Елорда тынысы

Тілі де, ділі де бір

Қазақ ұғымында наурыз айы құт-берекенің, жақсылықтың айы саналады. Халқымыз бұл айда амал мерекесін тойлап, әз-Наурызды қарсы алып, жақсы тілектер тілейді. Ата-бабамыздан жалғасқан осы бір дәстүр тәуелсіз Қазақстанда да өз жалғасын тауып, амал, наурыз мейрамдарын еліміздегі басқа этнос өкілдері де тойлап келеді.

Жақында Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ ұйым­дастыруымен «Ырыс алды – ынтымақ» атты іс-шара өтті. Отбасылық тәрбиенің үздік үлгілерін дәріптеу, этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді құрметтеп, қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын көңілге тоқып, жүрекпен түйсініп, күнделікті тұрмыста қолдануға, отбасындағы ұл-қыздарына осы тәлім-тәрбиені сіңіріп, отбасы құндылықтарын сақтай отырып, мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін ұғынуға насихаттау мақсатында өткізілген бұл шараға бас қаладағы армян, орыс, күрд ұлттарының өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында өзге ұлт өкілдері наурыз көже дайындап, көрісу дәстүрін атап өтумен қатар, қазақ салты бойынша баланың тұсауын кесіп, шашу шашып, бата берді.

Күрд ұлтында тұсаукесер салты жоқ. Бірақ ұзақ уақыт қазақ халқымен бірге жасап келе жатқан этнос өкілдеріне қазақтың бұл дәстүрі жат емес. Сондықтан да амал мерекесі күні Айлазовтар әулетіндегілер Салимнің ұлы Саладиннің тұсауын ақын, жазушы филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазыға кестіріп, атасы Сульхадин Айлазов ақ дастарқанға қазақ салты бойынша бата берді. «Қазақстан сынды ұлы шаңырақ астында берекелі тұрмыс кешіп жатқан барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілді біліп, мемлекет құрушы тұлғалық ұлт – қазақ халқымен біте қайнасып, оның салт-дәстүріне құрмет етсе, еліміздегі барлық ұлттың берекесі бекемделе түсер еді. Бүгінгі мынау күрд ағайындар сияқты қазақ дәстүрін біліп, оны құрметтеп жатса, ол да берекенің белгісі болмақ» деді С.Дүйсенғазы.

Соңынан армян, орыс ұлтының өкілдері де мемлекеттік тілде ән шырқап, өлең оқып, қазақтың биін билеп, мереке ажарын кіргізді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button