Басты ақпарат

Тілектес Мейрамов: адамда мейірім жоғалып барады

Өнер жолына Алматыдағы М.Әуезов театры төрінен Қозы болып қанат қаққан бозбала актер бүгінде қазақ сахнасының кемеңгеріне айналды. Талай жыл басшылық қызметте жүрсе де, актерлікті жылы креслоға айырбастап кеткен жоқ. Кезінде қазақ сахнасының алыптарынан алған үлгі-өнегесін бүгінгі жастарға жеткізіп, жарты ғасыр ұстаздық етуде. «Адам бойынан адалдықты іздеймін. Барлық қасиеттер содан кейін туындайды» деп жиі қайталайтын әртіс сол қағидасына ғұмыр бойы қылау түсірмей келеді. Алысқа көз тіккен сұлу ойлы сахнагер, профессор, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов­тың жан сарайын ашып, оқырманымен бөлісер сыры да көп.

[smartslider3 slider=2011]

– Сізді актер ретінде жақсы білеміз. Ал адам ретінде ішкі жан сырыңызбен еш жерде бөліспепсіз. Бүгінгі қоғамда адам бойындағы қандай құндылықтар жоғалып барады?

– Бірінші сұрақ бойынша айтсам, көпсөзділіктен қашамын. Сондықтан да шығар жиі ашыла бермеймін. Мен туралы бір әріптесім сұхбатында «құндақтаулы адам» депті. Қасымда жүрген адамдардың өзі менің ішкі жан дүниемді көп біле бермейді. Өйткені сенің әлемің өзіңе ғана керек. Мен ішімдегіні сахнада паш еткенді жөн көремін. Ал екінші сұраққа келсем, адам бойындағы құндылықтардың жоғалып бара жатқанын бәрі айтып жүр. Қазір заман ағымына сай адамда мейірім жоғалып барады. Біз кеңес заманын да көрдік. Қазір үшінші театрымда еңбек етіп жүрмін, кейде қоғамдық көлікпен де жүреміз, сонда байқағаным адамдарда бір-біріне деген сенім жоғалып барады. Оның себебін бәріміз білеміз. Қайталап жатпай-ақ қояйын. Қанша дегенмен біздің кезімізде бауырмашылдық басым еді. Бұл заман осы қалпында тұра бермес. Түзелер. Қазір театрымызда жастар көп. Мен де жас кезімде аға буынның мейірімін көргенмін. Театрдың үлкендері жастарға батасын беріп, мейіріммен қараса, жастар да соған қарай ілтипат көрсетеді. Жалпы алғанда, бізге жылылық жетіспейді. Көз таныс адамдарға амандасасың, бірақ танымайтын адамдар кездесе қалса… Мысалы, менің тұратын үйімде 20 шақты отбасы бар. Сөз қадірін түсінетін өзім құралпы 2-3 адам амандасып жатады. Ал қалғандарының ешқайсысы бір-бірімен амандаспайды. Осы амандасудан-ақ адамның ішкі жан дүниесі белгілі болып тұрады. Америкалықтардың ең басты қасиеті – танысын-танымасын бетіңе тура қарап, күліп амандасатыны. Бізде осы сәлемдесу мәдениеті азайып кетті. Жұрттың бәрі айтып жүр, біреу ақша қуып кетті десе, бірі өмір сүру қиындап кетті дейді. Бәріміздің басымызда бар дүние. Қол қусырып қарап отыруға болмайды. Тірлік жасау керек. Жұмыс істеймін деген адамға бар мүмкіндік жасалып жатыр. Бірақ соны пайдаланбаймыз. Есесіне тек жаманшылықты көруге тырысамыз. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдары өзінің жақшадағы үлесін қатты қосып жатыр. Қай арнаны ашып қалсаң да атыс-шабыс пен өлім-жітім.

