Оқырманнан он сұрақ

Тілектес МЕЙРАМОВ, ҚР Халық әртісі: АКТЕРЛЫҚ ЖАМАН БОЛСА, ҚЫРЫҚ ЖЫЛ САХНАДА ЖҮРЕМІН БЕ?…

– Сіз Ғабит Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер театрын басқардыңыз. Өзіңізді режиссер ретінде сынап көрдіңіз бе? Көргіңіз келе ме?

Сымбат МОЛДАТАЙ, студент

– Жасөспірімдер театрының басшылығына баруым мен үшін күтпеген, тосын жағдай болды. Рас, 90-жылдардың басында сондай бір ұсыныс болған, шынын айтсам, жүрексіндім. Қалай болған күнде де ол театрдағы жұмысымды табыссыз деп ойламаймын. Бас-аяғы төрт-бес жылда театр репертуары түбегейлі өзгерді, екі жыл қатарынан республикалық фестивальдердің Бас жүлдесін иеленді, ең бастысы, театр ғимараты күрделі жөндеуден өтті.

Билік қолда тұрған соң ба, режиссер болып үлкен сахнада спектакль қоюдың да орайы сол кезде келді. Т.Ахметжанның «Тазша бала» атты пьесасы болатын. Режиссура дегеннің мүлде басқа мамандық екеніне сол кезде тағы да бір көзім жетті, әйтсе де ол қадамым сәтсіз болмаған тәрізді, соған қарап тағы сыналып көруге қарсылығым жоқ, егер ұзақ жыл жинаған тәжірибемді ескеріп, сондай ұсыныс түсіп жатса. Мақтанды демессіз, әйтсе де жоғары деңгейінен спектакль қоя алатыныма сенімдімін. Осы Астанадағы орыс театрының басшылығына бір пьеса ұсынып көріп ем, аяқсыз қалды-ау деймін.

– Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың жаңа ғимараты болады деп естіп едік, ол салынып жатыр ма, салынса қай жерде орналасқан?

Арай САҒАТ, жас маман

– Ол қуанышты хабарды бәріміз де естігенбіз, алайда құрылыс жұмыстары әзірге басталған жоқ. Қай жерден салынатынын да біле алмадым. Дегенмен, қала әкімі Иманғали Нұрғалиұлы уәдесіне берік жан екені баршаға белгілі, сондықтан ол қуанышты күн де алыс емес деп ойлаймын.

– Қаллеки театрына келу себебіңіз?

Айнұр ҚАСЫМОВА, музыка пәнінің ұстазы

– Жалпы, мен Астанаға сол кездегі қала басшыларының шақыртуымен Жастар театрын ашысуға келгенмін, бірақ уақыт өте театр әкімшілігімен бірлесіп қызмет істей алмайтыныма көзім жеткен соң, ол жерден өз еркіммен кеттім. Дәл сол тұста Қалибек Қуанышбаев атындағы театрдың басшылығына Алматыда ұзақ жыл тәжірибе жинақтаған Еркін Жуасбек келді. Сол Еркін мырзаның шақыруымен, әрі мамандығымнан қол үзбейін деп келдім.

– Жуырда өткен Оралдағы фестивальден «Ең үздік ер адам рөлі» үшін марапатталғаныңызды естідік. Құттықтаймыз. Бұдан өзге де қандай мықты рөлдеріңізбен байқауларға қатысқан едіңіз?

Асылхан ҚОСДӘУЛЕТОВ, әскери маман

– Бұдан бұрындары Әкемтеатрда ойнаған біраз рольдерім осылай бағаланған. Мәселен, Шыңғысхан, Еділ-патша, ал қырық жылдай қызмет істеп жүріп республикалық дәрежедегі фестивальге актер ретінде бірінші рет қатысыппын. Әрі аса қадірлі, бәріміз ұстаз тұтатын Әзірбайжан Мәмбетовтің тойына арналған байқауда жүлде алғаныма мақтанамын. Сонымен бірге, бұл жүлде осы спектакльдің, ондағы қатар ойнаған әріптестерімнің, бүкіл театрдың ортақ жеңісі екендігін қадап айтқым келеді.

– Өзіңіз белгілі актерсіз, «Халық әртісі » деген атағыңыз бар. Осындай атақты алу үшін неше жыл керек? Ауылда мәдениетке үлес қосып жүрген адамдар ылғи елеусіз қалады. Оларға осындай дәрежеге жету үшін не істеу керек? 

Нұрқан ҚАЙЫРҒАЛИЕВ,  мәдениет қызметкері

– Сіздің айтып отырғаныңыз «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ болу керек. Менің білуімше, оған ие болу үшін жұмыс өтілі емес, нақты бір салаға қосқан қомақты үлес, сіңірген еңбегіңіз қажет. Рас, ауыл түгіл, облыстық театрларда қырық жыл еңбек етіп, өнердің ыстық-суығына төзіп, репертуардың бүкіл жүгін көтеріп жүрген актерлердің де еңбегі тиісті дәрежеде бағаланбай жатыр. Бұл турасында осы жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде де айтып өттім. Менің ойымша, бар кінә сол лайықты адамды көрмей немесе көргісі келмей жүрген театрдың, мәдениет басқармасының басшыларында, қала берді сол ұсынысын жоғарғы жаққа жеткізе алмай жатқан облыс әкімдігінде. Ал  Мәдениет қайраткері » деген – бір кезде Мәдениет министрлігі тағайындаған төсбелгі, оған ұсыну тәртібі мен шарттарын сол жақтан анықтап білуге болады.

