық порталында, Elarna.com маңызды ақпараттар жариялайтын ақпарат орталығында, 365info.kz сайтында басылып, қоғамдық талқылауға түсті. Оқырмандар редакциямызға қоңырау шалып, өз пікірлерімен бөлісуде. «Ана тілін қайтсек тұралатып алмаймыз?» деп алаңдаған қалың оқырманның бірқатар пікірін жариялауды жөн деп таптық.

Сая НҰР :
Масқара, сонда ғалым-профессорларымыз оқулықсыз дип­лом алып жүр ме? Естімеген елде көп деген?! Бұл білім саласының әбден берекесі кеткен екен. Тілге де, оқулыққа да жаны ашып жатқан адам жоқ…

screenshot-2017-05-17-13-38-18

Нұрлан:
Тақырыбына қарап, шошып кетіп едім. Сөйтсем, өте сауатты көтерілген мәселе екен. Рахмет, сіздерге!. Алдымен қызметін ойлап алғанымыз да жөн-ау бір сәт. Мысалы, өзім жақында ғана ағылшын тілін оқып бастадым. Сонда осындай әдістемелік оқулықпен күнделікті қажет сөздерді үйреніп, ағылшынның қарапайым сөздерімен ғана кітабын оқып жүрміз. Нәтижесі жаман емес. Әдеби тілдерін біліп жатпасақ та, кез келген ағылшынмен еркін сөйлесе алатындай халге жетемін деген ойдамын. Мұның несі жаман? Бергі жағымен ойлап, байбалам сала бермей мәселенің дұрыс жолмен шешілуіне мән берейік те.

Әбу:
Ербол мырза, әңгімеңіз дұрыс, жақсы. Тек есіңізден мынаны шығармаңыз: тіл байлығы жұтаң адамның ойы да жұтаң болады. Яғни тіл байлығын екінші кезекке қою – қате.

Айым Ералиева:
Ербол, аға, сіздің көтеріп жүрген мәселеңіз өте орынды. Көп сөздерімізді басқа ұлттардың санасына бірден сіңіреміз деген ойымыз бізді адастырып келеді. Бұл жерде әңгіме «бай тілімізді қоя тұрайық» дегеннен туындап отыр­ған жоқ. Расында да, алдымен әдістемелік оқулықтарымызды жөндеп өзге ұлт өкілдеріне, ең қасіреті, өзіміздің орыстанып кеткен бауырларымызға тілімізді үйретейік деп отыр. Ербол аға мұны айдан алып отырған жоқ. Әлемдік тәжірибеге сүйеніп айтып, жасап отыр екен. Енді осы бойынша жұмыс жүре берсе, жемісін береді деп ойлаймын.

Алтай:
Ербол мырзамен толықтай келісемін. Өзім ағылшын тілін толықтай меңгере бастағанымда дәл осы мәселеге тірелгенмін. 200 әлде 300 тірек сөздердің тізімін жасау керек, сонда тіл үйрену оңайырақ болады. Және қарапайым нәрселерден бастау керек. Әйтпесе алуан түрлі синонимдер өте көп, оларды үйрену өте қиын. Ағылшын тілінің оқулықтарын қараңыздаршы, қандай түсінікті тілмен жазылған?! Біздегі тіл мамандары шеттерінен жалқау, көкіректері қараңғы, намыстары жоқтай көрінеді кейде. Әйтпесе, 20 жылда тым болмаса бір жақсы оқулық шығаруға болатын еді ғой.

Мәлік Бекарыс:
Ербол мырзаның сөздерінде негіз бар. Тек тілде емес, өмірдің барлық салаларын жүйесіздік жайлап алған. Бар жүйені тас-талқан қылдық, жаңа жүйе қалыптастырылмады.25 жыл мақтанумен келеміз.

!! :
Сіз 137 сөзбен үйретем деп отырсыз. Жаңа ғана Сбербанктен келдім, ішінде бәрі қазақ. Бірақ, шүлдірлеп отыр. Қазақша сұрасам, «не поняла» дейді. Елде бірі өзге тілде өзеуреп отырса, қайдағы жарқын болашақ? «Өз тіліңді білмесең жұмысқа алмаймыз» деп айтса, сонда өздері-ақ қазақша сайрап отырар еді. «Они сами не хотят на своем языке говорить» деп әлдекімдердің айтып отырғанын естіп едім автобуста. Жылайтын жағдай.

sajtov

ОҚУШЫ ОЙЫ

Тіліміздің түндігі қашан түріледі?

Газеттеріңізде жарияланған осы сұхбаттан кейін мен әбден ойландым. Ербол ағаның «Елімізде әлі күнге дейін орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мамандар дұрыс даярланбайды» деген пікірімен оқушы ретінде келісемін. Бұл осы әдістемелік оқулықтардың әлсіздігінен туындап отыр. Қазақтың тіл байлығында шек жоқ. Шұрайлы тілімізбен мақтанамыз, бірақ өз тіліміз өз елімізде өгейдің күйін кешіп жүрген жоқ па? Қазақ қазақпен қазақша сөйлескенде ғана өз тіліне деген құрметін білдіреді, өзінен кейінгіге өнеге көрсетеді. Сол арқылы тілді сақтап, сол арқылы тілді байытып, дамытады.
«Ширек ғасырдай уақыт қазақ тілін үйрету нәтиже бермей келсе, оған тіл саласында жүргендердің де «үлесі» бар деп ойлаймыз. Тіл үйренушінің күнделікті қарапайым қолданысына ең қажетті белсенді лексиканы таңдау сияқты маңызды бастаманы бірлесе атқарудың қамына кіріскені жөн. Сондықтан өзіміз байырғы да бай, бейнелі деп жиі айтатын тілімізді ана тілін білмейтін қандастарымызға, мемлекеттік тілді білмейтін отандастарымызға дұрыс, тиімді жолдармен үйрете алсақ, онда еңбегіміздің ақталғаны» дейді Ербол Тілешов. Расында да, бізде осы бір-ақ жол қалған сияқты. Алдымен осы бағытта ауқымды шаралар жүзеге асса, тіліміздің түндігі түрілетін шығар.
Өзімнің замандастарыма тіл үшін табандылықпен күресуді тоқтатпайық дегім келеді. Біреу саған сұрақ қойса, қазақша жауап бер. Қазақша амандас. Кездескен кез келген адаммен қазақша сөйлес. Әлеуметтік желіде тек қазақша, қатесіз жаз. Бәрін, бәрін қазақша талап етуге толықтай құқымыз бар. Күнбе-күн күресу арқылы ғана біз жеңіске жете аламыз. Табандап тұрып тіресу деген осындай қарапайым нәрселерден көрініс табу керек. Әйтпесе, «тіліміз ондай, мұндай» деп құр байбалам салғаннан барар жеріміз белгілі болып отыр. Солай!

Шыңғыс РАЗХАНОВ,
№66 мектеп-лицейдің
10-сынып оқушысы

ТҮЙІН:

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, осындай мақсатты һәм жүйелі жұмыс елімізде тезірек атқарылуы керек. «Әдістеменің бірінші жұмысы, ол – сөзді саралау. Біз сөзді саралап алмай, үйретуді бастап кеттік» деген Ербол Тілешов пікірінің жаны бар. Сөздер безбенге салынғандай өлшеніп берілгенде ғана алға қойған мақсатымыз орындалуы мүмкін. Қысқа қайырғанда, тіл тұғырын биіктетуге арналған нақты шаралар қабылдау қажет.
Сіз де атсалысыңыз, оқырман! Пікір білдіремін десеңіз, төр – сіздікі!

Гүлжан РАХМАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button