Қателікті өз басымнан іздеймін

– «Астананың адамдары суық» деп жатамыз ғой. Мүмкін талай жыл Алматыда еңбек еткендіктен, сол суықты байқаған шығарсыз…

– Жоқ, суық адамдар Алматыда да бар. Адамның мінезі климатқа байланысты емес, өзіне байланысты. Кейде мен қателікті өз басымнан іздеймін. Мен жылы ұшырап амандассам, мен мейірім танытсам, олар да сөйтетін шығар деймін. Жасырмаймын, сыртымнан көрген көп адам «суықсыз» деп жатады. Бірақ сөйлесе келе ондай емес екеніме көздері жетеді. Сондықтан бір жақты кінәлаудан аулақпын. Кейде жасы кіші болса да сол көршілеріме өзім бірінші амандассам қайтер екен деп ойлаймын. Бәлкім, оған да сабақ болатын шығар. Солтүстікте басқа ұлттың өкілдері көп қой, сондықтан да адамдары суық болар. Мен Қарағандыда өскендіктен сондай ортаның әсерін сезіндім. Айталық, бір автобустың ішіндегі елу адамның екеуі қазақ болса, жалтақтайсың. Күнің үшін жалтақтайсың. Сондықтан менің мінезіме осы да әсер етті.

Кеңес өкіметінің кезінде бір проблема айтылса ол шешілетін, шешілмесе себебін айтатын. Қазір ондай жоқ. Айтасың, айтасың – жауапсыз қалады. Болмаса «қаралып жатыр, жоспарда бар» деп құр сөзбен жауап қайтарады

Театрда тоқырау емес, алға жылжу бар

– Қазіргі қоғамдағы сізді алаңдататын бес жағдай?

– Жаңа айтқанымдай, бірінші – адамдардың қарым-қатынасындағы жылылықтың азайып кеткені. Екінші – мені қатты толғандыратын ана тіліміздің бүгінгі жағдайы. Қазақ тілінің аясы тарылып барады. Оны мойындауымыз керек. Биылғы қазақ сыныбына барған балалардың саны былтырғыдан аз екен. Оның себебін қайдан іздейміз? Менің немеремнің өзі орыс мектебіне барды. Өйткені тілі орысша шықты. Сондықтан қиналып қалмасын деп амалсыз орысшаға бердік. Мен үйде өзімше қазақша сөйлеп, үйретуге тырыстым. Бірақ мамандар «Баланы қинамаңыз. Кішкентай кезінде бір тілді ғана меңгермесе, психикасына зиян келеді. Сіз қазақша сұрасаңыз, бала қай тілде жауап берерін білмейді» деп айтты. Оның үстіне тілі жартылай ағылшынша шықты. Әке-шешелері күйбең тірліктен аса алмай жүргенде, теледидардан әртүрлі мультфильмдерді қойып береді екен. Осылайша немерем өзі-ақ шет тілдерін меңгеріп алыпты. Сосын амалсыз қалдық. Бұл – менің басымдағы драма. Ертең күні не болады деп ойлаймын. Мүмкіндігінше қазақша үйретуге тырысып жүрмін. Үшінші алаңдататын мәселе – мәдениетіміздің жағдайы. Шүкір, Үкімет тарапынан әртүрлі қолдау көрсетіліп жатыр. Бірақ әлі күнге дейін театрымыз әлемдік аренаға шыға алмауда. Асанәлі ағамыз жақында берген сұхбатында «Қазақ театры тоқырау үстінде» деп айтыпты. Мен де сол пікірде едім. Бірақ кеше ғана Қарағандыда өткен Ә.Сығай атындағы фестивальден келдім. Өте жақсы әсер алып, жоғары пікірде оралдым. Өйткені театрда жастардың жұлдызы жанып келеді. Яғни тоқырау жоқ, алға жылжу бар. Түптің түбінде сол жастар қазақ театрын дамытады деген үміттемін. Ал алаңдататыны телеарналарда шоулар көбейіп кетті. Кейде «Жоғары жақта болашақ ұрпақты ойлайтын біреу бар ма?» деп ойлаймын. Сол шоулар неге көбейіп кетті. Биліктегілер көрмей ме? Бұл бір жағынан халықты мәңгүрттендірудің амалы. Қай арнаны ашып қалсаңыз да, Тұрсынжан Шапай айтпақшы, «Бір-бір күлкі профилактологиясын ашып алған». Оларға рейтинг керек. Болашақ ұрпақтың түкке қажеті жоқ. Әйтеуір халықтың санасын бір нәрсемен толтыра берсе болды. Мәдениетіміздің алға жылжуына осы жағдайда қол байлау болып тұр. Өйткені арзан күлкіге үйреніп қалған көрермен театрға келіп те соны талап етеді. Ал біздің мақсатымыз бөлек. Халықтың талғамы төмен түсіп кетті. Ертеден қара кешке дейін әнші мен шоуды көре бергенде не болады? Біз күнделікті тіршілікке кіріп кеттік те, рухани әлеміміз бен ізденісімізді ақсатып алдық. Барлығымыз бар кінәні заманға сілтейміз. «Заман сондай, мен не істеймін? Несием бар, жан сақтаумен жүрмін» деп. Жапонияда 4-сыныпқа дейін тек қана ана тілінде оқытады екен. Бізде ол жоқ. Есейіп кеткен баладан біз «ана тіліңді біл» деп қалай сұраймыз? Төртінші – бізде ақшаға табыну басым болып барады. Яғни біз материалдық жағдайымызды рухани жағдайымыздан жоғары қойдық. Ақшаны иманнан жоғары қойған халық ұзаққа бармайды.