– Қазақ театрларының болашағы бар деп ойлайсыз ба? Оларға неге көрермен аз келеді? Бұл театрлардың әлсіздігінен бе, әлде қоғамның енжарлығынан

ба?

Бақыт ТҰРСЫНЖАНҚЫЗЫ, журналист

– Әрине, бар. Әйтпесе, азабы алты емес, алпыс батпан актерліктің керегі не? Ал көрерменнің аздығы екі жаққа бірдей болса керек. Рас, кезінде қазақ қауымы түгіл бүкіл Одақты дүр сілкіндірген «Ана – Жер – Ана», «Қан мен тер», «Ваня ағай» сияқты спектакльдердің сахналанбай жатқанын мойындаймыз, бірақ марқұм Әзекеңдей ұлы режиссердің сирек туатыны да ақиқат. Солай дей тұрғанмен, көрерменнің театрға деген ынтасы төмендеп кеткені де жасырын емес, әйтпесе, 700 мыңдай тұрғыны бар Астанадан күніне театрға келетін 500 көрермен табылмайды дегенге ешкім сене қоймас. Сондықтан қазіргі кідірісті уақытша, үлкен сілкіністің алдындағы күш жинау деп сабырмен, түсіністікпен қабылдап, ертеңімізге үмітпен қарағанымыз абзал.

– Жас әртістерді қалай тәрбиелейсіздер?

Құрманғазы СҰРАҒАНОВ, мұғалім

– Қай саланың да ертеңі жастар екені белгілі ғой. Шүкір, қазір қазақ ұлттық өнер университетінде болашақ актерлерді даярлайтын үлкен факультет бар. Онда елімізге белгілі Г.Әспетова, А.Омар, Л.Бекназар-Ханинга, т.б сабақ береді. Әрқайсысының өз шеберханасы, өз тәсілі, ерекшелігі бар дегендей… Ал бәрімізге ортақ бір нәрсе – біз ең кәсіби деңгейі жоғары маман даярлаумен қоса, егеменді, тәуелсіз еліміздің ертеңіне лайық, ұлттық өнерімізді алға сүйрейтін жан-жақты білімді, білікті азамат тәрбиелеп шығаруға көп көңіл бөлеміз.

– Қазіргі классикалық туындылардың сапасы әлсіреп кетті деген сөзге келісесіз бе? Тым заманауи дүние жасаймын деп режиссерлер тұғырдан тайып жатқан жоқ па?

Мәрия АЙДАРБАЕВА, студент

– Нақты мысал болмаған соң, бұл сұраққа бірыңғай «иә» немесе «жоқ» деп жауап беру қиын. Рас, классиканы бүгінге лайықтап қойғысы келген біраз режиссердің (театрдың да) мүлт кетіп, сүрініп жатқанын білеміз. Жалпы, өз басым классикалық дүниеге, әсіресе, ұлттық классикаға орынды-орынсыз қол сұға бергенді құптамаймын. Сол Әзекең қайшыламай, қидаламай-ақ «Қарагөзді», «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды», «Қобыландыны » заман талабына сай қойғаны белгілі, сол кісінің тәжірибесінен үлгі алсақ болмас па? Ал Қаллеки театрының өткен маусымда қойған «Гамлеті» мен «Ақан сері-Ақтоқтысын» тәуір дүниелер қатарына жатқызар едім..

– Сіздің ең сүйікті рөліңіз?

Әрсен АЛМАТҰЛЫ, оқушы

– Бәрі бірдей ыстық. Менің ең сүйікті рольдерім мүмкін әлі алда шығар деп ойлаймын.

– Қалай ойлайсыз, театрды басқарған жеңіл ме? Әлде актер болған жақсы ма?

Қуат ҚҰРМАНСЕЙІТ, баспагер

– Солтүстіктегі көршілерімізде «Театр – бірыңғай улы жыландардың ордасы» деген тіркес бар. Әншейін әзіл үшін айтқандары болар. Құдайға шүкір, қазақ театры ондай кеселден аулақ. Сонда да болса кілең «сен тұр, мен атайындардың» басын қосып, бір мақсатқа жұмылдыра білу, әрқайсысымен тіл табысу, қажетін өтеп, көңілінен шығу, бас-басына рөл тауып беру, т.т. бұл тұрғыдан алғанда, әлбетте оңай емес. Ал егер төңірегіңде өзіңмен ниеттес, пікірлес, ортақ мақсатқа бір көзбен қарайтын режиссерлерің, қамшы салдырмас сенімді актерлерің болса, онша қиын да емес деп ойлаймын. Өз басым Қаллеки театрын сондай ұжым деп білемін. Ал актер болу жаман болса, қырық жыл бойы неге жүрмін мен?!

Шынар ӘБІЛДА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button