Мәселе

Тілге қажеттілік болмаса, бәрі бекер

Айтыла-айтыла жауыр болса да, мемлекеттік тіл мәселесіне әредікте бір айналып соғып тұратын әдетіміз бар. Соңғы уақытта қазақ тілін үйренуге сұраныс уақыт өткен сайын артып келе жатқанын мойындау қажет. Бұл тенденция тек өзге ұлт өкілдерінің арасында ғана емес, өз қаракөздеріміздің тарапынан да құлшыныс барын аңғартады. Мұны біз әңгімеге тартқан полиглот, Астанадағы тіл үйрену орталығының жетекшісі Владислав Тен де растап отыр. Elorda.info тілшісіне берген сұхбатында ол тіпті өзге ұлт өкілдерінің 3-6 айда қазақ тілін меңгеріп кете алатынын айтып, көңілімізді көтеріп қойды.

Демек, қоғамда қалыптасқан «қазақ тілі – әлемдегі ең қиын тілдің бірі» деген тұжырым миф болғаны ғой? Көкейге келіп қалған осы сауалға Владислав: «Айналдырған 3 айдың ішінде кез келген адамды бастапқы деңгейде қазақша сөйлетуге болады» деп сенімді әрі кесімді жауап берді. Ендеше осы елде ондаған жыл бойы ғұмыр кешіп жатса да, әлі күнге бір ауыз қазақша тіл сындыра алмағандарды қайда қоямыз? «Бұған бір-ақ сөзбен сақ еткізіп жауап беру мүмкін емес» дейді сұхбаттасымыз. Мәселенің тамырын тарқата түспесе, түбінен түсіну қиын екенін біз де бағамдай қойдық.

Владислав Тен – көрші Өзбекстан мемлекетінің тумасы. Мамандығы – дәрігер. Ташкенттегі медициналық институтты бітіріп, он жылдай терапевт, гастроэнтеролог, эндоскопист болып қызмет еткен.

Осыдан 10 жыл бұрын Астанаға отбасымен көшіп келген кезде қазақ тілінде ләм-мим сөйлемеген көрінеді. Бірақ өзінің әдепкі ыждаһаттылығына салып, тіл меңгеруді бірден қолға алған. Өзгенің көмегіне жүгінбеген, өз бетімен тіл меңгеретін арнайы әдістемелік құрал жасап, соның игілігін көріпті.

– Қазақ тілін үйренуді бастаған уақытта өзіме аудиоматериал­дар арқылы жасанды тілдік орта жасап алдым. Себебі менің айналамда бұл тілде сөйлейтін жан баласы болған жоқ. Аудио­материалдарды шамамен бір жылдай тыңдаған соң, қазақша былдырлап тілім шыға бастады. Сондай-ақ тыңдаған сөздерді ауызбен айтуға дағдыландым. Тыңдаудан бөлек, түрлі жанрдағы кітаптарды да көп оқыдым, – дейді Владислав Тен.

Тіл үйренудегі нөмір бірінші қағида, міне, осындай екен.

– Тіл үйренушілерде ортақ бір кемшілік бар: олар грамматикамен тым әуес болып, ерінбей ереже жаттай береді. Сосын «үйрене алмадық» деп салы суға кететіні – заңдылық. Кез келген тіл миға көзбен емес, құлақпен кіреді, – дейді кейіпкеріміз.

Кез келген тілді үйрену үшін тілдік орта қажет екенін алты жасар бала да білетіні даусыз. Ал тілдік орта болмаса ше?

– Егер қазақ тілді орта болмаса, онда құлаққаппен радио немесе аудиоподкасттар тыңдап, тілдік ахуалды өзіңіз қалыптастырыңыз. Мен өзім білетін тілдерді осы жолмен үйреніп алдым. Мамандығым дәрігер болған соң, ми қызметінің жұмысын жақсы меңгергенмін. Мидың қандай жолмен тілді тиімді үйрене алатынын да білемін. Ең тиімді жол – үнемі есту, тыңдау. Есту қабілетін дамыту. Себебі жаңа тіл құлақпен кіріп, миға әсер етеді. Бастысы, әрдайым тыңдап жүруді әдетке айналдыру керек, – дейді В.Тен.

Тілдік орта жоқ деп ақталатындар шын ынта-ықыласы болса, «жасанды» орта жасап алуға қазіргі техниканың күші де, құдіреті де молынан жетіп тұр. Шүкір, тыңдаймын деген адамға интернетте қазақша аудио, видеоматериалдан көз сүрінеді. Қазақтың айтатын «құйма құлағы» тіл үйренуге таптырмас қасиет екенін осындайда тағы бір түйсіне түсеміз.

Жә, мұны құп делік. Ал енді осының өзі тіл үйренуге жеткілікті болғаны ма? Жоқ, әрине. Ендігі мәселенің төркіні тіл үйрететін жарытымды әдістемелердің жоқтығында көрінеді. Ал тілді сапалы әрі тиімді үйрететін мұғалімдердің саны бар, сапасы жоқ.

– Тіл курстарын айтпағанда, мектептердің өзінде мұғалімдер балаларға қазақ тілін жақсы түсіндірмейді. Менің 2 балам бар. Екеуі де орыс тілді. Мұғалімдер түсіндіре алмағандықтан, үлкен ұлыма тілді өзім үйретіп жүрмін. Ұстаздар тілді білмейді емес, керісінше, өте жақсы біледі. Алайда мәселе сол әдістемеде болып тұр, тілдің грамматикасын балаларға ұғынықты, дұрыс түсіндіре алмайды, – дейді Владислав.

Бұған тағы келіспеске лаж жоқ. Сұхбаттасымыздың айтуынша, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін шет тілі ретінде, екінші тіл ретінде үйрететін әдіс-тәсілдермен түсіндіру керек. Яғни кез келген ұлттың өкіліне солар түсінетін тіл арқылы түсіндірудің тиімділігі мол. Ал қазіргі ұстаздардың кемшілігі – олар үйренушілерге қазақ тілді оқушыларға арналған әдістемені қолданады. Міне, сол себепті тіл үйренушілер бірін түсініп, бірін түсінбейді.

– Өзге ұлт азаматы ретінде мен қазақ тіліне сырттай қарай аламын. Тіпті тілдің ерекшелігін жақсы білемін десе де болады. Мәселен, орыс тілділерге «сөйлеп отырмын», «айтып жатырмын», «жаңбыр жауып тұр» деген сөз тіркестерін ұғындыру оңай емес. Мен адамдарға қазақ тілін орыс не ағылшын тілдері арқылы түсіндіремін, – дейді В.Тен.

– Егер үйренем деген ­махаббат пен мотивация болса, қазақ тілі – өте оңай тіл. Қай тілді үйренсеңіз де, сол тілді жақсы көру қажет. Өз тәжірибемнен айтатын болсам, мен қазақ тілін корей, ағылшын, өзбек тілдерін меңгергенім секілді махаббатпен үйрендім. Көбірек сол тілде аудиоподкасттар тыңдау қажет. Кемінде 300-ге жуық ең көп қолданылатын сөзді білуі керек. Тіл үйренетіндердің тағы бір кемшілігі – олар сол тілде сериалдар мен жаңалықтар көрмейді. Тіпті қазақстандық әншілерді білмейді, олардың әндерін тыңдамайды.

Сабина КӘКІМЖАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button