Соқыр емеспіз, қоғамдағы бірді-екілі шаралардың нәтиже бермейтінін көріп жүрміз. Бір кездері, әлеуметтік желі шықпай тұрып, қоғамдағы осы мәселелерді қаптап газетке жазып, шешетінбіз. Қазір бұл үрдіс те қалып қойды. Мысалы, «Тамаша» ойын-сауық арнасын жаптырдық. Бірақ ол арнаның өнімдері басқа каналдарда көрсетіліп жүр. Әупірімдеп жүріп «Абай» арнасын аштық. Танымдық бағыттағы қандай керемет арна! Ғабең айтпақшы, біз базардан қайтып бара жатқан адамбыз. Базарға бара жатқандардың жайын ойлауымыз керек. Мен көсемсіп отырған жоқпын. Немеремнің жағдайына қарап айтып отырмын. Оның болашағы не болады? Қазақ болып қала ма? Әлде түрі қазақ, тілі орыс, ойлауы ағылшын дүбәраға айнала ма? Мен осы тұрғыдан айтып отырмын. «Қазақтың қамын ойлаймын» деген пафос­тан аулақпын. Өз мысалымда осындай нәтижеге келдім. Кеңес өкіметінің кезінде бір проблема айтылса ол шешілетін, шешілмесе себебін айтатын. Қазір ондай жоқ. Айтасың, айтасың – жауапсыз қалады. Болмаса «қаралып жатыр, жоспарда бар» деп құр сөзбен жауап қайтарады. Сенің сұрағыңа оңды жауап болмағаннан кейін шара да болмайды.

– «Өмір – театр» дейміз. Өмірдегі рөліңіз сахнадағы қай образыңызға ұқсайды?

