Жаңалықтар

ТІЛСІЗ ЖАУ ТІЗГІНДЕЛДІ

Астанадағы «Байқоңыр» тұрғын үй кешенінен өрт шықты. Тілсіз жау туралы хабарлама елорданың өрт сөндіру қызметіне сағат түнгі 2.12-де түскен. Өрттің 5-қабаттан 9-қабатқа дейінгі кабельді шахтада шыққаны анықталды. Соның салдарынан 5-20 қабаттар аралығы түтіндей бастаған. Оны сөндіруге 63 маман мен 9 техника жұмылдырылды. Со­нымен қатар, жедел жәрдем қызметі 2 кісіге медициналық көмек көрсетті. Ал 150-га жуық кісі эвакуацияланды. Өрт сағат 2.35-те ауыздықталды.


Ішкі істер министрлігіне қарасты Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұловтың айтуынша, оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілерге ауланың кіреберісіндегі автокөліктер едәуір кедергі жасаған. «Адамдарды жоғары қа­баттан көшірудің керегі болған жоқ. Егер сондай қа­жеттілік туа қалса, өрт сатысын ішке алып кіру шарт. Иін тірескен көліктердің кесірінен саты ғимаратқа сол бойы өте алмады. Мұн­дай сәтте, амал жоқ, өрт сөндірушілер салмағы 25 келілік құралдармен жоғары қабаттарға қарай жүгіреді. Осыдан кейін өртті ұзақ уақыт сөндірді деген әңгіме таратады кейбіреулер. Сондықтан халық төтенше жағдай кезінде өзін-өзі ұстау мәдениетін дамытуы тиіс» дейді комитеттің ресми өкілі.
Бұдан бөлек, кеше елор­дадағы Байтұрсынов көше­сінде орналасқан 24 қабаттық «Мыңжылдық саябағы» тұрғын үй кешенінің ғима­ратында да өрт шықты. Онда пластикалық бұйымдар, пенопласт және электр кабелі жанған. Аумағы 30 шаршы метрге дейін жайылған өрт 20 минуттың ішінде сөндірілді. Оған 21 маман мен 5 техника тартылды. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.

Ботагөз ИКРАМОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button