– Ешқайсысы. Осында менің жетпіс жылдығымның қарсаңында «Қар үстіндегі көгершіннің ізі» деген бір спектакль қойылды. Қойылым менің өміріме ұқсамайды. Пьесаның мазмұны мүлдем бөлек. Бірақ сол қойылымдағы кейіпкерімнің толғанысы маған жақын. Жақында интернеттен француздың «Әке» деген фильмін көрдім. Сондағы әкенің рөлі мені қатты толғандырды. Фильмнің оқиғасы менің өмірімде болмаған, болмай-ақ та қойсын. Фильм қазіргі қазақ қоғамындағы проблемаларды көрсетеді. Соны сахнаға қалай алып келсек екен деп ойланып жүрмін. Қартайған, әйелі өлген, қызына қарап қалған шалдың тағдыры. Әкесі мен қызы бірін-бірі түсінбейді, бірін-бірі масыл көреді. Осы рөл мені «не істесем екен?» деп толғандырып жүр. Ал менің өміріме ұқсас рөл әлі болған жоқ. Тарихи кейіпкерлерді де, заманауи спектакльдердегі кейіпкерлерді де сомдадым. Табиғатыма жақын рөл әлі болған жоқ. Болатын шығар деген үміттемін.

Актер болу – тәуелді болу

– Бір сұхбатыңызда «актер болғаныма өкінемін» депсіз. Неге?

– Бұл – бір жағы әзіл аралас айтылған ой, бір жағынан шындық. Әзіл үшін кейде «Мен сол зоовет институтын тастамай бітіргенімде қазір зейнетке бір ауданның әкімімен бірдей дәрежеде шығар едім» деп айтамын. Әлбетте, қай жағынан алсам да тұрмысым жақсы болар еді. Шындығында, актер болу – тәуелді мамандық. Өз тағдырыңа өзің жауап бере алмайсың. Тағдырың режиссерге, репертуарға байланысты. Айталық, мен отыз жерден король Лирді ойнағым келсе де, ол театрдың репертуарында болмаса, бола тұра сол рөлде режиссер сені көрмесе, сен ойнай алмайсың. «Маған осы рөл керек еді» деп жалыну менің болмысымда жоқ. Бұл жерде король Лирді мысал ретінде ғана айтып отырмын. Біреулер Гамлетті, біреулер Абайды ойнағысы келуі мүмкін. Маған осынысымен ұнамайды. Менің бұл мамандыққа келуімнің себебі әкем өмір бойы ауыл шаруашылығында жұмыс істеген. Қысы-жазы тек ауа райының қабағына қарап отыратын. Мен соның бәрін көріп өстім. Содан мен әкеме қарап бұлай жүрмеймін, анам­нан дарыған әншілік жолға барайын деп кетіп, актер болып кеттім. Ал актерліктің мұндай тәуелді мамандық екенін білгенде аяқ баспас едім. «Шабыт» өнер университетінде төрт жылда бір рет курс қабылдаймыз. Мен абитуриент кезінен жастарға «Айналайын, жолама» деп айтамын. Егер маған бір кездері біреу осылай айтса, мен жоламас едім. Кейбіреулер тыңдап кетіп қалады. Кейбіреулер түседі. Сахнаны бір-екі басып, шымылдықтың иісін көрген адам ешқашан театрдан кете алмайды. Бірақ әркімнің тағдыры әртүрлі. Біреу бірден көзге түсіп ойнап кетеді, біреу уақыт өте келе ашылады, енді біреу мүлдем ашылмайды. Осы тұрғыдан келгенде солай деп айтқаным рас. Мен кіріптар болуды ұнатпайтын адаммын. Осы уақытқа дейін бірде-бір бас­тықтың есігіне бармағаным да сондықтан. Досымның аздығы да осы себепті шығар. Тыныш жүргенді жақсы көремін.

«Ақырзаманның» авторы – Рахымжан

– Қаламнан алыс емессіз. Кезінде Р.Отарбаевпен бірге «Ақырзаман», «Дүниеғапыл» пьесаларын жаздыңыз. Аудармаларыңыз да бар. Болашақта кітап жазу ойыңызда бар ма?

– Бар. Бірақ соның орындалатынына өз басым сенбеймін. Жаңа айтқанымдай, мен ешкімнен ештеңе сұрай алмайтын адаммын. Менің ең үлкен кемшілігім де осы шығар. Ал пьесаға келетін болсақ, Рахымжанның аруағынан ұят болмасын, «Ақырзаман» – Отарбаевтың өз қаламынан туған дүние. Мен тек соны алып, театрға лайықтап, сөзіне қиянат жасамай, бір-екі сахнасының орнын ауыстырдым. Сосын бірнеше кейіпкерге жазушының рұқсатымен сөз қостым. Сол кездерде біраз өмірден баз кешіп жүр едім. Ішімдегі қыжылды сол күйі кейіпкерлердің аузына салдым. Авторлығым сонымен ғана шектелді. Кейбір жерде пьесаны Отарбаев екеуміз бірігіп жазды деген жаңалық тарап кетіпті. Екіншіден, сол пьеса жоғалып кетті. Қазіргі ең үлкен өкінішім сол. Рахымжанның көзі тірі кезінде бірнеше режиссерге ұсынып көрдім. Олар дауаламады ма, түсінбеді ме – қойғылары келмеді. Айтары мол пьеса еді. Рахымжан қазақтың сөзінен қой өргізген жазушы еді. Ерте кетті. Тілі сондай құнарлы, оқиғасы шымыр еді. Пьесаның сюжетін білсем де, тілін қалпына келтіру мүмкін емес. Ал «Дүниеғапыл» повесін «Жалын» журналынан оқып, Рахымжанды іздеп жүріп тауып, инсценировка жазайыншы деп рұқсат сұрадым. Таныстығымыз содан басталды. Кейін Әуезов театрында қоюға рұқсат алдым. Бірақ күйбең тірліктің кесірінен мен таңдаған актерлердің басы қосылмады. Ол пьеса да жоғалып кете жаздап, былтыр бір жинақтан тауып, сақтап қойдым. Ал енді жазу мәселесіне келсек, бұл – маған жиі қойылатын сұрақ. Мен 7-8 пьеса аударыппын. Көбі қойылған жоқ. Өйткені мінезімнің жоғынан да шығар «осы аударманы сахналайық» деп ешкімге өтініш айтпаппын. Естелік кітап неге жазбайсыз деп жатады. Турасын айтайын, жалқаулықтан шығар. Уақыт та, жағдай да бар, бірақ мен жазған дүние қаншалықты қажет? Менің шындығым басқаға өтірік болып көрінеді. Өйткені біз қандай оқиғаға да өз тұрғымыздан қараймыз. Жарнама роликтерге түсіңіз деген ұсыныс жиі түседі. Мен бәрінен бас тартамын. Өйткені бүгін кір жуатын ұнтақты жарнамалап, ертең театр сахнасында Абайды ойнасам оған кім сенеді? Көрерменге не сыйым қалады? Сондықтан өнер адамдарының бойындағы жауапкершілікті бағалаймын. Сондықтан да шығар көп сериалдардан да бас тарттым. Ондай танымалдылықтың маған керегі жоқ.

– Әріптесіңіз Талғат Теменовтің сіз жайлы «Үндемес» деп эссе жазғанын білеміз. Өмірде осы мінезіңіздің пайдасын көп көресіз бе, әлде зиянын көп көресіз бе?

– Зияны көптеу. Табиғатым солай болды ма, тәрбием солай ма, көп сөйлемегендіктен ортадан қалып қоятын кездер болады. Айтарыңды айтпай бүгіп қалатын кездер болады. Жалпы мен төңірегіне дос жинай алатын, кештің гүлі болатын адамдарға қызығамын. Бірақ ондай қасиет бітпегеннен кейін зардабын көп шегіп келе жатырмын. Адамның көңіліне қараймын. «Басқаша түсініп қалар ма екен» деп айтарымды айтпай, бүгіп қаламын. Көп жағдайда үнсіз қалуға тырысамын. Ашуға атымен жоқпын. Бәрін ішіме сақтаймын. Сыртқа сирек шығарамын. Адалдықты пір тұтамын. Барлық кісілік қасиет адалдықтан туындайды. Ең бастысы осыны ұмытпауымыз керек.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button